Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2017

 Петропавлдық сот орындаушылар балаларды анасына күштеп әперді

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екі қызын төрт жыл бойы бағып-қағып өсірген  Данияр Тоқжанов сот шешімін амалсыз орындап, жазасын өтеп шыққан бұрынғы әйеліне беруге мәжбүр болды.

 Петропавлдық сот орындаушылар балаларды анасына күштеп әперді

24  жастағы Марияш есімді келіншек алаяқтық жолмен 31 адамды  алдап,  71 миллион теңгені қалтаға басқаны үшін  абақтыға  қамалғанда Әдемі екі жаста, Айдана төрт айда қалған. Ол түрмеден босаған соң  балаларды өз еркіңмен бер деп бірнеше рет талап еткенімен мұнысынан түк өнбесін біліп,  сотқа жүгінген. Сот орындаушылар мен тәртіп  сақшыларынан құралған топ пәтерге келіп, сот шешімін күштеп орындауға кіріскенде  әкесінен бір елі  ажырамаған бүлдіршіндер үйді басына көтеріп, құлын даусы  шырқырай шыққанда  көршілердің сай-сүйегін сырқыратты. Аналары  абақтыға тоғытылғанда естері кіре қоймаған екеу оны мүлдем бөтен  адамға жорып, зәре құттары қалмай азар да безер болды.  

Сот орындаушы Андрей  Вахрамеевтың  айтуынша  заң талаптары бойынша балалар анасымен бірге тұруға міндетті. Сот шешімі шыққандықтан  күштеп алуға толық қақылары бар.

Бостандықтың таза ауасын жұтқан келіншек болса  кінәсін түсінгенін, абақтыда тігінші мамандығын игергенін, жұмысқа орналасатынын, қыздарын тәрбиелей алатынын алға тартады.  

Сәбилердің жанұшыра қарсыласқандарына қарамастан ақыры  алып кетті. Көз жасына ерік берген әке жалғыз қала берді.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы