Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2017

Солтүстік Қазақстанда  бөген салынды

501 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы көктемгі  су тасқынының зардаптарын  өңір  тұрғындары ұмыта қойған жоқ.  Оның салдарынан  380 тұрғын  үйді, 5 мыңға жуық саяжай учаскекелерін  су басты.

Солтүстік Қазақстанда  бөген салынды

Облыс орталығындағы Былғары зауыты ықшамауданы да көп залал шекті. Синоптиктердің айтуынша мұндай су тасқыны соңғы 60 жылда тіркелмепті. Осы аумақта қауіпсіздік шараларын нығайту мақсатымен Үкіметтің резерв қорынан 2,6 миллиард теңге бөлініп, ұзындығы 3 шақырым, биіктігі 5 метрден асатын бөген тұрғызылды. Құрылыс жұмыстарымен  «Қазпако» ЖШС айналысып, 300 адам,  200-дей техника жұмылдырылды.  Сөйтіп екі айдың ішінде пайдалануға берілді.

«Нысанды тұрғызу кезінде  көп жылғы мәліметтер жан-жақты ескерілді.  Бұрынғы бөгеннің ұзындығы  883 метр,  биіктігі  3 метр ғана болатын. Ол үйлердің бір бөлігін ғана қорғап қалды. Сондықтан барынша  нығайтылып,  судың көтерілу биіктігі есептелінді. Енді ешқандай қауіп төнбейді» , деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындармен кездесуде.  

Бүгінде Былғары  зауыты  ықшамауданында орналасқан 470 тұрғын үйде 3700-ге жуық адам тұрады. Келесі жылы  абаттандыру жұмыстары  атқарылып,  ішкі жолдар жөнделеді. Балалар алаңдары салынады.

100 мың  адам тұратын   57  елді  мекен су басу қаупі бар аймақтарда қоныстанған. Осыған орай 2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша іс-шаралар кешенінің жол картасы әзірленді.  Бөгеттер салу , құбырлар, жолдар тарту ісіне  7 миллиард теңге бөлінетін болады.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы