Жиын барысында Нұрлан Ноғаев Сəлімжан Нақпаевқа атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, жаңа қызметте табыс тіледі.
Əкімнің жаңа орынбасары болып Нұрсəуле Сайлауова тағайындалды, оның кандидатурасы Президент əкімшілігімен келісілген. Нұрсəуле Сайлауова əлеуметтік саланың дамуына жауапты болады. Ал бұған дейін ол қызметті атқарған Əлібек Нəутиев енді ауыл шаруашылығының дамуына жауапты. Актив барысында екі орынбасар да аймақ басшысынан нақты тапсырмалар алды.
Нұрсəуле Сайлауованың педагогика саласында екі жоғары білімі бар, "Болашақ" халықаралық білім беру бағдарламасының стипендиаты.
Педагогика ғылымдарының докторы, "Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының" академигі.
Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде аспирант болып бастаған. 2011 жылы Алматы қаласындағы 167 мектепте психолог болды. 2002-2008 жылдары Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде түрлі лауазымдар атқарды. 2008-2012 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің педагогика, психология жəне өнер факультетінің деканы, 2012-2013 жылдары жастар орталығының директоры, 2013-2014 жылдары мектепке дейінгі жəне бастауыш білім беру кафедрасының меңгерушісі болды. 2014-2015 жылдары Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы, 2015 жылдан күні бүгінге дейін Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы қызметін атқарды.