Бокс • 06 Желтоқсан, 2017

Римма Волосенко: Арманым – Олимпиада чемпионы атану

599 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде ерлер боксымен қатар қыздар боксы да қарқынмен дамып келеді. Оған бұрымды аруларымыздың Олимпия ойындары, әлем және Азия чемпионатында жүлде алып дәлел. Солардың қатарында астаналық боксшы – Римма ВОЛОСЕНКО да бар. Жақында ол мұнайлы елдер арасында өткен бокстан әлем кубогында топ жарды. Осыған орай, Римманы жүлдесімен құттықтап, аз-кем әңгімелескенді жөн көрдік.

Римма Волосенко: Арманым – Олимпиада чемпионы атану

– Римма, сұрағымызды жуырда ғана аяқталған Азия чемпионатынан бастасақ. Сарықұрлық біріншілігіне қанша уақыт дайындалдыңыздар?

– Азия чемпионатына жоғары деңгейде бару үшін өте ұзақ уақыт әрі  тынымсыз дайындалдық. Әуелі Қытайда сол елдің боксшыларымен бірге оқу-жаттығу жиынына қатысып, спаррингтік кездесулер өткіздік. Себебі, Азиядағы біздің басты қарсыластарымыз осы Қытай боксшылары еді. Ал жалпы физикалық дайындығымызды Алматыдағы AIBA бокс академиясында шыңдадық. Чемпионатқа соңғы дайындығымызды Астанада пысықтап,  Вьетнамға сапар шектік. Құрама боксшылары Вьетнамға өте жоғары дайындықпен барды деп айта аламын.

– Азия чемпионатындағы алғашқы кездесуіңізде оңтүстіккореялық қарсыласыңыздан тең дәрежеде өткен кездесуде жеңіліп қалдыңыз. Төрешілер сізге қиянат жасады деп ойламайсыз ба?

– Жалпы, бокста мынадай сөз бар. Егер төреші рингте сенің қолыңды көтермесе, онда сен ол кездесуде жеңілгеніңді мойындауың керек. Сондықтан төрешілер туралы ештеңе айта алмаймын. Спорт осынысымен қызық. Бірде жеңесін, бірде жеңілесін. Ал мен осы кездесуде кейін жіберген қателіктерімен жұмыс істеу, келесі бәсекелерде жеңіске жету үшін дайындығымды екі есе арттыру керектігімді түсіндім.

– Кездесуден соң сізге ұлттық құрама бапкерлер не айтты?

Әрине, бұл жеңіліс мен үшін де, жаттықтырушылар үшін де оңайға  соқпады. Азия чемпионатына тек алтын медаль алып, еліміздің әнұранын шырқатамын деп барып едім. Дегенмен, бапкерлерім жекпе-жек көңілдерінен шыққан айтты. Сондай-ақ олар еңсемді түсірмей, алдағы уақытта көп жаттығу істеу керектігін айтты.  

– Жалпы спорттың бұл түріне қалай келдіңіз? Бокспен шұғылдану қыздарға қиын емес пе?

– Бокс маған бала кезімнен ұнайтын. Әкем екеуіміз теледидардан үнемі кәсіпқой бокстың жекпе-жектерін тамашалайтынбыз. Сөйтіп менің боксқа деген қызығушылығым артып, бокс үйірмесіне жазылуға ниеттендім. Алайда, ауылымызда тек волейбол секциясы ғана бар екен. Қалаға келгенге дейін ауылда волейбол спортымен айналыстым. Кейіннен, колледжге оқуға түсіп, бокс залына жазылдым. Міне, сол уақыттан бері боксты жаныма серік етіп келемін. Меніңше, бокс спорты қыздарға қиын емес сияқты (күліп).

– Сіздің пікіріңізше, елімізде қыздар боксының деңгейі қай дәрежеде?

– Қазақстанда қыздар боксының деңгейі өте жоғары. Ерлер дәрежесіне жетпесек те, соған жетеқабыл деп есептеймін. Өйткені, қазіргі ұлттық құрамада жүрге боксшы қыздардың арасында халықаралық дәрежедегі, Қазақстан республикасына еңбегі сіңген спорт шеберлері өте көп. Сондай-ақ, бірнеше дүркін әлем және Азия чемпиондары, Олимпия ойындарының жүлдегерлері де бар. Қазіргі таңда бокстан Қазақстан қыздар құрамасы әлемнің кез келген құрамасына лайықты қарсылық көрсететінін және олар да біздің боксшылармен санасатынын сеніммен айта аламын.

– Келесі жылы қандай ірі додаларға дайындалып жатырсыз?

– Азия чемпионатынан соң ұлттық құрама бапкерлері бізге жаңа жылға дейін демалыс берген болатын. Бірақ, демалыс екен деп аяқты кеңге созып жатпай, күнделікті жаттығу залына барып жүрмін. Ал қаңтар айында толық жаттығуға кірісіп, ел біріншілігіне дайындалатын боламыз. Қазақстан чемпионатынан кейін 2018 жылғы Азия ойындарына және әлем біріншілігіне кімдер баратынын анықталады. Бұйырса, ел чемпионатында топ жарып, халықаралық жарыстарға қатысып қана қоймай, еліме жүлде әкелгім келеді.

– Карьераңыздағы ең жарқын жеңісіңіз қайсы?

– Азия чемпионатынан кейін жеке бапкерім Берік Маржықпаевпен бірге ресейдің Белоярск қаласында өткен мұнайлы елдер арасында өткен әлем  кубогына қатысып, топ жардым. Осы жеңісім арқылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Карьерамдағы ең жарқын жеңісім деп, осы жетістігімді айтар едім. Бұл жеңісті мен ешқашан ұмытпаймын. Мұнайлы елдер арасындағы жарысты бұрын Қазақстаннан Марина Вольнова ғана жеңген болатын. Енді мен де мұнайлы өлкенің чемпионы болдым. Әрине, бұл жеңіске бір өзім жеттім деп айта алмаймын. Азия чемпионатындағы сәтсіздігімнен кейін жеке бапкерім Берік Маржықбаев мені бірден осы жарысқа дайындады. Ол кісі менің тек бапкерім емес, ақылшым әрі жанашырым. Осы орайда мені осындай дәрежеге жеткізген Берік Борамбайұлына өз алғысымды білдіргім келеді.

– Қазіргі таңда ерлермен қатар қыздар да дендеп кәсіпқой боксқа ауысып жатыр. Сізде кәсіпқой боксқа ауысы ниет жоқ па?

Шынында да, қыздар арасындағы кәсіпқой бокс та қарқынды дамып келеді. Дегенмен, кәсіпқой боксқа ауысу туралы әлі ойланып көрмеппін. Менің қазіргі басты арманым – Олимпиада чемпионы атану. Токиодағы Жазғы Олимпия ойындарына барып, елімізге алтын медаль алып келуді қатты армандаймын.

 

Әңгімелескен, Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»