КЕЛЕШЕГІ НҰРЛЫ АУДАН
Мұнайлы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстан тарихында елімізде алғаш рет 2007 жылы 7 маусымындағы Жарлығымен құрылған аудан. Елбасы көрегендігімен шаңырақ көтерген ауданымыз содан бері күн санап өсіп, өркендеп келеді. Атажұртын аңсап келген қандас бауырларымыз негізін құрайтын елді мекендердің бүгінгі тыныс-тіршілігі алып құрылыстар мен небір жасампаз істердің ортасына айналды. Үш жылдың ішінде мыңдаған тұрғын үйлер, бүгінгі күн талабына сай салынған ауылдар бой көтерді. Маңғыстау, Қызылтөбе, Баянды ауылдары аумағынан инженерлік инфрақұрылымы қарастырылған жаңа елді мекендер пайда болды. Үш селолық округ құрылды. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандас бауырларымызға деген қамқорлығының бір белгісі. 2011 жылы еліміздің өміріндегі ерекше кезең. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланатын жыл. Соған орай барлық салада дерлік ілгері басқандық байқалады. Мысалы, аудан бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда, 1,3 есеге өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4333,9 млн. теңгені құрады. Ағымдағы жылы 8 серпінді жоба іске асырылуда. Елімізде үлкен мән беріліп, зор қолдауға ие болған шағын кәсіпкерлік те ойдағыдай дамуда. Бұл бағыттағы жұмыстар, алдағы онжылдыққа арналған кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Осы жылдағы соңғы мәліметке қарағанда, ауданда үш мыңға тарта шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда, 1,2 есеге көп деген сөз. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы «Еврострой-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобалық қуаты жылына 36 мың дана жабынды шығаратын темір-бетон өнімдері зауыты іске қосылды. Жалпы, аудан бойынша 149 шаруа қожалығы бар. Оның 120-сы мал өсірумен, 29-ы егін шаруашылығымен айналысады. Қала маңындағы аудан үшін үлкен табыс деп айтуға боларлықтай жағдай осы жылы аграрлық сектор бойынша жалпы өнім көлемі 149,8 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,6 есеге көп. Негізгі байлығымыз аудан халқының саны 2010 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға өсіп отыр. Ел болашағы сәбилер өсімі де жоғары. Соған орай осы жылы Қызылтөбе-2 және Баянды елді мекендерінен 280 және 40 орындық екі балалар бақшасы пайдалануға берілді. Қазір Басқұдық селосында 280 орындық балалар бақшасының құрылысы жүріп жатыр. Аудан халқы санының қарқынды өсуіне қарай орта мектептер құрылысы қарқын алуда. Жаңа ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамыту барысында үш жылда жалпы сомасы 15,8 млрд. теңгені құрайтын жобалар іске асты. Осы санаулы жылдар ішінде барлық елді мекендерге электр жарығы мен газ құбыры толықтай тартылды. Жаңа аудандағы соны жаңалықтың бірі 2007 жылы тамыз айында Атырау темір жол бөлімшесіне қарайтын бұрынғы Маңғыстау темір жол торабы өз алдына отау тігіп, темір жол бөлімшесі болып құрылды. Міне, бұл күндері аудан көлеміндегі Маңғыстаудың темір жол қақпасынан бастау алған «Өзен Түркіменстан шекарасы» темір жол желісі салынып, жұмысшы поездары жүре бастады. Ауданның денсаулық сақтау, мәдениет, өнер және спорт саласында да ілгері басушылық бар. Аудандық аурухана және емхана құрылыстарымен қатар, әрбір тұрғын үй массивтерінен дәрігерлік амбулатория құрылыстарын қолға алу жоспарлануда. Ауданымыздың келешегі кемел болатындығына күмән жоқ. Олай дейтініміз, жоғарыда айтқан өндірісіміз өркендеп, халық саны күн санап өсіп отыр. Соған орай өткен жылы Пір Бекет атаның 260 жылдық мерейтойы аясында Мұнайлы ауданының болашақ орталығы Батыр ауылының іргетасы салтанатты түрде қаланды. Жыл басында екі пәтерлі 39 үйдің құрылысы аяқталып 78 оралман отбасы қоныс тойын тойлады. Қорыта айтсақ, елімізде Тәуелсіздіктің ақ таңы атқанда алғаш рет ашылған Мұнайлы ауданы үш-төрт жылдың ішінде дамудың даңғыл жолы арқылы биік белестерді бағындырды. Сайып келгенде, бұл Елбасының көрегендік саясатының жемісі, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған ел Тәуелсіздігі тарту еткен жарқын болашағымыздың бір көрінісі. Елубай ӘБІЛОВ, Мұнайлы ауданының әкімі.* * *
АТАНЫҢ АСА ТАЯҒЫ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ
Мен Пір Бекет ата ұрпағымын. Ата-бабамның кіндік қаны тамған киелі топырағына бас иіп, бала-шағаммен бірге еліміздің гүлденуіне өз үлестерімізді қосуға деген ниетпен елге оралдық. Бала-шағам, бауырларым түгелдей келіп болды. Бүгінде зейнеткермін. Атаның екінші ұлы Байтелінің Құлмәмбет деген баласынан тараймыз. Құлмәмбеттің баласы Жортуыл, Жортуылдың баласы Сәли, Сәлидің баласы Аяпберген, Аяпбергеннің баласы мен боламын. Сол кездегі заманның қаталдығынан қаймығып, отбасының амандығын ойлаған аталарымыз, Бекет Атаның асасын шиге орап жасырып, Түркіменстанның Мары облысындағы ата ұрпақтары сақтап қалған. Қасиетті асаның талас-тартыс кезде көрмеген қорлығы болмаған екен. Сынған жері де бар, алтыннан құйылған, арабша жазылған белгілері де жоғалған. Бірақ та осындай қиыншылықтарға қарамастан, атамыздың киелі көк асасын көздің қарашығындай сақтадық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен сексен жылдан кейін Бекет Атаның асасы жарыққа шығып, туған топырағына қайта оралуы, жақсылықтың белгісі деп білемін. Бұл біздің рухани байлығымыз, бағасы жоқ құндылығымыз. 1991 жылы әкем дүниеден өтті. Атамыздың асасы менің қолымда қалды. Әкем ақ батасын беріп, жолдарын түсіндірген болатын. Соған орай үйде тұрған қасиетті асаны кез келгеннің қолына бермедік. Өзіміз де себепсіз ұстамадық. Сөйтіп, қасиетті тәбәрік елге оралды. Өткен жылы Бекет атаның 260 жылдығын еліміз түгелдей тойлады. Маңғыстауда мерейлі шаралар өтті. Осы жылдың қаңтар айында облыс басшысы Қырымбек Көшербаев жаңа ауданның болашақ орталығы Батыр ауылында «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған ауылдан кең де сайлы пәтердің кілтін тапсырды. Қуанышқа бөледі. Осындайда ел басшыларын Ата әруағы қолдап, қорғап жүрсін дегім келеді. Тұрып жатқан үйіміздің іші кең, барлық жағдайы жасалған. Аудан орталығына жақын. Уақытында автобус та келіп тұрады. Жақында жаңа мектептің іргетасы қаланды. Алдағы уақытта мешіттің және алғашқы медициналық көмек көрсету орталығының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Осының бәрі ел-жұртына көшіп келіп жатқан мен сияқтылар үшін атқарылған игілікті істер болып табылады. Бұл әрине, тек үлкен істің басы ғана. Жаңа ауданның, әулиелі маңғаз Маңғыстаудың жұртына бейбіт өмір тілеймін. Ел рухын көтеруге бағышталған қасиетті Пір Бекет атаның аса таяғы туған өлкемізде мәңгілік мекенін тапсын. Бердібек СӘНДІБЕКОВ, Пір Бекет атаның ұрпағы. _______________________ Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан БОШАЛАҚ.