Әлем • 11 Желтоқсан, 2017

Израиль премьер-министрі: Иерусалим 3000 жыл бойы Израиль астанасы болып келген

947 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Темірді қызған кезде соқ» дегендей Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамптың даулы мәлімдемесінен кейін тағы бір мәселенің шетін шығарып қалды.

Израиль премьер-министрі: Иерусалим 3000 жыл бойы Израиль астанасы болып келген

«Иерусалим 3000 жыл бойы тек қана Израиль астанасы болып келді. Ешқандай халықтікі емес тек Израильдікі. Сондықтан палестиналықтар мәселені ушықтырмай, Израиль астанасы ретінде қабылдағандары жөн. Сонда ғана бейбітшілік орнайды», – деді Биньямин Нетаньяху.

Ол араб және мұсылман елдерінің қарсылығынан кейін осындай мәлімдеме жасады. Ал Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуінде мыңдаған жылдар бойғы еврей халқының Иерусалиммен байланысын жоққа шығаруды ақымақтыққа теңеді.

«Бұл туралы өздеріңіз қастерлейтін, сүйіп оқитын Інжіл кітабында жазылған. Тіпті, өзге кітаптардан да оқуға болады. Сондай-ақ, бұл еврей қауымдастықтарының бүкіл диаспорасындағы тарихынан белгілі. Егер Израиль астанасы Иерусалим болмаса қай қала болуы керек?» – деді Биньямин Нетаньяху Париждегі кездесуде.  

«Палестиналықтар осыны қаншалықты тез қабылдайды, соғұрлым бейбітшілікке жылдам қол жеткіземіз», – деп жалғады ол.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп өткен сәрсенбі күні Иерусалим қаласын Израиль астанасы ретінде мойындаған. Осы мәлімдемесінен кейін ол АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіру туралы бұйрық берген болатын. Дегенмен, оның бұл әрекетін бірқатар мемлекет, ұйым қатаң сынға алды.

Палестина-Израиль бейбіт процесінің аясында Иерусалим қаласының мәртебесі, яғни оның бір мемлекетке өтуі, тұтастығы, бөлінуі, шекарасы келіссөздердің ең соңғы кезеңінде талқылануы тиіс болатын. Ал оған дейін бұл мәселе жөнінде екі тарап шиеленіске бармауы жөнінде келіскен. Айтпақшы, бейбіт процеске АҚШ та қатысқан еді.

Иерусалимде ислам, христиан, яһуди діндерінің қасиетті орындары көп.

Израиль мемлекет болып қалыптасқаннан бері Иерусалимді астанасы ретінде қарастырып келеді. Ал палестиналықтар кері пікірде.

Наразылық шеруі өтті

Өткен жексенбі күні Трамптың шешіміне байланысты бірқатар елде наразылық шеруі өтті. Мәселен, Бейрут қаласында тәртіп сақшылары АҚШ елшілігіне шабуыл жасамақ болғандарды көзді жасаурататын газ, суатқыш құралдары арқылы тоқтатқан. Мұндай жағдай Марокко астанасы Рабат қаласында да, Мысыр астанасы Қайрда да болған.

Палестина аумағында да қақтығыстар орын алған. Салдарынан Газа секторынан қазылған тоннельдің жарылғаны белгілі болды. Ал Индонезия астанасы Жакарта қаласындағы АҚШ елшілігінде наразылық шеруі өтті. Оған қатысқандардың қолдарында «Палестина біздің жүрегімізде» деген жазуы бар плакат болған. Швецияның Гётеборг қаласында белгісіз біреулер жергілікті синагогаға (еврейлердің ғибадатханасы) жарылғыш құралын лақтырыпты. Полицейлер ғимаратты өртемек болғандардың сәтсіз әрекеті деген болжам жасады.

Нетаньяху мен Ердоғанның теке-тіресі

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстанбұлдағы жиында Иерусалимді «сәбилерді өлтіретін» мемлекетке беріп қойып отырмайтынын мәлімдеді. Израиль премьер-министрі Ердоғанның бұл сөзін жауапсыз қалдырмады.

«Өз еліндегі күрд ауылдарын бомбалайтын, журналистерді түрмеге қамайтын, Иранға салынған халықаралық санциялардан құтылуына көмек беретін, террористерге жәрдем ететін, жазықсыз жандардың өліміне себепші боп отырған басшының сөзін тыңдауға үйренбегенмін», – деп жауап қайтарды.   

Ердоған бір сөзінде Иерусалим мұсылмандар үшін қауіпті аймақтардың бірі ретінде қала беретінін жеткізді. Сондай-ақ, Түркия басшысы Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасы қайтадан үзілуі мүмкін екенін ескертті.

Екі мемлекет араға алты жыл салып, тек өткен жылы ғана толыққанды дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан болатын.

Еуропалық одақ пен Нетаньяху

Еуроодақ басшысы Федерика Могерини Иерусалимнің Израиль астанасы атануы Таяу Шығыстағы мәселелердің шешілуіне зиян келтіретінін ескертті.

«Біз келіссөздердің қайта орнауына кез келген әрекет зиянын тигізеді деп есептейміз. Оның ішінде Иерусалим төңірегінде болып жатқан жайттар Таяу Шығыстағы дипломатиялық қарым-қатынасқа кері әсерін тигізеді», – деді Федерика Могерини.

Өз кезегінде Израиль премьер-министрі дүние жүзінің Дональд Трамптың мәлімдемесін сынағанмен, Палестина тарапынан Израильге бағытталған ракета назардан тыс қалып қойғанын жеткізді.

«Еуропаға құрметпен қарағаныммен, олардың қосарланған стандарттарын ұстануға дайын емеспін. Ол жақтан Дональд Трамп мырзаның тарихи мәлімдемесін сынға алып жатқанын естідім, бірақ Израиль жеріне бағытталған зымыран туралы жұрт үнсіз қалды», – деді Нетаньяху.

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»