Театр • 07 Желтоқсан, 2017

Рүстем Есдәулеттің құрметіне ескерткіш мүйіс ашылды

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемендегі облыстық драма театрда осы мәдениет ордасын биік белеске көтерген талантты режиссер, ақын, актер Рүстем Есдәулетті еске алу кеші өтіп, шара барысында өнер иесіне арналған ескерткіш мүйіс ашылды.

Рүстем Есдәулеттің құрметіне ескерткіш мүйіс ашылды

Небары отыз бір жасында жарық жұлдыздай жарқ етіп, өмірден ерте өткен тұлғаның кеуде мүсінінің қос қапталынан суреттері мен марапаттары, әйнек сөреден ол  туралы жазылған мақалалар, естеліктер мен өзінің қолжазбалары орын алыпты. Ескерткіш мүйістің лентасын ақын, жазушы Әлібек Қаңтарбаев пен марқұмның әпкесі Бағдат Оразбайқызы қиды. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деп жазылған. Ендеше біз Рүстем Есдәулеттей дарынымызды дәріптеп, ұрпақ жадынды қалдыруға тиіспіз. Рүстем бауырымыздың театр өнерінің дамуына қосқан үлесі зор. Жас та болса бас бола білген оның спектакльдері республикалық қана емес, халықаралық додалардан сан мәрте жүлде алып келді», – деді театр директоры Дінмұхамед Ұябай ескерткіштің ашылу салтанатында.

Бұл күні Жастар театрының актерлері облыс орталығындағы өнер ордасының қазақ труппасын басқарған 7 жылда 25 қойылым сахналаған талант иесінің өлеңдерін оқыды. Кеш соңында режиссердің төл туындысы «Атымды адам қойған соң...» қойылымы көрермендер назарына ұсынылды.

 Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН