Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Д.Мыңбай мен Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.Божко, Қазақстан Республикасы Кәсіпордақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым, Парламент депутаттары, әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА мүшелері, демеушілер.
«Мен Қазақстандағы барлық қайырымгерлердің атын жеке-жеке атап өткім келеді. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі, олардың саны көп, жылдан-жылға артып келеді. Барлық қайырымды жандарға алғыс айтамын. Олардың саны бүгінде 950-ден асып түседі және белсенді әрекеттерімен бір жарым мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Қайырымдылық арқылы біз барша адамды біріктіре аламыз», деді Д.Мыңбай.
Айта кетейік, форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясының қорытындысы шығарылып, қайырымдылықты дамытудың және «Туған жер» бағдарламасын іске асырудың өзекті мәселелері де талқыланды. Одан басқа, іс-шара аясында биылғы жылы Мемлекет басшысы азаматтардың меценаттық және қайырымгерлік қызметті дамытудағы еңбегін көпке таныту және ынталандыру үшін тағайындаған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгісі тұңғыш рет салтанатты түрде тапсырылды.
Естеріңізде болса, ҚХА-ның XXII сессиясында Мемлекет басшысы мүдделі органдармен бірлесіп, елдегі барлық қайырымдылық акцияларын ҚХА қамқорлығы аясында жүргізу мәселесін пысықтауға тапсырма берген. Ал «Қайырымдылық керуені» акциясы – қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру мен қазақстандықтардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейтуге бағытталған жоба. Ол Ассамблеяның әлеуметтік жобаларының қисынды жалғасы болып табылады.