Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2017

Жібек жолы бойында шөккен түйенің мүсіні тұрғызылуда

1316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жібек жолы бойында шөккен түйенің мүсіні тұрғызылуда

Асан Қайғы бабамыз Жер­ұйық іздеп, Желмаясымен жор­­тып жүріп Жуалы жерін көр­генде «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май екен, қад­і­рің­ді егін салған ел білер. Бас­қа­ның бәрін қисаң да, Жуалыны қи­май­сың, өңгеріп алып кетер ем, ат сауырына сыймайсың» деп тамсаныпты деседі. Сонымен қатар кезінде Батыс пен Шығысты байланыстырып, Әулиеата жолымен жүріп өткен керуеннің Жуалы жеріне аялдағаны тура­лы да деректер бар. Бұдан кейін, бү­гінде ауданның іргесі­нен қазы­лып жатқан көне қала­шық­тың орны да бұл жердің ежел­ден бері тарихи өлке екенін дәлел­дей түседі.

Аудан әкімі Бақ­тияр Көп­бо­сыновтың бастамасы­мен осы жерден тарихи дерек­тер не­гі­зінде шөгіп жатқан түйе­нің мү­сіні тұрғызылуда. Биік төбе­ге жол бойынан тұрғы­зы­лып жатқан Ой­сылқара түлі­гінің кел­беті жолау­шыларды таң­дан­дырмай қой­майды. Ал мұны жергілікті жұрт «дала ке­ме­­сі» деп атайды. Себебі биік тө­бенің басына орнатылған шөк­кен түйе­нің мүсінін жан-жағы­нан су қоршап тұр. Сонда сырт көзге бір қараған адамға бұл жер кі­ші­гірім арал сияқты да, шөк­кен түйе алып кеме сияқты әсер береді.

Алып мүсінді Әулиеата өңі­ріне белгілі мүсінші-суретші Қойшыбай, Бауыржан және Пердеғали Төремұратовтар сомдап жатыр. Әуелі мүсіншілер мүсіннің нобайын сызып ал­ған соң оны сомдауға кіріскен. Одан кейін тұғырын тас, арматурамен шатпақтап, бетонмен мықтап бекітіпті. Сол тұғырға жуан-жіңішке аралас сымдармен шабақталған, биіктігі 5 метр, ұзындығы 10 метр болатын алып түйенің шөгіп жатқан сұл­басы қондырылған. Бұл шаруа­ға Юрий және Валерий есімді дәнекерші жігіттер көмек беріп­ті. «Мүсін көпшілікке тастан қаланып жасалғандай әсер беруі керек. Сондықтан біз оның піші­нін жұмыр етіп сомдауға тиіс­піз. Бұл жұмыс толық аяқ­тал­­ған соң, алып мүсінді бояу жұмыс­тарына кірісеміз» дейді бұл жұмыс­қа басшылық жасап, өзі де сол жұмыстың бел ортасында жүр­ген №1 аудандық балалар өнер мек­т­е­бінің директоры Қанат Мұратаев.

Бұл мүсіннің тағы бір кере­меті бар болып шықты. Бола­шақ­­та мүсіннің ішінен көрме бөл­месін жасақтау ойда бар екен. Тіпті бұл мақсатта ескерт­кіштің бір бұрышынан есік те жасалып қойған. Енді әрі-бері өткен жолаушылар үшін шөккен түйе менмұндалап тұратын болады.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы