Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2017

ШҚО-дағы Малеев кенішінде «Pitram» инновациялық жобасы іске қосылды

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустрияландыру күніне арналған жалпыұлттық телекөпір барысында Шығыс Қазақстан облысында екі бірдей жобаның тұсауы кесілді. Оның бірі - «Казцинк» ЖШС-не қарасты Зырян кен байыту кешенінің Малеев кенішінде іске қосылған «Pitram» инновациялық жобасы. 


ШҚО-дағы Малеев кенішінде «Pitram» инновациялық жобасы іске қосылды

Аталған жобаны жүзеге асыру кеніштегі басқару үдерісін біршама оңтайландырады деп күтілуде. Атап айтқанда, нысан аумағында жедел байланыс орнатып қана қоймай, жер астындағы құрылғылардың ақаулығы туралы нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жаңа жүйе, сонымен қатар, жауапты тұлғаларды шахтадағы жұмыс барысынан құлағдар етіп отырады. Бұл өз кезегінде технологиялық үдерісті үйлестіріп, ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай туғызбақ. Ұтқыр персонал мен құрылғыларды басқарудың автоматты жүйесі көптеген техникалық жабдықтардан құралған. Мұндай жүйені енгізудің негізгі мақсаттарының бірі – кеніштегі қызметкерлердің жүріп-тұруын онлайн режимде бақылау мүмкіндігі. Арнайы құрал кенші лампасының батареясы мен өзге құрал-саймандарына жалғанып, қауіпсіз радиотолқындар арқылы адамның қай жерде жүргені туралы дәлме-дәл ақпарат береді.

«Біз «Казцинк» бөлімшелерін техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қабылдап қойдық. Бұл жоспарға жеті инновациялық жоба кіреді. Оларға тартылатын инвестиция мөлшері 12 миллиард теңгеден асады. Оның бірі төртінші өнеркәсіптік революция элементтерінен құралғанын айта кеткен жөн. Яғни, «Pitram» жүйесі мен «SIC» концепцияларын енгізу арқылы Малеев кенішінің операциялық жұмысын автоматтандыру. Жобаның жүзеге асырылуы 2018 жылдың наурыз айына дейін аяқталуы тиіс. Осындай жұмыстың нәтижесінде еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары іске қосылған заманауи кеніште көп тармақты ақпараттық жүйе пайда болмақ. Бұл өз кезегінде кеніштегі жұмысты басқару үдерісін жеңілдетіп, нысандағы қауіпсіздік шараларын одан сайын күшейте түседі деп күтілуде. Осының бәрі цифрлық технологиялардың арқасында мүмкін болып отыр», – дейді «Казцинк» ЖШС-нің бас директоры Юрий Гусев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы