ОЛ – СУ РЕТТЕГІШ ҚАНА ЕМЕС, ӨҢІР ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ
Соңғы жылдары әлемдегі су проблемаларының өршуіне байланысты мемлекеттерді тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелері ұлттық қауіпсіздік проблемалары шегінде қарастырылады. Қазақстанды сумен қамтамасыз ету проблемасының өзектілігі бар су ресурстарының шектеулілігімен, оларды аумақ бойынша әркелкі бөлумен, уақыт шегіндегі елеулі өзгеріспен, трансшекаралық өзендер сулары ластануының жоғары деңгейімен сипатталады. Келешекте шекаралас мемлекеттер аумақтарынан өзен ағысының қысқаруына, сондай-ақ климаттық тұрғыға орай жергілікті ағыс ресурстарының азаюына байланысты республиканы сумен қамтамасыз ету жағдайының шиеленісуі мүмкін. Өзен ағысының ресурстары өзгеруінің мүмкін салдары Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына және экологиялық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді. Елімізде экономиканы, оның ішінде су шаруашылығы саласын түбегейлі реформалау тұрақты сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешуге ерекше талаптар қояды.
БҰҰ-ның қорытындысы бойынша, тұщы сумен қамтамасыз ету ХХІ ғасыр адамзатының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бүгінгі күні әлемде су тапшылығынан 2 млрд. адам зардап шегуде. 2015 жылға қарай су тапшылығына әлем халқының тең жартысы, ал 10 жылдан кейін ғаламшар халқының үштен екі бөлігі (5,0 млрд.) душар болады. Су қарқынды түрде ең тапшы табиғи ресурстардың біріне айналуда. Ол тауарға айналып, халықаралық рынок қалыптасты. Осы жүзжылдықты «су проблемаларының ғасыры» деп атауға болады.
Болжамдарға сәйкес 2025 жылға қарай әлем халқының саны 8,3 млрд., ал 2050 жылы шамамен 10-12 млрд.-қа дейін жетеді. Қалыптасқан тенденцияларды ескере отырып, алдағы 50 жылда су жетіспеушілігімен немесе су объектілерінің ластануымен байланысты проблемалар ғаламшардың әр мемлекетіне түрлі дәрежеде әсерін тигізеді. Бұл ретте жаһандық су проблемаларының шиеленісуі әлемнің көптеген өңірлері мен елдерінің азық- түлікпен қамтамасыз ету және экологиялық қауіпсіздік жай-күйіне көп дәрежеде әсер етеді. БҰҰ-ның қолдауымен әзірленген ХХІ ғасырдың күн тәртібінде су – адамзаттың орнықты дамуының кілті болып табылатындығы көрсетілді.
Трансшекаралық суларды басқарудың қиындығы, ол шекаралас елдердің әртүрлі табиғи жағдайлары, экономикалық дамуы, заңнамасы, саяси бағыты, салааралық мүдделері бойынша анықталады.
Су ресурстарына қолжетімділікті арттыруды қамтамасыз ету және су шаруашылығының көптеген проблемаларын шешуге ықпал ете отырып, климаттың жаһандық және өңірлік өзгеруі жағдайында су жүйелерінің табиғи режімінің қайта құрылуы бір мезгілде кең аумақтардың табиғаты мен шаруашылығына бірқатар ұнамсыз жанама, кей кезде жойқын апаттық өзгерістер енгізеді. Әрине, ол қоғамдастықты алаңдатпай қала алмайды.
Шекаралас елдермен трансшекаралық бассейндердегі су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді мемлекетаралық келісімдердің болмауы суды пайдаланудың ұлттық бағдарламаларын негіздеу кезінде түсініксіз жағдайлар туындатады. Сараптамалық бағалау бойынша, трансшекаралық ағысты төмендету есебінен республикада су ресурстарының жылына 100,5 текше метр көлемінен 2020 жылға қарай жылына 75 текше метрге дейін төмендеуі мүмкін. Бұдан өзге трансшекаралық ағыс шекаралас елдердің шаруашылық қызметі нәтижесінде республикаға айтарлықтай ластанып және табиғи режімі бұзыла отырып келеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 14 қарашадағы Жарлығымен мақұлданған Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасында тіршілік етудің барлық салаларында орнықтылыққа қол жеткізудің қағидаттары, мақсаттары, міндеттері және негізгі тетіктері айқындалған. Бұл ретте Қазақстанның жағдайларында табиғи ресурстардың және экожүйелердің трансөңірлік сипатын ескеретін басқарудың экожүйелік (бассейндік) қағидатын ендіру ұсынылған. Бассейндік қағидат бойынша ұйымдастырылған орнықты экожүйелік дамудың 8 аймағы анықталған. Олар: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай, Шу-Талас. Басқарудың бұл құрылымы Қазақстанның орнықты дамуына қол жеткізуде су ресурстарының жүйе құрушы маңызды рөлін көрсетеді.
Сырдария су шаруашылығы жүйесі қуаң аумақтардың ағынсыз бассейндеріне тән схема бойынша дамып жатыр. Суларының елеулі құламалылығымен сипатталатын өзен бассейнінің бас жақтары гидроэнергетикалы басымдықты дамыту аймағы болып табылады. Негізгі ирригациялық жер қоры шоғырланған бассейннің орта және төменгі учаскелері суармалы жер өңдеудің қарқынды дамуының аймағы болып есептеледі. Шектес теңіз акваториясы бар өзен атырауы балық шаруашылығы мен мал шаруашылығын жүргізудің аймағы ретінде саналады.
Бассейнде су ресурстарын қолдануда кейбір типтік салааралық қайшылықтар да бар. Біріншіден, өзен ағысы режімі энергетика мен ирригация талаптарына қайшылығымен сипатталады. Ирригация ауылшаруашылық дақылдарын суару үшін вегетациялық кезеңде судың аса шығындалуын қажет етеді, энергетика – жылдың суық мезгілінде ең үлкен электр жүктемесі кезінде ГЭС-тегі электр энергиясын молынан өңдеу үшін қажет.
Орталық Азия мемлекеттері іс-қимылдарының үйлестірілмеуінен 1992 жылдан бері Нарын-Сырдария каскады – Токтогул су торабы басты элементінің жұмыс режімі ирригациялықтан артық энергетика өндіруге бағытталды, ол су торабы Қырғызстан аумағында орналасқандықтан осы ел мүдделеріне тиімді болды.
Екіншіден, бас жағындағы және сағадағы тұтынушы пайдаланатын өзен суы сапасының әртүрлілігімен сипатталады. Бұл ретте сағадағы су тұтынушы мен бас жақтағы су тұтынушы өзен ағысының ластануын болдырмауға барынша мүдделі, ал соңғысы табиғи су ағынын коммуналдық-өнеркәсіптік ағыстар коллекторы және суармалы далалардан қайтатын су ретінде пайдалануға ниетті.
Сырдария өзені өз бастауын Нарын және Қарадария өзендерінің түйісуінен Ферғана алқабынан алады және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанның аумақтары арқылы ағып өтеді. Өзеннің түйісу орнынан құйылысына дейінгі жалпы ұзындығы 2212 км., су жинау бассейнінің ауданы – 219,0 мың шаршы км. Қазақстан аумағы бойынша өзеннің ұзындығы – 1680 км., бұл оның жалпы ұзындығының 78%-ын құрайды.
Қазақстан шегінде өзен бас жағында 3 ағынды қабылдайды (Келес, Құрықкелес, Арыс өзендері). Бұдан әрі өзен құйылысында кең ауқымды атырауды құрып, ағыны жоқ аймақ бойынша ағады, кейін Арал теңізіне құйылады. Сырдария бассейнінің ағысы 93%-ға өзендердегі және ағындардағы бес ірі және оншақты ұсақ су қоймаларымен реттелген.
Арал теңізінің бассейнінде Қазақстан ауданы 343 мың шаршы км. 2,6 млн. халқы бар Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстары шегіндегі Сырдария сағасының аумағын иемденіп жатыр. Өңірдің жалпы ұлттық ішкі өндірістегі үлес салмағы 15%-ды құрайды және бұрынғы жалпы одақтық шаруашылық кешеніне қызмет көрсететін аграрлық-шикізаттық бағдарға бағытталған.
Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Сырдария өзені бассейнінде ықтималды су басу аймағына 18 елді мекен және Қызылорда облысына 51 елді мекен қарайды, ондағы халықтың жалпы саны 401,1 мың адам, оның ішінде 199,2 мың адам эвакуациялануға жатады.
Шардарадан төмен қарай Сырдария жағалауларында соңғы 35 жыл ішінде су тасқынынан қорғану үшін 526 км. бөгеттер салынды, оның ішінде, Қызылорда облысының аумағында – 519,4 км., Оңтүстік Қазақстан облысында – 6,6 км.
Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының аумақтарында жыл сайын қаңтар-наурыз айлары аралығында тасқындарды жіберу бойынша ең ауқымды іс-шаралар және жедел әрі жоспарлы сипаттағы басқа да жұмыстар жүргізіледі. Тек 2008 жылдың өзінде ғана осы жұмыстарға ТЖМ құтқарушылары мен мамандарынан, әскерилендірілмеген құралымдардан тұратын 4000-ға жуық адам қатысты, құрылыс және арнайы техниканың жүздеген бірліктері жұмылдырылды.
Өңірлердегі су тасқыны ахуалын дер кезінде бағалау үшін аумақтарды аэрошолу ұшулары жүргізіледі. Шардара су қоймасынан Сырдарияның төменгі сағасына дейінгі учаскелерде «Қазселденқорғау» ММ-нің 15 уақытша және жылжымалы гидробекеттері ұйымдастырылды, жарылыс жұмыстарын жүргізу және Сырдария өзенінің арнасын мұздан тазарту бойынша ұсынымдар берілді.
Сырдария өзені арнасының жіберу қабілетінің шектеулілігінен 1991 жылдан бастап артық сулар Арнасай сағасына үнемі жіберіліп тұрды. Ол 2004 жылы толып кетті. Өзбекстан су төгінділерін реттеу мақсатында 2004 жылы Арнасайда екі қоршау құрылыстарын (бөгеттерін) салды. Сол уақыттан бері Шардара су қоймасынан Арнасай көлдері жүйесіне суды төгу көлемі су қоймасын пайдалану қағидаларымен бекітілген секундына 2160 текше метрден секундына 600-700 текше метрге дейін шектелді.
Сондықтан қажеттілігіне қарай және қолданыстағы қағидаларға қарамастан Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің арнасы бойынша қыста суды жіберу көлемі ұлғайтылды. Бұл тиісті материалдық залалдар тудырған бірқатар апатты су тасқындарына, ирригациялық жүйелерді және Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы жекелеген елді мекендерді су басуға әкеп соқты.
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласынан төмен Қараөзек ағысының бас жағында қосымша су жинау құрылысы салынды, ол 2006 жылдың күзінен бастап, ағысқа судың артық шығындарының бөлігін төгуге және Әйтеке бөгетінен төмен учаскедегі өзеннің негізгі арнасын жарым-жартылай босатуға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы ең өзекті мәселелердің бірі Сырдария өзені бассейнінің сағасындағы өзен ағысын реттеу болып табылады, оның шешілуі осы трансшекаралық өзен ресурстарын пайдалануда Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
Осы жағдайларда Қазақстан үшін «Сырдария өзенінде Көксарай су реттегіші құрылысы» жобасын әзірлеу қажеттілігі туындады.
Сырдария өзенінде Көксарай су реттегіші құрылысын салуға қатысты созылып кеткен дауда соңғы әрі шешуші нүктені Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қойды. Елдің оңтүстік өңірі тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасының маңыздылығы жайлы ойлай отырып:
«Осындай үлкен шығындарға барып, жаңа су қоймасын салу деген оңай шешім емес. Бірақ бізде амал жоқ, сондықтан мәселені түпкілікті шешеміз: Көксарай салынады. Бұл, мысалы, Қазақстанның батысынан оңтүстігіне өткізілген газ құбыры сияқты әлеуметтік объект; ол табыс әкелмесе де көптеген проблемаларды шешуге көмектеседі», деп атап көрсетті.
Сонымен, 2008 жылдың көктемінде Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметіне 2008 жылы Сырдария өзенінде тасқынға қарсы Көксарай су реттегішін салуды бастау туралы тапсырмалар берді, ал Үкімет қаулысымен Төтенше жағдайлар министрлігі оны орындау бойынша бағдарлама әкімшісі болып анықталды. Үкімет Төтенше жағдайлар министрлігіне резервтен техникалық жобаны, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, «Сырдария өзенінде тасқынға қарсы Көксарай су реттегішінің» құрылысын бастауды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін кезек күттірмейтін шығындарға қаражат бөлді.
Инженерлік-қорғаныс, гидротехникалық құрылыстарды және «Медеу», Үлкен Алматы, Қарғалы, Сарқант, Ыстық, Қаскелең, Бартоғай су қоймасының биік таулы бөгетімен Д.А.Қонаев атындағы Үлкен Алматы арнасы, «Талғар» бөгеті, Төменгі Көлсайдағы су жинаушы құрылыс сияқты кешендерді салудағы және эксплуатациялаудағы, сонымен қатар, «Астана қаласын Есіл өзенінің су тасқынынан инженерлік қорғау» объектісін салудағы үлкен жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрі бұйрығымен «Қазселденқорғау» ММ осы стратегиялық нысанның құрылысын орындаушы болып белгіленді.
Құрылыстың атқарушы жобалаушысы етіп республика бойынша су объектілерін жобалау бойынша мамандандырылған «Казгипроводхоз институты» ӨК жобалау институты белгіленді. Құрылыстың техникалық идеясы негізделді және су реттегішті салудың ықтимал орны толығымен зерделенді, инженерлік-ізденіс жұмыстарының нәтижесінде Сырдария өзенінің жағасында 3-4 млрд. текше метр су шоғырландыратын Көксарай ойпатынан басқа ойпат жоқ екені анықталды.
«Казгипроводхоз институты» ӨК орындаған техникалық – экономикалық негіздемеге (ТЭН) келесі гидротехникалық құрылғылар кірді:
- су жіберетін мүмкіндігі бар негізгі гидротүйін – 2 300,0 м3/с.
- су жіберетін мүмкіндігі бар бұру арнасы – 500,0 м3/с, ұзындығы 16,0 ш.
- су жіберетін мүмкіндігі бар жинақтаушы құрылыс – 500 м3/с.
- Көксарай су реттегіші қоймасының кешенін құрайтын ұзындығы 44,7 ш бөгет.
- су жіберетін мүмкіндігі бар су жібергіш құрылыс – 500 м3/с.
- су жіберетін мүмкіндігі бар жеткізуші арна – 500 м3/с, ұзындығы – 10,0 ш.
- бұру арнасындағы «Шөгірлі» көпірі.
- «Арыс – Шәуілдір» жолы бойынша жүруді қамтамасыз ететін жеткізуші арнадағы көпір.
«Сырдария өзеніндегі Көксарай тасқынға қарсы су реттегішінің» құрылысы:
- Сырдария өзенінің бассейнінде ықтимал су басу аймағына кіретін Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары аумағындағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
- су реттегіште жиналған таза 3 млрд. м3 қысқы су ағыны есебінен республиканың су балансын реттеуге;
- Кіші Арал теңізіндегі су деңгейін ұлғайтуға;
- Арнасайға бөлу арқылы су ресурстары шығынын болдыртпауға мүмкіндік береді, яғни 1995 жылдан 2008 жылға дейін Арнасайға 35 млрд. текше м. тасталған, оны Аралды толтыру және Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының өсімін жақсарту үшін пайдалануға болатын еді;
- Шардара ГЭС-нің қысқы электроэнергиясын өндіруді 20 - 25 % - ға ұлғайтуға;
- Сырдария өзенінің алқабы мен атырауында экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді;
- су реттегішінің алабы істен шыққаннан кейін су басқан аймақтың 90%-дан астамы жем-шөп дайындауға арналған Лиман алқабы және мал жайылымы ретінде пайдаланылатын болады.
Объектінің стратегиялық маңыздылығын ескере келе, 2008 жылғы 15 сәуірден бастап Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» ММ «Сырдария өзеніндегі тасқын суға қарсы «Көксарай» су реттегішінің» құрылысын бастады.
Көксарай су реттегішінің құрылысына бірінші болып ТЖМ «Селденқорғау құрылыс» РМҚК бас мердігерінің арнайы техникалары келді. Сонымен қатар, республиканың әрбір бұрышынан, мыңжылдық құрылысына қатысуға келісім білдірген «Базис» корпорациясы, «АҚСУ» АҚ, «Спецзащита» ЖШС, «Стройинвест» ЖШС, «МО-1» ЖШС сияқты көптеген құрылыс ұйымдары жұмылдырылды.
2008-2009 жылдары Көксарай су реттегішінің құрылысына 150-ден астам құрылыс ұйымы тартылды. Жұмысшылар саны 7 500 адамнан асты, ал арнайы техника саны 3000 бірліктен астам және 900 бірліктен астам қосалқы техникалар мен жабдықтар, оның ішінде бір ауысымда өндіріс қуаттылығы 4920 текше метрді құрайтын 3 бетон түйіндері болды. Құрылыс жұмысшыларының көбі жергілікті халықтан болды, ал бұл өз кезегінде дағдарыс кезінде өңірдегі экономикалық оң ахуалды ұстап тұрды және халық арасындағы жұмыссыздық саласындағы көптеген әлеуметтік проблемаларды шешті. Әлемдік дағдарыс жағдайында халықты жұмыспен қамту мәселесі және барлық өндірістік мүмкіндіктерді пайдалану тиімділігі бірінші орында тұрды. Құрылысқа бөлінген қаражатты үнемдеу және оны мақсатты жұмсау барлық кеңестерде бақыланды және талқыланып отырды. Жергілікті өндіріс материалдарын басым пайдалану және жеткізудің оңтайлы көліктік сызба нұсқаларымен объектінің өзіндік құнын төмендетудің барлық мүмкіндіктері құрылыс сметасының құнының төмендеуіне ықпал етті.
Құрылысты жоспарлау, технологиялық карталарды әзірлеу, инженерлік-геологиялық ізденістер мен геодезиялық есептеулер деректерін өңдеу жөніндегі инженерлік қызмет құрылыс штабында орналасты. Құрылыс зертханасы мен технологиялық сүйемелдеу тобы дәл құрылыс алаңдарында орналасты. Технологиялық үрдіс бойынша түзетулер де тәулік бойы енгізіліп отырды.
Барлық жобалау мен құрылыс мәселелері жедел тәртіпте «Қазселденқорғау» ММ кезекті жиналыстарында қаралып отырды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі аппараты мен өзге де басқару органдарының тығыз өзара іс-қимылдары барысында жер учаскелерін құрылысқа беру, инертті материалдар карьерлерін ашу, электр тасымалдау, телекоммуникация желілері, байланыс және т.б. мәселелер шұғыл шешіліп отырды.
Көксарай су реттегішінің құрылысындағы алғашқы кеңесті 2008 жылғы қараша айында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев өткізді. Алдымен Мемлекет басшысы құрылыс аумағын тікұшақпен айналып өтті және құрылыстың алғашқы сатысындағы жұмыстармен егжей-тегжейлі танысты. Содан соң құрылыс штабында Президент Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен кеңес өтті. Дағдарыс кезеңіндегі бұл құрылыстың өңір үшін қаншалықты қажеттілігі талқыланды. Мемлекет басшысы құрылыс барысында туындаған барлық проблемалық мәселелер мен қиындықтарға назар аударды. Министр В.Божко жалпы құрылыстың ұйымдастырылуы, ресурстармен қамтамасыз етілу мәселелері және гидротехникалық құрылыстар ерекшеліктері жайлы баяндады.
2010 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Көксарай су реттегіші құрылысының кешені стратегиялық маңызды объект ретінде іске қосылды. Бұл уақытта Көксарай белсенді толтыру фазасында болды және біз Сырдария өзенінің сағасындағы ағынның жағдайын реттей алдық. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы барлық құрылысшыларға жеделдіктері мен олардың орасан зор еңбектері үшін алғысын білдірді. 3 млрд. текше метр қысқы ағынды су реттегіштің су қоймасына шоғырландыру үшін 2010 жылдың соңына дейін аталған объектіні дайындауды міндеттеді.
2011 жылдың басына қарай Көксарай су реттегіші барынша жобалық қуатымен – 3,0 млрд. текше метр судың су қоймасы көлемімен тасқынға қарсы режімде жоспарға сәйкес уақытында іске қосылды, бұл Сырдария өзені жағасындағы елді мекендердің қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз етті.
2010-2011 жылдардағы су тасқыны кезеңіндегі су қоймасындағы шоғырландырылған ағынның көлемі 2,2 млрд. текше метрді құрады. Вегетациялық кезеңнің басталуымен су реттегішті эксплуатациялау ережесіне сәйкес Көксарай су қоймасынан Сырдария өзенінің арнасына құю үшін және Кіші Аралды толтыру үшін су жіберу басталды.
Сырдария өзенінің бассейніне келіп түйіскен екі облыстың орасан зор аумағы Елбасының батыл шешімінің арқасында көп жылдарға тыныш өмірмен және сумен қамтамасыз етілді.
Тоқтарбек БАЙМОЛДАЕВ, «ҚР ТЖМ Қазселден-қорғау» ММ бастығы.