Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2017

ШҚО Бесқарағай ауданына жаңа әкім тағайындалды

447 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бесқарағай аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өкімімен Бесқарағай ауданы әкімі қызметіне Дәулет Батырбаев тағайындалды. Ол бұған дейін Ұлан ауданын басқарған болатын. 

ШҚО Бесқарағай ауданына жаңа әкім тағайындалды

Жаңа басшыны аудан активіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов таныстырды.

Дәулет Батырбаев 1976 жылы 7 шілдеде Семей қаласында дүниеге келген. 1998 жылы Семей мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есепке мамандандырылған экономист», 2001 жылы Новосібір гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.  

Еңбек жолын 1998 жылы Семей қаласында Новосібір гуманитарлық институтында әдіскер болып бастады. Бірнеше жыл «Азия» Фирма» ЖШС-інде брокер, директор, сонымен қатар, жеке кәсіпкер болып еңбек етті. 2009 жылы мемлекеттік қызметке келіп, Өскемен қалалық кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінде бас маман, 2010 жылы облыс орталығының Меновное ауылдық округі әкімінің орынбасары болды. Кейін бір жыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бөлім басшысы қызметіне ауысты. 2012 жылы Ұлан ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімнің басшысы, сол жылдың шілде айында Ұлан ауданы әкімінің орынбасары қызметіне ауыстырылды. Бұл лауазымда 4 жыл бойы еңбек етті. 2016 жылы қаңтарда Ұлан ауданы әкімі болып тағайындалды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы