Дәлірегі, аграрлық білім алғандардың 37 пайызы түрлі себептермен еңбекпен қамтылмаса, жұмыс істейтіндерінің 12 пайызы мамандығы бойынша сәйкес келмейді. Бұл орайда ол ұсыныс пен сұраныс ескеріліп, гранттар тиімді үлестірілуі керектігін айтады. «Квотаны ауыл мектептерін бітірген балаларға беру, яғни оның көлемін 70 пайызға дейін арттыру туралы ұсыныстар жасап жатырмыз. Сонда ғана біз мамандармен қамтамасыз етеміз. Әрине бұл 3 жыл елге барып, жұмыс істеп кел деген сөз емес. Екіншіден, біз оның сапасын көтеруіміз керек. Ауыл шаруашылығына байланысты білім берілуі қажет. Ол нақты білім болуы керек», дейді А.Наметов.
Иә, мемлекет жастардың ауылға баруына мүдделі, олардың жағдайларын жасауға да тиісті мүмкіндіктерді қарастырған. Дегенмен ауыл мен аудандардағы инфрақұрылымды дамытпай, кадрларды ұзақ ұстап тұру қиын екені белгілі. Ең бастысы, ауылдық жерлерде өркениетті өмірге арналған су құбыры, үздіксіз электрмен қамту, газ тарту, жол салу, ғаламтор, спорттық және мәдени нысандар тәрізді ең қарапайым жағдайлар жасалмаса, жастар ол жерлерде тұрақтай қоймайды. Бұл орайда Елбасының «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Өйткені елді дағдарыс кезінде асырайтын – ауыл. Ал ауылда жұмыс болу үшін, ол қаланы асырай алу үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет», деген сөзі де еске түседі. Расында да іздеген жасқа ауылдан жұмыс табылады. Әсіресе ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің құрылымында үлесі 13%-ды құрайтын, республика бойынша екінші көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында. Сондай-ақ өңірдің тамақ өнімдері құрылымында үлесі – 11% және республика бойынша 3-орында. Кен өнеркәсібі, ұн өндіру, мұнай өңдеу, фармацевтика және электр энергиясын тарату сияқты салалар, өнеркәсіптің жалпы құрылымының 50%-нан астамын иеленеді. Облыста 72 мыңнан астам ауылшаруашылық құрылымдары бар. Бау-бақша өнімдерінің басым бөлігі, мақтаның жүз пайызы оңтүстікте өндіріледі. Еліміздің барлық жылыжайларының 80%-ы Оңтүстікте шоғырланған. Ал енді осы ауыл шаруашылығы саласы мамандармен қаншалықты қамтылған?
Егер өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарының мәліметтеріне сенсек, түлектерінің барлығы дерлік жұмыспен қамтылады. Өкінішке қарай көбінесе олай емес. Оқу бітіргенімен, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай немесе ауыл-ауданға баруға құлқы болмай жүрген жастар өте көп. Жоғары оқу орындарының түлектері әупірімдеп жүріп әйтеуір бір мекемеден жұмысқа орналасатыны жөнінде кепілдік беретін анықтама жаздырып апарып өткізетінін, онсыз диплом қолға тимейтінін ашық айтып жүр. Демек жұмысқа қабылданатыны туралы жазылған кепілдеме анықтамалардан көзбояушылық көрсеткіштер құралып жүргені шымбайға батар бүгінгі күннің шындығы. Қайсыбір жолы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің мәжіліс залында ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандық алғандардың жұмысқа орналасуы және сұраныс пен ұсыныстың сәйкестігіне сараптама жүргізген алқалы жиын қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өтті. Аграрлық сектор үшін кадрлар даярлауға қатысты, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде мамандарды дайындау мәселесі бойынша талдау нәтижелерін ортаға салған кеңес мүшесі Б.Нәжметдинұлының мәліметіне қарағанда, түлектерді жұмысқа орналастыру ықтималдығы 35%-ды ғана құрайды. Өңірдегі 15 аудан, қала әкімдіктерінен және салалық басқармалардан, кәсіпорындардан келіп түскен мамандықтар сұраныстарына сәйкес, 2017-2018 оқу жылына техникалық және кәсіптік білім саласында кадрларды даярлау бойынша облыстық бюджеттен 91 мамандық бойынша 11084 орын, республикалық бюджеттен 26 мамандық бойынша 4584 орын, барлығы 15668 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Қаралған қаржы – 14 млрд 88 млн теңге. Облыстық бюджет есебінен ауыл шаруашылығы саласына мамандарды даярлауға 1400 орын бөлініпті. Бұл барлық мамандықтардың 12%-ын құрайды. Алқалы жиында «Қызмет көрсету» бағыты бойынша аспаздар дайындалатындығына және оларға арналған орындардың саны 275 екеніне көпшіліктің назары аударылды. «Ауыл шаруашылығы» бағыты бойынша аспаздар дайындау не үшін керек? Заман талабына сай бейімделіп, қолданыстағы нормативтік-актілерді жаңартып, сәйкестендіріп отыру, шетте қалмай, өз ұстанымын білдіріп, қазіргі заманғы экономикаға қажетті, нақты сұраныс бар мамандықтарды ұсыну қажеттігі айтылды. Автоматтандырылған ауылшаруашылық техникасының операторы (датчиктер жүйелерін басқару, дрондарды және агроботтарды басқару), тамшылатып суару мамандары, арнайы мамандандырылған агрономдар, оңтүстік үшін қажетті агроном – жеміс-көкөніс өсірушісі, агроном – тұқым өсіруші мамандарын дайындау ұсынылды. Сондай-ақ басқосуда қаржының тиімсіз жұмсалатыны айтылды. Мысалы, «Мұнай мен газ ұңғымаларын бұрғылау және бұрғылау технологиясы» бойынша мемлекеттік тапсырыспен таяу 2 жылда 25 маман дайындау жоспарланып отыр. Алайда бұл ұсыныс уран өндіру жұмыстары жүріп жатқан және қажет болған жағдайда бұрғылау жұмыстарына технологтарды жұмысқа қабылдай алатын Созақ ауданынан емес, Шымкент қаласы әкімдігінен түскен. Не үшін Шымкент қаласының әкімдігіне бұрғылау жұмыстарының техник-технологы қажет болғаны түсініксіз. Бұл ретте бір маманға айына 21 мың теңге, жылына 189 мың теңге жұмсалатынын, ал 25 маман дайындауға жылына 4,7 млн теңге кететінін ескерсек, қала әкімдігінің ұсынысы орынды ма деген заңды сұрақ туындайды. Сондықтан кеңес мүшелері аудандық және қалалық әкімдіктердің кадр даярлау бойынша сындарлы емес ұсыныстарын мемлекеттік гранттан ақылы оқытуға көшіру қажет деп санайды.
Сұранысы жоқ мамандарға ұсыныс жасау да көп байқалады. Мысалы, Ордабасы ауданы әкімдігіне мемлекеттік тапсырыс бойынша тек тракторшылардан бөлек, тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешен мамандарын даярлауға қажеттілік болмаған. Қазығұрт, Бәйдібек, Төле би, Шардара аудандары да басқа ауылшаруашылық мамандарымен толық қамтамасыз етілгендей, тракторшылар ғана қажеттігін көрсеткен. Ал Арыс қаласының әкімдігі ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлауға мүлдем мұқтаж емес. Яғни кейбір аудан, қала әкімдіктері және облыстық білім басқармасы бұл іске немқұрайды қарайды. «Білім туралы» Заңға сәйкес, облыстың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын 15 сәуірге дейін білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға ауылдық жерлердегі кадрларға сұраныс туралы өтінімдерді ұсынып, соған сәйкес кейіннен жұмысқа орналастырады. Мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беру ұйымын бітіргендерді жұмысқа орналастыруға көмек береді. Алайда арнайы оқу орнын бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен. Мысалы, қоғамдық кеңес мүшелері зерттеу жүргізгенде өткен жылы 50 маман дайындаған бір колледждің сауалнамаға қатысқан 12 түлегінің 3-і, 2016 жылы 163 маман дайындаған екінші бір колледждің 21 бітірушісінің 2-уі ғана жұмысқа орналасқанын растаған. Яғни жас мамандардың жұмыспен қамтылу пайызы төмен. Бірақ облыстық білім басқармасының мәліметі қоғамдық кеңес жүргізген сауалнамаға сәйкес келмей тұр. Басқарманың бізге жолдаған дерегі бойынша, 2016-2017 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім тапсырысы негізінде бітіргендердің саны – 8678, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс арқылы бітіріп жұмысқа орналасқандардың саны 7009 (80,7%) болған. Ал Шымкент аграрлық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Жұмабайұлы «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафт құрылысы», сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ветеринария», «Тамақтандыру кәсіпорындарының өнім өндіру технологиясы және оны ұйымдастыру» мамандықтарына сұраныс жоғары екенін айтады. Биыл колледж бітірген 253 жас маманның 92 пайызы жұмыспен қамтылған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейбір жоғары және орта оқу арнаулы орындарының анықтамасыз диплом бермейтінін ескерсек, түлектер тамыр-таныс арқылы жалған анықтама апаруға мәжбүр болатыны анық. Ал ол анықтама жоғары оқу орнына есеп үшін ғана қажет, яғни таза көзбояушылықтан құралған көрсеткіш. Әйтпесе, жұмыссыз жүрген немесе басқа мамандық бойынша еңбек етіп жатқан жастар жетерлік. Жалпы, ішкі көші-қон мәселесін сараптаушылар қалаға көшушілердің көптігінен бір кезде ауыл үшін ең қажет болған мал дәрігері, зоотехник, тракторшы, егінші, малшы мамандықтары тым азайып кеткеніне алаңдаушылық білдіруде. Егін орағы кезінде комбайншы жетіспейтіні жөнінде биік мінберлерде айтылып та жүр. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынуы да ауыл жастарының бойында патриоттық сезімді оятуға бағытталған қадам екені белгілі. Яғни ауылды аялап, ауыл жастарына жағдай жасау басты бағыт болып қала беретіні аян.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»