Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Астанада екі ұжымдық монография таныстырылды

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстан Республикасының коммуникациялық саясаты: қазіргі жай-күй және даму перспективалары» және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы» деп аталатын ұжымдық монографиялар таныстырылды. 

Астанада екі ұжымдық монография таныстырылды

Іс-шара Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де Еуразиялық интегра­ция институты тарапынан ұйым­дас­тырылды. Монографиялар Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру тұрғысынан жарыққа шыққан.

Ғылыми еңбектер кешенді әлеу­меттік зерттеулердің нәти­желері және еліміздің ғалымдары мен са­рапшыларының ауқымды талдау­ларына сүйене отырып жасал­ған. Мәселен, монографияларда қазақстандықтардың әлеуметтік көңіл күйі мен халықтың мемле­кет­тік орган қызметіне сенімінің дең­гейі секілді бірқатар тақырыптар қамтылған.

Жиында сөз сөйлеген Еура­зия­лық интеграция институтының директоры Ғани Нығметов осы моно­графияларда мемлекеттің ком­муникациялық және әлеуметтік сая­сатын қоғамның қабылдауы тұрғысынан мұқият және жан-жақты зерттеу жасалғанын жеткізді. Осы еңбектің нәтижесінде ғылыми қолданысқа «интеграциялық-коммуникациялық саясат» атты термин енгізіліп, оны тиімді іске асыру практикасы көрсетілді. Ғ.Нығметовтің айтуынша, зерттеу нәтижелеріне сүйеніп нақты ұсы­ным­дар әзірлеу барысында ашық талқылау алаңдары қолданылған.

Іс-шараға ғылыми-сарап­шылық қауымдастықтардың өкіл­дері, монография авторлары мен рецензенттері қатысты. Моно­графияларда тың деректер, тұжырымдамалық мәселелер қамтыл­ғаны, еңбектердің ғылым мен білім берудегі маңызы жоғары екені атап өтілді. Жиналғандардың айтуынша, жүргізілген зерттеу­лер Ел­басы ұсынған ауқымды өзге­ріс­терді қазақстандықтардың кеңінен қолдап отырғанын айғақ­тайды. Сонымен қатар ұсы­ныл­ған мате­риалдардың заң шығару процесін жетілдіруге де үлес қосатыны айтылды. Моно­графияларды алдағы уақытта 50-ге жуық жоғары оқу орындарының әлеу­меттік-гуманитарлық кафедра­лары мен Қазақстан халқы Ассам­блеясының кафедраларында оқу-әдістемелік құрал ретінде қолдану жоспарда бар.

Шарада ұжымдық моно­гра­фиялардың бірлескен авторлары мен рецензенттері сөз сөйлеп, қоғамдық сананың құндылық негіздерін сақтауға қазақстандықтардың тартылу деңгейін жүйелі түрде өлшеу форматын жалғастыра беру қажет екенін атап өтті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»