Елімізде агротуризмді дамытуға күш салып жүрген жоба авторы биыл «Асқабақ» мерекесіне елді екінші рет жинап отыр. Жаңа отбасылық мейрамға зиялы қауым өкілдері, өсімдіктерді қорғау саласының мамандары мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері ортақтасты.
Күз келіп, егін жиналып, ел дамыл тапқанда өткізуге болатын бұл мерекенің мақсаты тек ішіп-жеу емес. Денсаулыққа пайдалы тамақтану мәдениетін насихаттау. Ал асқабақ – нағыз қазақтың егетін дақылы. Көп күтім талғамайды. Ұзақ сақтауға болады, дейді айдалаға ағып жатқан арықтарды туған жері Алматы облысы, Кербұлақ ауданының Басши, Нұрым, Аралтөбе ауылдарына бұрып әкеліп, талай гектар жерді баққа айналдырған Гөзел апамыз.
Ақиқатында «Асқабақ» мерекесінің тағылымдық тұстары көп болды. Жастар бір ғана асқабақтан сан түрлі, дәмі тіл үйірер әрі пайдалы ас дайындауға болатынын көздерімен көрді. Тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылды.
Мереке аясында шағын көрме ұйымдастырылып, «Жасыл белдеу» атты деректі фильм көрсетілді. Асқабақтың пайдасы, жылыжай бизнесімен айналысудың жай-жапсары жайлы кішігірім дәріс өткізілді. Дастарқанға қойылған ешкі сүтінен жасалған азық-түліктердің ересен пайдасы туралы әңгімелер де көкейден шықты.
Гөзел Құлжабаеваның демеушілігімен бұған дейін де гүлстандықтар Алматы облысында 2011 жылы 2 гектар жерге қарағайлы бақ, 7 гектар жерге Көктерек бағы, 2013 жылы Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне 5 гектар алма бағы, 2015 жылы 10 гектар аумаққа «Батыр аналар» саябағы, биыл «Әуезов бағы» бой көтерді.
Ендігі жерде Гөзел Құлжабаева ханым Тәуелсіздік мерекесі күнін айрықша атап өтудің үлгісін жасауға құлшынып отыр. Ол кісінің ойынша, егемендігіміздің ең үлкен мейрамын берекелі, мәнді де сәнді етіп өткізудің жүз түрлі жолы бар.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ