Технология • 11 Желтоқсан, 2017

Жұлдыздар әлеміне апаратын Ақтөбедегі планетарий орталығы

1218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қиялға қанат бітіретін ғаламаттың бірі өзінің құпиясын әрі барлық қыры мен сырын ішіне бүгіп жататын шеті мен шегі жоқ аспан әлемі десек, қателесе қоймаспыз. Түнгі жұл­­дыз­ды аспан, көк жүзіне қонақ­та­ған әсем ай, құс жолындай сағым­данғ­ан Жетіқарақшы, таң ата туатын Шол­п­ан жұлдыз кімдердің ар­­ма­нын алыс­­қа самғатпады. Жеті қа­бат көк­­тің сырын білуге бала біткен­нің бәрі де құштар болғаны айдан анық. Ақтөбеде бұдан тұп-тура 50 жыл бұ­рын ашылған планетарий осы ар­ман­­­дар мен қиялдарды одан әрі ұш­­тау­­ға, жасөспірімдерге тылсым әлем­­нің ты­нысын сезінуге қызмет жасап келеді. 

Жұлдыздар әлеміне апаратын Ақтөбедегі планетарий орталығы

Осыдан жарты ғасыр бұрын құрылған айрықша орталықтың бүгінгі таңда да елімізде ешқандай баламасы болмай отыр. Өз қызметін тәуелсіз елімізде дербес өз жолы барын танытып үлгерген астрономия және ғарыш салаларымен тығыз байланысты жүргізіп отырған Ақтөбе планетарийінің еліміздің қоғамдық және мәдени өмірінде алатын орны бөлек. Бұл ерекше орталық аспан денелерін зерделеуге қатысты барлық талаптарға жауап бере алады. Әсіресе оның алдағы мақсатын жоғарыда аталған салалармен байланыстырғысы келетін жет­кіншек­терге тигізетін шапағаты мен тағы­лымы­на ешқандай баға жетпейді. Атал­ған плане­тарийдің директоры Қорлан Бөлеков бізге өз ой пікірін былайша жеткізді.

– Қазір ұжымда жиырма адам жұмыс істейді. Бізде түнгі аспанда жымың қақ­қан жұлдыздармен іштей сырласқысы келе­­тіндерге арналған бөлме бар. Оған бір мез­гілде елу адам сияды. Өзгеше бір жұл­дыз­дар әлеміне енуге қызығушылық таныт­қан­дар осы арада да мақсаттарына жете алады. Дамудың бүгінгі қарқынды кезеңі плане­тарийдегі техникалар мен қондыр­ғы­ларды ұдайы жаңғыртып тұруды қажет етеді.

Ақтөбе планетарийі жас талғамайды. Оның қызметімен танысқысы келген үлкен де, кіші де мұнда аспан әлемінің қыр-сыры­на қаныға алады. Бұл бағытта арнайы ашыл­ған үйірмелерге қатысуға ықылас біл­дір­ген ұл-қыздар да жеткілікті. Олардың ара­сында халықаралық олимпиадаларда жүл­делі орындарға ие болып жүргендер де бар. Пла­нетарийге келушілер қай кезде де толастаған емес. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ