Қарамашы, қадамашы көзіңді!
(Ет жүрегім темір емес төзімді)
Ұшқын едім – жанып кетсем күйдірер
Ая мені, ая, сәулем, өзіңді?!
Ойлашы өзің, ойлашы өзің, ақылдым?!
Үнсіз ғана мені қайда шақырдың?
Терең сырлы көздеріңнің түбіне
Бірте-бірте батып бара жатырмын...
Жаудыратпа мөлдір қара көзіңді,
Ая мені, ая, сәулем, өзіңді!
Жан түбінде, ұйықтап жатқан арыстан,
Боларсың мерт, оятпашы сезімді!
Ойлашы өзің, ойлашы өзің, ақылдым!
Үнсіз ғана мені қайда шақырдың?
Тыныш еді, неге дауыл тіледің?
Неге мені тұңғиыққа батырдың!..
Жұмағали Саин