Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов жетекшілік еткен кеңес отырысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ел ішінде кеңінен насихаттау жұмыстарының жай-күйі талқыланды. Сонымен қатар басқосуда сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев жақында ғана өз мәресіне жеткен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарынан хабардар етті.
«Біз күні кеше ғана Мемлекет басшысының қатысуымен ауқымды жиын өткіздік. Онда қоғамда қызу талқыланып, қатаң таразылау арқылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» анықталып, елге жария етілді. Аталған жоба аясында біз арнайы жол картасын әзірледік. Нәтижесінде, келер жылы осы үздік жүздікке енген адамдарға арналған 100 теленовелла жарыққа шығады деген сенімдемін. Мұндай бастама жөнінде алдағы уақытта толығырақ айта жатармыз», деген министр Мемлекет басшысының айрықша назар аударуына орай, жүз жаңа есімнің қатарында жобаға қатысқан 2 100 адам да назардан тыс қалмайтындығын атап өтті.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үздіктерін таныстыру шарасы кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жалпы тізімге қанша адамның тіркелгенін сұрады. Мен 2 100 адам екенін атадым. Сол сәтте ол осы 2 100 адамның барлығын да назардан тыс қалдырмай, елге үлгі ету қажеттігін айтты. Сондықтан біз бұл адамдардың жастар алдында сөз сөйлеп, ашық сабақтар мен кездесулер өткізуін құптап, жоспар құрудамыз», деді Д.Абаев.
Кеңес отырысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын кеңінен насихаттау бағытында атқарылып жатқан шаруалар жайында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі баяндады. Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел газеті – «Егеменде» жарияланған бағдарламалық мақаласында алға тартылған мақсат-міндеттер мен талаптарды кеңінен түсіндіру бағытында бас басылым жүйелі әрі жоспарлы жұмыстарды қолға алды. Бұл жерде ең басты айта кететін мәселе – Мемлекет басшысының осы мақаласының ең алдымен «Егемен Қазақстанда» жарық көруі газеттің мерейін асырып, оқырман алдындағы беделін биікке көтергені. Мақаланы дүние жүзінің белді ақпарат құралдары «Егеменнен» көшіріп басты. Яғни бүкіл дүние жүзі «Егемен» арқылы Елбасының мақаласынан бірінші рет құлағдар болды. Сәуір айынан қараша айына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша – 540, білім саласына қатысты 300-ден аса мақала жарияланды. Бұлардың басым бөлігі елдегі зиялы қауым өкілдері мен ғалымдардың ой-толғаулары, пікірлері», деді Д.Қыдырәлі.
Ал «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетов болса, «100 жаңа есiм» жобасына дауыс беруге 342 мың адам қатысқанын айтты. «Жалпы жоба аясында сайтымызда 2 112 өтiнiш iрiктелiп, жарияланды. 15 қазанда басталған онлайн дауыс беруге 302 үмiткер өткен болса, бiр айға жуық уақытта 342 мың қазақстандық дауыс беруге атсалысты. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткiш Тараз қаласының тұрғындарының санына тең. Жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесiнде 102 үмiткер iрiктелiп, 1 желтоқсан күнi Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге қатысты», дедi Е.Кочетов.
Оның айтуынша, «100 жаңа есiм» жобасы бойынша жұмыс ендi басталды. Алдағы уақытта жоба қатысушылары туралы кiтаптар, брошюралар шығарылып, деректi фильмдер түсiрiледi. Сондай-ақ олардың қатысуымен түрлi кездесулер мен жиындар ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»