Әрине, соншама көрерменнің алдына шығып, сахнадан өлең оқу оңай тимегені анық. Бұл жолы Жансая ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Соқыр ана» монологін таңдапты. Негізінен шара жазушы Ғабиден Мұстафиннің туған күніне орайластырылып өткізілді. Мұндағы басты мақсат – жазушының шығармаларын барынша насихаттау. Сонымен қатар шетел және отандық әдебиетшілердің шығармаларын барынша танымал ету.
Әлемдік мәдениет құндылықтарына құрылған поэзия кеші де сәтімен өтіп, көрермен көңілін жадырата түсті. Аталған жарысқа еліміздің әр өңірінен орта және жоғары оқу орындарының 135 студенті қатысқандығын ескерсек, аталған шараның қаншалықты тартысты өткендігіне көз жеткізуге болады. Сондай-ақ үшінші орынға ие болған Еркегүл Жакенова да Щучинск қаласындағы педагогикалық колледж студенті болып табылады. Ол Мұхтар Шахановтың «Отырар» поэмасынан үзінді оқып, тыңдармандарын тәнті етті. Аталған оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақылбай Теміров ағынан жарылып былай деді: «Осындай шара өткізу өз Отанына деген құрмет пен сүйіспеншілікті оятады, әрбір баланың бойында тұлғалық сипат қалыптасуына, Қазақстан жастарының шығармашылық әлеуетін ашуға оң ықпал етеді. Сонымен бірге отандық тарих пен әдебиетке қызығушылығын арттырып, көркемсөз өнеріне және қойылым қоюға баулиды». Шынында да бұл сайыс жастарды жарыстырып ғана емес, табыстырған әдемі поэзия мерекесіне айналды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы