Футбол • 11 Желтоқсан, 2017

Роналду Мессимен теңесті

1007 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Испанияның «Реал Мадрид» футбол клубы мен Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду бесінші мәрте «Алтын доп» иегері атанды. 32 жастағы ойыншы бұл атаққа осыған дейін 2008, 2013, 2014 және 2016 жылдары қол жеткізген болатын. «Алтын доп» саны бойынша ол енді «Барселона» және Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Мессимен теңесті.  

Роналду Мессимен теңесті

Криштиану Роналду биыл «Реал Мадрид» командасымен бірге Испания чемпионы атанып, Чемпиондар лигасында екі жыл қатарынан топ жарды. Сондай-ақ УЕФА Суперкубогі мен Испания Суперкубогіне қол жеткізді. Роналду – мадридтіктер сапында 44 ойынға қатысқан, 38 голдың және 9 нәтижелі пастың авторы. Ал Чемпиондар лигасының өткен маусымында 12 гол салып, үздік сұрмергендер тізімінде көш бастаған болатын.

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңде Португалия ұлттық құрамасы «В» тобында сынға түсіп, өз тобында бірінші орынмен келесі жылғы әлем біріншілігіне жолдама алды. Роналду құрама сапында биыл 11 ойында 11 гол соғып, әріптестеріне төрт нәтижелі пас берді.

«Реал Мадрид» шабуылшысы биыл УЕФА нұсқасы бойынша Еуропаның үздік ойыншысы атанған еді. Айта кетерлік тағы бір жайт, осы маусымда Роналду Чемпиондар лигасында кезекті рет рекорд жаңартты. Ол топтық кезеңдегі алты кездесудің бәрінде гол соққан алғашқы ойыншы.

Еске сала кетейік, «Алтын доп» жүлдесін 2016 жылдан бас­тап France Football басылымы қайта табыстады. Ал 2009-2015 жылдары бұл ФИФА-ның құзыретінде болған еді. France Football үздік ойыншыны спорт жур­налистерінің дауыс беруі арқылы анықтайды.

«Егемен-ақпарат»