Облыстық басқармалардың мемлекеттік қызметкерлері арасындағы бильярд ойынында барлығы 7 команда жарыс жолына шықты. Аталмыш спорт түрінен басқарма басшылары да шет қалмады. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев, ШҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Жеңісов, сондай-ақ, ШҚО жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Кархунов өз қабілеттерін бильярд бәсекесінде сынап көрді.
Ойын айналмалы жүйе бойынша өтті. Сайысқа түскен мемлекеттік қызметкерлер екі топқа бөлініп, өз тобынан алдыңғы екі орын алған командалар жүлде үшін талас жүргізді. Жарыс қорытындысы бойынша ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, ШҚО жер қатынастары басқармасы, ШҚО мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы біріккен құрамасы жеңімпаз атанды. ШҚО ішкі саясат басқармасы жүлделі 2 орыннан көрінсе, ШҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының мемлекеттік қызметкерлері 3 орынға қол созды.
Марапаттау рәсімінің соңына қарай төрешілер тарапы ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановқа бильярд ойынына қолдау танытқаны үшін арнайы сыйлық табыс етті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН