Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2017

Алматыда «Чунцин келбеті» көрмесі ашылды

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінің ғимаратында Қытай Халық Республикасының Чунцин қаласының халықтық басшылығының ұйымдастыруымен «Чунцин келбеті» бірегей фотокөрмесінің ашылу рәсімі өтті. 

Алматыда «Чунцин келбеті» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Алматы қаласындағы Қытай Бас елшілігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті, Конуции институты ұйымдастырған аталмыш көрмеде Алматы қаласындағы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі Руслан Бөлтіріков, Алматыдағы Қытай Бас консулы Чжан Вэй сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың аса маңызды екенін атап өтісті. «Қазақстан–Қытай ынтымақтастығының заманауи кезеңі 1992 жылдың қаңтарынан, тәуелсіз Қазақстан Қытай Халық Республикасымен ресми дипломатиялық миссиялық қарым-қатынастар орнатқан кезден басталған. Екіжақты тату көршілік қатынастарды орнату мен оларды дамыту – Қазақстанның сыртқы саясаттық халықаралық қызметінің ең маңызды бөлігі», деп атап өтті Руслан Ескендірұлы.

ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Ажар Юсупова  өз кезегінде: «Фотокөрменің мақсаты – Қазақстан халқына Қытай мәдениеті мен тілін таныстыру, екі елдің білімі мен мәдениеті, ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту, дамыту. Әр үш жылда бір рет Қытай Бас консулдығының мұрындық болуымен Қытайдың ең ірі қалаларының көрмесі өткізіліп тұрады. Мәселен, 2013 жылы Шанхай қаласының келбетіне қатысты көрме ұйымдастырылды. Әр қаланың фотокөрмелері қазақстандықтардың Қытаймен танысу ниетінен туындап отырған бастама. Ал Пекин қаласында ҚР Ұлттық кітапханасының әдеби орталығы ашылған, онда да қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қатысты көрмелер жиі өткізіліп тұрады» – дей келе,мұның бәрі екі ел арасындағы ынтымақтастықты күшейту үшін атқарылып жатқан шаруалар екенін жеткізді. 

Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімшілігінің Мәдениет басқармасы, ҚР кітапханасы, Алматы қаласындағы ҚХР Бас елшілігі, Чунцин халықтық өкіметінің Насихаттау бөлімі, «Чунцин» газеті бірлестігі, «Бүгінгі Чунцин» журналы бірлестігі, Алматы қаласының ғылыми мекемелер өкілдері мен белгілі блогерлер, баспалар басшылары қатысқан «Чунцин келбеті» фотокөрмесі аясында ақылды резеткі, қадағалау камерасы, ақылды шам мен тұрмыстық техниканы басқаруының инфрақызыл топтамасынан тұратын үйді автоматтандыру жүйесі көрсетілетін «Xiaomi» қытай интеллектуалдық компаниясының «Ақылды үй» көрсетілімі болды. «Ақылды үй» жүйесі Қытайда ғана емес, бүкіл әлемдегі соңғы жылдар трендінің бірі саналатыны айта кеткен жөн.

«Атап  өтерлігі, Чунцин – Қытай еліндегі халқының саны 32 млн адамнан асатын, үш мың жылдық тарихы бар, мәдени-тарихи ескерткіштер мен белгілі тарихи көрікті жерлерге: мұражайларға, ғибадатхана кешендеріне, жартастардағы салынған бедерлерге, үңгірлерге, сәулеттік жауһарларға бай қала, – деп атап өткен Чунцин дейли» баспалық топтың президенті Сянь Цзэинь мырза: – «Бір белдеу – бір жол» жобасына байланысты біз өз жолымызды Қазақстаннан бастадық. 2013 жылы Чунцин қаласында Қазақстан елінің көрмесі өткен еді. Ал бүгінгі көрменің басты мақсаты – екі ел арасындағы достықты, ынтымақтастықты, экономиканы, сауда-саттықты, білім беру саласындағы қарым-қатынасты арттыру болып табылады. Мен Алматыға бір емес, бірнеше мәрте келдім. Маған Алматының тауы қатты ұнайды. Қытаймен салыстырғанда ауасы да әлдеқайда таза екен. Бүгінгі көрме екі ел арасындағы маңызды ынтымақтастықтың жалғасы деп білемін», – деді.

Чунцин қаласының ерекшеліктерін айшықтайтын 40-тан астам фотосурет қойылған көрмеде сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Аспан асты елінің сирек қолжазбалары мен кітаптары ұсынылған «Кітап халықтарды біріктіреді» атты көшпенді кітап көрмесі де ұйымдастырылды. ҚР Ұлттық кітапханасында 2016 жылы ашылған Қытай мәдениеті және әдебиеті орталығындағы қытай тіліндегі 12 мыңға жуық кітаптың Қытайдың мәдениеті, көне мәдениеті, даму тарихына қатысты бірқатар таңдамалы кітаптары осы көрме төрінен орын алыпты. Көрмеден өзге, Конфуции институтының өкілдерімен дайындалған дәстүрлік қытайлық шәй рәсімі беріліп, көне музыкалық аспаптар ойналды.

Мира Байбек,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ