…ой бөліседі
Рухымыз мәңгі сақталуы тиіс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашақ бағдарын айқындап берген. Мақсат айқын, бағытымыз белгілі, ол озық елдің қатарында болу. Бұл істе санамыз ісімізден алда жүруі тиіс. Яғни рухани салаға салмақ салатын уақыт келді.
Демек, жаңғыру – елдің ұлттық-рухани тамырларынан нәр алу. Осы рухани құндылықтар негізінде бәсекеге қабілетті жеке адамның тірлігі ғана емес, халық болып бәсекеге түсіп, одан озып әлем елдері арасынан лайықты орнымызды алу. Осы мақсатта жаһандық нарықта ұтымды дүниемізді ұсынып, тек материалдық құндылық қана емес, білім, қызмет, ғылым, зияткерлік өнімге де зер салуымыз қажет. Келешегіміз табиғи байлығымызға ғана емес, адамдардың бәсекелестік қабілетіне де байланысты екенін естен шығармағанымыз жөн. Әр елдің ғасырлар бойы қалыптасқан, қоғам қабылдаған, халық бойына сіңірген бай рухани құндылықтары бар. Осы жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі сақталуы тиіс. Сонымен бірге жаңғыру дегеніміз жаңару емес пе? Сондықтан кейбір теріс дағдылардан, әдеттерден арылу керек. Бұл жоспарларды іске асыратын, әрине, елін, жерін, халқын сүйетін патриоттар. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында оқу жоспарына «Туған жер» бағдарламасы енгізіледі. Сөйтіп «Туған жер» бағдарламасы жалпы ұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады.
Қалқаман ЖАҚЫП,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университетінің профессоры
...тілегін жеткізеді
Озық тәжірибелерді оқығымыз келеді
«Егемен Қазақстан» газетінің ұстаздарға бет бұра бастағаны қуантады. Мұғалімдерге арналған «Тәлім» бетінің көмегі зор болғалы тұр. Бүгінде жедел өзгерістер заманы, бір орында шиырлап қалуды уақыт кешірмейді. Мұны Елбасы да өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында естір жанға жетердей айтты.
Осындай жағдайда ұстаздарға да ортақ диалог алаңы қажет. «Егемен» аптасына 5 мәрте шығатын қазақтың бас басылымы. «Тәлім» бетінен ұрпақ тәрбиелеудегі соны әдістерді насихаттайтын, шетелдегі озық тәжірибелерді біздің пайдаға шығаратын мақалаларды оқығымыз келеді. Баяғыда Құсиын Айтқалиев мектебі, Бәтима Бітібекова мектебі деген бөліммен ұстаздар газетінде, журналында жақсы материалдар берілетін еді. Бүгін де әлемдегі мықты мектептердің негізінде жұмыс жасап жатқан ұстаздар жетерлік. «Егемен» осы жағынан көмектессе оқырмандары да мол болар еді деп ойлаймыз.
Жібек ЗИЯБЕКОВА,
Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектептің мұғалімі
Оңтүстік Қазақстан облысы
...жаңалығын білдіреді
Ағылшынша үйреніп жатырмыз
Бүгінгі таңда білім беру әдістемесіне инновациялық технологиялар енгізіліп, білім беру жүйесін жаңарту ісі жедел қолға алынып жатқаны белгілі. Осы ретте облыс орталығынан шалғайда орналасқан Қайнар ауылының ұстаздар қауымы да еліміздің білім саласындағы жаңашылдықтарды дер кезінде меңгеруге тырысуда. Биыл бірнеше сыныптың оқушылары жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқытылуға көшті. Осыған орай 8 ұстазымыз жаз бойы білім көтеру курстарына қатысты. Өңірімізде жүзеге асырылып жатқан үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) оқыту бағдарламасы шеңберінде бірнеше мұғаліміміз біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Осы курстардан өткен қазақ, ағылшын және орыс тілі пәнінің мұғалімдері қазір мектебімізде әртүрлі шаралар ұйымдастырып жатыр. Ерекше атап өтер дүние, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі аптасына бір рет жаратылыстану, гуманитарлық және бастауыш сынып мұғалімдеріне ағылшын тілін үйретіп жатыр.
2019 жылдан бастап жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Осыған байланысты қазір биология пәнінің мұғалімі біліктілік курсынан өтіп жатыр. Жаңа технология мен дене шынықтыру пәні мұғалімдері осындай курстардан өтіп, жаңартылған білім жүйесі бойынша жұмыс істеуде.
Алмагүл МАНДИЕВА,
С.Бегалин атындағы орта мектеп директорының
ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары
Шығыс Қазақстан облысы,
Қайнар ауылы
...көмек күтеді
Қадірлі мешiт тозып барады
1998 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Құркелес ауылында мешiт ашылып, қазақтың айбоз ұлы, шығыс жекпе-жек өнерiн елiмiзге алып келген Мұстафа Өзтүрiктiң есiмi берiлген Алла үйiнде жамағат бүгiнге дейiн құлшылық етiп келедi. Ендi мiне, ашылғанына 20 жылға жуықтаған мешiтiмiз тозып бiттi. Іші-сыртын сылап, әрлеп, әктеп, шатырын су өтпейтiндей етiп қайта жабу керек. Оған қоса, аязды күндерi намаз оқығанда азынаған суық қарып, қарт адамдар шыдай алмайды. Сол себептi ауыл тұрғындары мешiтке жылыту жүйесi қайта жүргiзiлсе дейдi. Мешiттiң айналасын мал кiрмейтiндей етiп қоршап, балалар намаз оқып-үйренетiн арнайы бөлме ашылсын дегендi де тiлге тиек етiп отыр ауыл халқы. Жаңбырлы күндерi мешiтке жету ауыл тұрғындары үшiн мұңға айналады. Себебi асфальт төселмеген жолдың ми батпағы шығып, лайсаңға белшеден батасың. Айтарым – Мұстафа Өзтүрiктiң есiмi берiлген киелi орынға күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Бұл мәселеге ауылдан шыққан жекелеген кәсiпкерлер немесе өзге де атымтай-жомарт азаматтар қол ұшын созып, қолдаса дұрыс болар едi.
Берiк қажы ӘДИЕВ
...әсерін айтады
Зерделі кеңес өтті
Ақыл-ой қазынасының мекеніне айналған кітапханада рухани тәрбиені ұлықтау, өткенді бүгінмен сабақтастырып ұлттық құндылықтарды насихаттау барысында көптеген жұмыстар атқарылуда.
Жуырда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани жаңғыру: кітапханалық-ақпараттық кеңістікті қалыптастыру» атты облыстық зерделі кеңес өтті.
Басқосудың мақсаты – мәдени, демалыс және ойын-сауық орталығының ережесін талқылау, аймақтағы кітапхана ісінің стратегиялық бағыттарын дайындау, болашақта бірыңғай ақпараттық кеңістікте ынтымақтасу, іс-тәжірибе алмасу.
Болашақта кітапхананың мәні мен келбеті ақпараттық технологиялардың эволюциясына тәуелді. Ал ақпараттық технологиялар жетістіктері мен кітапхана миссиясының үйлесімді ұштасуы кітапхана мамандарына тікелей байланысты. Осы орайда облыс кітапханаларына ғылыми-әдістемелік көмек көрсету бағытына арналған «Әдістеме. ИНФО» кәсіби блогының тұсаукесері өткізіліп, 11 аудандық кітапхана «Кітапхананың жарқын болашағы» атты бейнероликтер ұсынды.
Кітапхана директоры Несібелі Жұмағұл рухани мәдениеттің дамуы үшін тағылымды тәрбиенің қайнарынан сусындап, биік адами құндылықтардың кемелдену барысында әрбір маман иесі кәсіби қызметін жоғары деңгейде жүзеге асыру қажет деп, кітапханашыларға сенімін білдірді.
Құралай РАЙМБАЕВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі