Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2017

Қостанайда «галстуксыз» кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы әңгіме болды

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда бірінші рет  сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараның бірі «галстуксыз» кездесу түрінде өтті. Бұл сыбайлас жемқорлықпен күрес халықаралық күніне арналды. 

Қостанайда «галстуксыз» кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы әңгіме болды

Онда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Оған жоғары оқу орындарының студенттері, «Адал ұрпақ» патриоттық клубының еріктілері,  жас мемлекеттік қызметкерлер,  облыстық балалар мен жастар ұйымдары қауымдастығының, «ГРиН» азаматтық альянсының, Жастар ресурсы орталығының, Жастар Мәслихатының волонтерлері, сонымен қатар «Жас Атмекен» кәсіпкерлер клубының мүшелері қатысты.

«Егер қандай да бір қалада, ауданда сыбайлас жемқорлық белгісі білінсе, біз сол жерге барып, көшпелі мәжіліс өткіземіз. Әрине, нәтижесі болмай қалмайды. Ең бастысы қоғамдық кеселдің алдын аламыз. Біз үшін  профилактика, алдын алу маңызды» деді Архимед Бегежанұлы.

Өңір басшысы  мемлекеттік сатып алу кезінде бармақ басты, көз қысты әрекеттерден абай болуға сақтандырды.  

«Мен облыс басшылығына келгенде сотта «Үлкен әкімдік ісі» жүрді, басқа да келеңсіз істер орын алған болатын. Бұл кадрларды дұрыс таңдап қою керек деген тұжырым жасатты. Кадрларды жергілікті мамандардан таңдадым. Қостанайға мен келгенде оның әкімі де, басқа мамандары да жоқ болды, барлығы да қылмысты іске шатылған екен. Қала қысқа дайындықсыз болды,    басқа да  көптеген өзекті мәселелер тұрды.   Бізге осы қиындықтардың барлығын да үзіліссіз, тұрып қалмай  шешу керек болды.   Оның барлығынан, тығырықтан шықтық. Осындай оқиғалардан кейін мемлекеттік сатып алуды басқаруға  басшыны асықпай мұқият таңдадық» деді Архимед Бегежанұлы.

Облыс әкімі кездесуге қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Ол бір сұраққа орай,  қазір  дабырлатқан үлкен форумдар күткендегідей нәтиже бермейтінін, оған қаржы да көп кететінін айтты. Ең бастысы, істің нәтижесі боатындай жұмыстар жүргізу қажет  деді.  

Кездесуде мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Берік Бекжанов және тағы басқалар  пікірлерін ортаға салды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай