Ашығын айту керек, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мемлекеттің және елдің әр азаматының хал-ахуалын жақсартуға арналған үлкен бағдарламалық құжат болып табылады. Оның мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Мұнда мемлекеттік салаларға тек Ұлт жоспарындағы басты міндеттерді орындап қою ғана емес, жетістікке қарай жасалған әр қадамның нақты жемісін қарапайым адамдар көруге тиістілігі қозғалды. Әр қадамның орындалуы – дамудың, көркеюдің көрінісіне айналды. Сөйтіп бағдарламаның көздегені көңілден шықты деп толық айта аламыз. Ал «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, Ұлт жоспарының орындалған қадамдарының нәтижесі көңілден шығып жатқаны баса айтылуда.
Мәселен, қазіргі күнде әр адам өз кәсібін дөңгелетуі тиіс. Ал кәсіптің несібесін көру үшін әр кәсіпкер алаңсыз қызмет ете алуы керек. Міне, осы орайда заңның үстемдігі адал еңбек етемін, оның қызығын көремін дейтін адамдарға ауадай қажет. Бір сөзбен айтқанда, меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісім-шарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігі қамтамасыз етілуі қажет. Ол қалай жүзеге аспақ? Жалпы, заң үстемдігі дегенде біз нені басшылыққа аламыз? Әрине, Негізгі Заң – Конституцияның орны бөлек. Онда жазылғандай, адамның құқықтары мен бостандықтарын заңды түрде қорғай білу, адамды қадірлеу, оны ең қымбат қазына деп білу қажет. Бұдан шығатын қорытынды, заңның үстемдігі адамның меншік құқығымен, жеке кәсіпкерлік қызметімен, яғни оның іс жүзіне асуымен ұштасуы тиіс. Сонда жеке кәсіпкерлік нәтижесі мемлекеттің экономикалық дамуына дем береді. Ал бұл адамдардың, елдің жалпы әл-ауқатының артуына, мемлекеттің экономикалық жағдайының жақсаруына жол ашады. Мемлекет басшысы Ұлт жоспарындағы заңның үстемдігі туралы айтқанда, осы мәселені алға қойғаны анық.
Ендеше адамның жеке құқы мен заңды меншік құқы нақты қорғала алатын жағдайда адам бостандығы сақталатындығы айқындалып, бұл қазақстандық құқықтық жүйенің салтанат құруының бір белгісі болмақ. Ал азаматтар мен ұйымдардың, кәсіпкерлердің құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау және оны қамтамасыз ету сот жүйесінің міндеті болып табылатындығы жоғарыда айтылған Ата Заңымызда жазылып тұр. Демек, заң үстемдігінің салтанат құруын іс жүзіне асыру барысында соттардың рөлі де, орны да бөлек. Бұл орайда, алдымен, судьяларға жүктелер жауапкершілік үлкен.
Сондықтан судья болып тағайындалмас бұрын оған үміткер адам құқықтық жағынан дамыған елдердегі қатаң тәжірибе тәртібіндей күрделі әрі көп сатылы сынақтардан өтеді. Мәселен, судья түйіні қиын мәселелерді шеше алатын білікті де білімді маман болып келуі керек. Сол үшін де Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының құрамына енетін Сот төрелігі институтында жоғары заң білімін беру мекемелерінің судьялық қызметке лайықты түлектерінің арнайы екі жыл білім алуы көзделген болатын. Енді бұл институт академия құрамынан шығарылып, Жоғарғы соттың жанында жұмыс істейді. Магистранттар мұнда екі жылдық білім алады. Сосын бір жыл соттарда тағылымдамадан өтеді. Сынақ мұнымен шектелмейді. Түлек соттарда тағы бір жыл сынақ мерзімінен өтеді. Сөйтіп магистранттар судья болып тағайындалғанша білім де, нақты сот тәжірибесін де жинап алады. Міне, мұндай судьялар қатаң іріктеу мен озық оқыту үлгісінен өткеннен кейін адам құқын қорғауда әрқашан заң үстемдігін жоғары қоятындығы сөзсіз. Өйткені Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы көзделген меже де осы болатын.