Медицина • 06 Желтоқсан, 2017

Ақтөбе Аспанасты еліне жақындай түсті

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялаған Жолдауында Үкіметке ел экономикасына инвестиция тартуда Қытай Халық Республикасының мол мүмкіндіктерін пайдалана білу керектігін тапсырған еді.  

Ақтөбе Аспанасты еліне жақындай түсті

Экономиканы тех­но­ло­гиялық тұрғы­дан тұғыр­ландыру үшін бұдан кейінгі кезеңде Қазақстан мен Қытай мемле­кеттері басшылары арасында «Бір белдеу – бір жол» атты жобаны жүзеге асыру бел­гіленген болатын. Осыған орай Ақтөбе облысының әкі­мі Бердібек Сапарбаев Қы­тай астанасы Бейжіңде жұмыс сапарымен болып, соның нәтижесінде өңір мен қытайлық компаниялар арасында бірнеше келісімге қол қойылды.

Ақтөбе облысының ау­ма­ғы мұнай, газ конденсаты секілді стратегиялық ши­кізат көздері мен өзге де та­­биғи қазба байлықтарға бай. Бұл жайт ең бірінші кезең­де өңірдің ресурстық-шикі­заттық артықшылығын көр­сетеді. Өз кезегінде бұл фак­тор «Бір белдеу – бір жол» жобасының іске асуы­на өнеркәсіптік негіз болады. Әрі аймақтың инвестициялық әлеуетінің мол екенін танытады. Тек ресурстық фактор ғана емес, сонымен бірге өңір­дегі өндірістік фактор­лар да инвестицияның көбі­рек құйылуына қолайлы екен­­дігі бейнероликтер арқы­лы қытайлық компания жетек­шілеріне таныстырылды.

Бұған қоса оларға облыс экономи­ка­сының ба­сым секторлары мен негіз­гі ин­вес­тициялық жобалар тура­лы жан-жақты әрі толық ақ­парат берілді, тиісті анық­та­ма­лықтар ұсынылды. Мұндағы көрсетілген жоба­лар­дың ең ірісі Қарғалы ау­данындағы болат және шойын түрінде дайын өнім шыға­ратын кен металлургиялық кешені болып отыр. Оның жалпы құны 1 миллиард 276 миллион АҚШ долларын құрайды. Кешеннің жобалық қуаты жылына 1 миллион тонна өнім өндіруге есептелген.

Өңір басшысының Бей­жіңге жұмыс сапары барысында қытайлық корпорация­мен табиғи газдан полиэтилен және полипропилен өндіретін зауыт құрылысы жөніндегі меморандумға қол қойылды. Атал­ған инвестициялық жобаның жалпы құны 4 мил­лиард АҚШ долларына тең. Жо­баны екі кезеңмен жүзеге асыру белгіленген. Соған сәй­кес жылсайын та­биғи газдан 1,8 миллион тонна метанол және екі кешенді қондырғысы бар 300 мың тонна полиэтилен әзірленбек. Зауыт құрылысы аяқталған кезде 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады деп күтілуде. Болашақтағы зауыт өнімдерінің негізгі өткізу нарығы Қытай мен Қазақстан және өзге де мемлекеттер болмақ.

Тараптар жобаны тал­қылау кезінде қазақстандық ма­мандарды әзірлеу мәсе­леле­ріне де көңіл аударды. Сонымен бірге Қазақ­стан Республикасының Эколо­гия­лық кодексі мен осы бағыт­тағы өзге де заңдық-құқық­тық нормаларды сақ­тау қажеттілігі жөнінде түбегейлі бай­ламдар жасалды. Айта кетерлік бір жайт, Ақтөбе облысының әкімі Берді­бек Сапарбаев қытайлық компания бас­қар­ма басшысының төрайымы Чжан Цзюньмен кездесуі кезінде өңірдегі калий тыңайтқышы өндірісіне байланысты мәселені өте өткір қойды.

Жобаны жүзеге асыруда ілгерілеушілік байқал­май­ды. Жер қойнауын пайдала­ну­шылардың келісімшарттық міндеттерді орындаудағы қызметтері өте сылбыр. Мұндай көрініс қайталана берсе, біз келісімшартты бұзу мәселесін күн тәртібіне қоя­мыз деп, қадап айтты өңір басшысы. Бұған жауап ретінде Чжан Цзюнь айтылған сын-ескертпеден тиісті қоры­тынды шығарылып, калий тұзын өндіруде мұнай саласында қолданылатын ең соң­ғы үлгідегі технология ен­гізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам эколо­гиялық теріс әсерлерді мей­лінше азайтуға да септігін тигізбек.

Сондай-ақ Қазақстанның КХР-дағы елшілігі мен «Қаз­инвест»ҰК және Ақтө­бе облысының әкімдігі бір­ле­сіп ұйымдастырылған инвес­тициялық мүмкіндікті ұлғайту мәселесіне арналған сапар қорытындысында Қытай астанасы Бейжіңде Ақтөбе облысының инвестиция тарту және экспортты дамыту жөніндегі өкілдігі ашылды. Осыған байланыс­ты өткізілген бизнес-фо­румға Қытайдың 150 компаниясы қатысты. Өкілдіктің атқа­ратын басты қызметі мен мақ­саты жөнінде өз пікірін Б.Сапарбаев газет тілшісіне былайша жеткізді:

– Мұндағы басты мақсаты­мыз екі мемлекет ара­сын­дағы «Бір белдеу – бір жол» бағдар­ла­масына орай қытай­лық ірі бизнес өкілдері мен кәсіпкер­лерге өңірдегі ин­вес­тициялық мүм­кін­діктерді толық әрі жан-жақты таныстыру болатын. Осы ойымыз орындалды. Өкілдік өңірге инвестиция тарту ауқымын одан әрі кеңейтуге ықпал жасай алады деген ойдамыз.

Сондай-ақ келешекте өңірде өндірілген өнімдер Қытайға экспортталуы үшін де тиісті алғышарттар жасалды. Осыған орай қытайлық кәсіпорындарды ынталандыру жолдары белгі­ленді. Өкілдік бұл істерге де одан әрі қозғау сала бермек.

Ақтөбе облысының әкімі Б.Са­п­ар­баев­тың Қытайға жұ­мыс сапары барысында инвестиция­лық жобаларды жүзе­ге асыруға байланысты өз­ге де бірнеше келі­сім­шарт­тар түзілді. Бұлардың ара­­сында темір рудаларын қайта өңдеу, өндірістік қал­дық­тарды кәдеге асыратын элек­тр бекеті құрылымын тұрғы­зу секілді жобалар бар. Ауыл­ша­руашылық өнімдерін өндіру мен көлік-логистика қыз­метіне қатысты және «Ащы­сай» титан-цирконий кен ор­нын игеруге байланысты құрылыстар да осы қатарда.

Түйіп айтқанда, Ақтөбе облысы мен ҚХР арасында алты меморандумға қол қойылды. Оның жалпы құны 6,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.

АҚТӨБЕ

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»