Ойын басталмас бұрын «Славияның» құрамына қарап ұзақ отырдым. Былай қарасаңыз, футболшыларының құрамы кәдімгідей тісқаққандардан құралған. Ян Лаштувка «Шахтер» (Донецк) командасының негізгі қақпашысы болған. Мигель Данни да «Зенит» сапында жарқылдап, Суперкубоктың финалында «Манчестер Юнайтед» қақпасына гол соққан. Сондықтан португалиялықты таныстырып жатудың өзі бекер. 2012 жылы «ең әдемі голды» кім соққанын білетін шығарсыздар? Сол шақта «Фенербахченің» ойыншысы болған Мирослав Стох қазір «Славияның» сапында.
Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Пльзендегі Чехия-Қазақстан ойынына барған едім. Ол матч та қазір көз алдымда. 75-минутқа дейін жеңіп тұрдық. Алаңға алмасып кіріп, 2 гол салып, салымызды суға кетірген Милан Шкода «Славияның» бір атары. 2004 жылы Қазақстан құрамасы УЕФА жалауының астында алғашқы ойынын Украинаға қарсы өткізді емес пе? Иә, дәл сол тарихи матчта біз соңғы секундта гол жіберіп, тең нәтижеден айырылып қалдық. Голды Руслан Ротань соқты. Томаш Нецидтің шеберлігіне де шек келтірмейміз. Ал Халил Алтынтоп 2010 жылы Сидельниковтің қақпасына ғаламат гол соққан Хамит Алтынтоптың сыңары ғой.
Жалпы, қарап отырсақ, барлығы тәжірибиелі, өздерінің спорттық ғұмырларында жоғары нәтижелерге қол жеткізген аяқдопшылар.
1-тайм. Кездесу басталысымен қос команда бірден шабуыл жасауға асықпады. Екеуі де емін-еркін пас алмасып, өздерінің кішігірім дайындаған қитұрқы комбинацияларын іске асырып көргісі келді. Алайда сондай бір ғаламат шабуылдарды көре алмадық. Ойынның 25-минутына қарай біздің қақпамыздың алдында бұрыштамалар көбейіп, қауіпті сәттер пайда бола бастады. «Славия» қақпашысы Ян Лаштувка тоңғаннан болар, дене қыздырып, әрлі-берлі жүгіріп жүрді.
Ал 38-минуттан бастап шабуылға шыға бастаған елордалықтар стандартты жағдай орындауға мүмкіндік алды. Айып алаңына көтерілген пас байқаусызда Марин Аничичтің алдына келе қалды. Қорғаушымыз бос қақпаға гол соқты. Алайда қапталдағы төреші офсайд жағдайы болғандығын көрсетті. Дегенмен, бас төреші Аничичке доптың Томаш Нецидке тиіп келгенін анық көріпті. Ақылдаса келе, салынған голдың әділ болғанын білдіртті. Таблодағы көрсеткіш – 0:1.
2-тайм. Екінші тайм басталысымен «Славия» шабуылға шықты. Ал қазақстандықтар қорғанысқа баса көңіл бөліп, арагідік қарымта шабуылдарға иек артып отырды. 78-минутқа дейін қақпашымыз Ненад Эрич уақыт созғандықтан, сары қағаз алды. Одан әрі қаптаған бұрыштамалар дегбірімізді қашырды. Қорғаушыларымыз шабуылдарды бірінің артынан бірін қайтарып жатты.
Ортада жүрген Серікжан Мұжықовтың орнына Станимир Стойлов қорғаушы Сергей Малыйды шығарды. Бойы ұзын орталық қорғаушы командаға ауадай қажет еді. Алаң жиегінде Стойловтың көмекшісі Григорий Бабаян 80-минуттан бастап байыз тауып отыра алмады. Аяқтан тік тұрып, шәкірттеріне ақыл-кеңес айтумен болды. Жүйкені тоздырған соңғы 10 минут ғасырдан да ұзаққа созылғандай көрінді.
Төрешінің соңғы ысқырығы қазақстандық клубты плей-офф сатысына алып шықты. Қазақстан футболының тарихына енетін бұл ойынды трибунада толқып отырып көрген менде де арман жоқ, қазақ футболының жанкүйерлерінде де арман жоқ. Алға, «Астана», алға Қазақстан!
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»