Қысқы спорт • 11 Желтоқсан, 2017

Қысқы Олимпиада: қазақстандық шежіре

2632 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Екі айдан кейін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ Қысқы Олимпия ойындары басталады. Төрт жылдықтың басты бәсекесіне әлемнің 90 мемлекетінен 2500-ге жуық қысқы спорттың үздік спортшылары бақ сынайды деп күтілуде. Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасында 23 жолдама бар. Бұл көрсеткіш Олимпия ойындарына дейін әлі де өсуі мүмкін. 

Қысқы Олимпиада: қазақстандық шежіре

Қазақстан ұлттық құрамасы Қысқы Олимпия ойындарына (ҚОО) Тәуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Келесі жылы отандастарымыз реттік сан бойынша ақ қар, көк мұз үстінде өтетін аламанға жетінші рет қатыспақ. Қазақ халқы үшін жеті киелі сан болып есептеледі. Яғни жетінші рет қатысқалы тұрған Қысқы Олимпия ойындарында спортшыларымыз медаль саны бойынша рекордтық көрсеткішті тіркейді деген сенімдеміз. Пхенчхан Олим­­пиадасына тоқталмай тұ­рып, әуелі Қазақстанның бүгінге дейінгі жетістіктерін саралап көрсек.

1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен Қыс­қы Олимпия ойындарына тұңғыш рет қатысқан Қазақстан құрамасы үшін бұл байрақты бәсеке табысты болды десек қате­леспейтін шығармыз. Өйткені Қазақстан спортшылары ҚОО-ға алғаш рет қатысып тұрса да, бір алтын және екі күміс медаль иеленіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Қазақстан құрамасына үш жүлдені халықаралық додаларда атой салып, сол уақытта ел намысын абыроймен қорғап жүрген шаңғышы – Владимир Смирнов салды. Аталған Олимпиадада спорттың сегіз түрінен қазақстандық 29 спортшы қатысқан еді. Отандастарымыз үш медальмен жалпыкомандалық есеп бойынша 12-орыннан көрінді.

Араға төрт жыл салып спортшыларымыз Жапонияның Нагано қаласында жалауы жел­біреген Ақ Олимпиадаға қатысты. Спорттың сегіз түрінен 60 спортшы бақ сынаған байрақты бәсекеде отандастарымыз екі қола медальді қанағат тұтты. Әлем бойынша дәл сол жылдары шаңғы спортынан қарсыластарын шашасына шаң жұқтырмай жүрген, Қазақстанның алғашқы Олимпия ойындарының чемпионы әрі каһарманы саналған Владимир Смирнов бұл жолы құрама қоржынына қола жүлде салды. Ал екінші қола медальді конькимен жүгіру спортының өкілі Людмила Прокашева иеленді. Сөйтіп XVIIІ Олимпиаданы құрамамыз жалпыкомандалық есеп бойынша 20-орынмен қо­рытындылады. Қалған екі Олим­пиадада (2002 жыл, Солт-Лейк-Сити (АҚШ), 2006 жыл, Турин (Италия) спортшыларымыз тұғыр биігінен көріне алмай, елге жүл­десіз оралды. Ал 2010 жы­лы Ванкуверде (Канада) өткен кезекті Олимпиадада күллі қазақ жұрты Елена Хрусталеваның (биатлон) күмісін қанағат тұт­са, 2014 жылғы Сочи Олим­пиадасында Денис Теннің (мә­нерлеп сырғанау) жал­ғыз қоласы Қазақстан құра­масын жүлдесіз қайтудан құтқарып қалды.

Алты Қысқы Олимпия ойын­дарының қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысынан 64 спортшы ел намысын қорғаған. Екінші орында Ақмола облысы – 40 спортшы және 38 спортшымен Алматы қаласы үздік үштікті қорытындылап тұр. Бір ерекшелігі, Ақмола облысының өкілдері төрт жылдықтың басты бәсекесіне бір деңгейде қатысып келеді. Ал Алматы қаласы спорт­шыларының үлес салмағы азайған. Бұл көрсеткіш төртінші орында тұрған Павлодар облысына да тиесілі. Мәселен, 2010 жылғы ҚОО-ға Кереку өңірінен бірде-бір спортшы қатыспаған.

Бесінші орында – Солтүстік Қазақстан облысы. Бірақ әр Олим­пиадаға солтүстік аймақ екі-үш спортшыға үміт артып отырса да, жағдайды жақсы деп айту қиын. Оның үстіне СҚО-дан сайысқа көбіне конькишілер ғана қатысады. Қостанай облысы да осындай бағаға лайық. Тәуелсіздік алған жылдары аймақтан ҚОО-ға тек екі шаңғышы қатысқан. Ақтөбе облысының (11-орын) табиғи-климаттық жағдайлары да қысқы спортшыларды тәрбиелеуге өте қолайлы болса да, 2010-2014 жылдар аралығында бұл аймақтың атын тек шорт-трекші Айдар Бекжанов арқылы естідік. Оның өзі Ақтөбе облысында туып, спортпен Батыс Қазақстан облысында айналыса бастаған.

Бес Олимпиадаға қатысып, рекорд орнатқан шаңғышы Елена Антонованың арқасында Батыс Қазақстан облысы жетінші орынды иемденіп тұр. Осы бес Қысқы Олимпиадада туған облысының атынан Антонова бір рет қана шыққан. Қарағанды облысы үшін (8-орын) 1998 жылғы Олимпиадаға үш спортшы қатысып, рекордтық көрсеткіш болып саналады. Оның екеуі мәнерлеп сырғанаушылар – Юрий Литвинов (жекелей сырғанау) пен Андрей Крюков (жұптық). Ал өзге Олимпиадада кеншілер қаласынан тек коньки тебушілер ғана өнер көрсеткен.

Қысқы спорт түрлеріне спортшы дайындайтын облыстардың қатарына Оңтүстік Қазақстан облысы (9-орын) жақында ғана қосылды. Оңтүстікте шаңғы акро­батикасына дайындайтын жақ­сы гимнастика мектептері бар. ОҚО-ның атынан шыққан спортшының дебюті 2010 жылғы Ванкуверде өткен Олимпия ойын­дарында болды. Ал соңғы Олим­пиадаға олар үшеу болып қатысты. Астанаға 10-орынды танымал шаңғышылардың отбасы – Старостиндар алып берді. Қызылорда аймағының тізімі жыл сайын төмендеп барады (12-орын). Аймақ тізіміне 1976 жылы сонда туып, Семейде коньки спортшысына айналған Владимир Костиннің арқасында еніп отыр. Келесі жылдың басын­да өтетін Олимпиадаға Қы­зылорда облысының атынан мәнер­леп сырғанаушы Элизабет Тұрсын­баева қатысады.

Олимпиада делегациясының көп бөлігін (әдетте 10 спортшыдан кем емес, ал 2006 жылғы ҚОО-да 17 спортшы қатысты) шаңғы спортшылары құрайды. Қазақстан құрамасында әуелде ақмолалықтар көп болатын. Сонымен қатар ШҚО мен Павлодардан және аз мөлшерде Қостанай және БҚО-дан қатысатын. Бірақ соңғы жылдары география өзгеріп, 2014 жылғы ҚОО-да еліміздің намысын Шығыс Қазақстан облысы (6), Ақмола облысы (4) және Астана қаласының (1) шаңғышылары қорғады.

Биатлоншылар тобының негізін ШҚО, Ақмола және Пав­лодар облыстарының тума­ла­ры құрайды. Сондай-ақ Шы­ғыс Қазақстанда могулдың (фрис­тайл­дың біз үшін ең нәтижелі бөлігі) бар құрамы жасақталады. Бұл аймақ жеке тау шаң­ғышылары мен трамплиннен секірушілерді де тәрбие­леуде. Шаңғы акробаттары Оң­түстік Қазақстаннан қатысады. Конь­кимен жүгірудің негізгі ай­мағы – Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары. Ал Ека­терина Айдова соңғы жылдары Қарағанды облысының атынан шығып жүр. Шорт-трекшілерді негізінен БҚО мен Қостанай дайындайды. Алматы қаласы Қысқы ойындарға үлесті трамплиннен секіру, тау шаңғысы және мәнерлеп сырғанаушы спортшылар арқылы қосады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»