Әлем • 11 Желтоқсан, 2017

Калифорнияда алапат өрттен 200 мың адам зардап шекті

482 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Калифорния штатында орман өрті басылар емес. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды бір аптаға жуық уақыт ауыздықтай алмай келеді.

Калифорнияда алапат өрттен 200 мың адам зардап шекті

Жергілікті биліктің хабарлауынша өрттің жылдам таралуына ылғалдылықтың төмендігі, қатты жел тікелей әсер етіп отыр. Қазіргі уақытта штатта табиғат апатына дайындықтың жоғарғы деңгейі енгізілді.

Тілсіз жауға қарсы күреске 5700 өрт сөндіруші жұмылдырылды. «Томас» ошағы оның ішіндегі ең ірісі есептеліп отыр. Ол жолында кездескен 430 үйді жалмап өткен. Апатты аймақтан 200 мыңнан астам көшірілген. Үш өрт сөндіруші жарақат алды. Сондай-ақ, көлік ішінен дер кезінде шыға алмай қалған бір әйелдің мүрдесі табылды. Бұдан бөлек жүздеген ғимарат жарамсыз болып қалды.

Спутниктік фотосуреттерде «Томастың» Тынық мұхитының жағалауына дейін созылғаны көрінеді. АҚШ президенті Дональд Трамп Калифорния штатында төтенше жағдай енгізу туралы федералды жарлық шығарды.

Тілсіз жау Калифорниядағы ауыл шаруашылығына үлкен залалын тигізді деген қауіп бар. Қазірдің өзінде авокадо плантацияларының айтарлықтай бөлігін жойды. Бұл сала штат экономикасына миллиондаған пайда келтіріп отыр.

Калифорнияға қарасты Лос-Анджелес қаласы үлкен шығынға батып отыр. Дәулетті Бель-Эйр қаласында біраз үйлер отқа оранды. Дегенмен, өткен сенбі күні өрт сөндірушілер бірнеше ошақты сөндіре алды.