Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2017

Этномәдени бірлестіктер елорданың мерейтойына атсалысады

577 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы 24 этномәдени бірлестік елорданың 20 жылдығын мерекелеуге белсенді атсалысатын болады. Бұл туралы Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының XVI сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Этномәдени бірлестіктер елорданың мерейтойына атсалысады

Астана қаласы әкімдігінде «Қоғамдық сананы жаңғырту – қазақстандық патриотизмнің негізі» атты тақырыппен Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының XVI сессиясы өтті.

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, депутаттар, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдардың және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Келер жылы елорданың 20 жылдығын атап өтуге байланысты аумақтық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Осыған байланысты сессия жұмысы барысында Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Д.Мыңбай елордамыздағы этномәдени бірлестіктер өкілдерін қала мерейтойын ұйымшылдықпен атап өтуге шақырды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының ең негізгі бағыттарының бірі – «Рухан жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру екенін айтып өтті.

«Бағдарламалық мақаланың мақсаты – бәріміз бірге болашақтың жасампаздығын одан әрі өркендету үшін жұмыла атсалысуымыз керек. Оның бірінші шарты – Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің басты міндетіне айналған ұлттық кодымызды және ұлттық мәдениетімізді сақтау парызымыз», деді Ермек Аманшаев.

Елордалық ассамблеяның XVI сессиясын қорытындылау барысында қарар қабылданып, ол бойынша Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының елорда дамуына айтарлықтай үлес қосқан еңбегіне оң баға берілді.

Айта кетейік, Астанада 24 этномәдени бірлестік бар. Олар Қазақстан халқы ассамблеясы жұмыс істеген 22 жылда қоғамдық келісім мен татулықты қамтамасыз етуде нәтижелі жұмыс істеп келеді.