Құлынында құнаннан озған
Зілсіз, сыпайы айтылғанымен, осы бірауыз сөздің мағынасы тым тереңде. Өйткені Ахмет Қуанұлы еуропалық композиторлар секілді жастайынан жүйелі музыкалық білім ала алмады. Жасы 24-тен асқанда ғана консерватория табалдырығын аттады. Сөйте тұра музыкаға деген зор құштарлығының арқасында тыңнан түрен салып, республикадағы бүкіл өнертану ғылымының жолбасшысына айналды. Осындайда әлем мәдениетінде сирек айтылатын маэстро сөзі еріксіз еске түседі. Өнердің хас шебері деген мағынаны білдіретін бұл атау кез келген музыкантқа айтыла бермейді. Биыл туғанына 120 жыл толып отырған сұңғыла білімпаз, композитор Ахмет Жұбановты да осылай атасақ, әбден жарасымды. Ендеше, мерейтой қарсаңында маэстро өмірінің мерейлі мезеттерінен сыр шертейік...
Ахметтің қалыптасуына әкесі Қуан мен ағасы Құдайбергеннің ықпалы зор болды. Заман ағымын ерте аңғарған Қуан балаларын мал соңына салмай, оларды қалайда оқыту жайын көздейді. Сөйтіп, ауылдан медреселі мешіт салдырып, Омар, Оспан атты ағайынды оқымыстыларды жаңа мешітке шақыртқан. Алыстан ойлайтын ақылды әке бұны да місе тұтпайды. Ақтөбе облысындағы Темір-Орқаш болысында екі орыс-қазақ училищесі ашылуға тиісті екенін естіп, Орынборға барып, сол училищенің біреуін өз ауылынан аштыруға рұқсат қағаз алыпты. Сол арызы әлі күнге дейін Орынбор архивінде сақтаулы. Сондай-ақ Қуан Жұбанұлы қазақ, орыс, татар тілдерінде шығатын газет-журналдарды жаздыртып алып тұрған. Бұның бәрі ауыл адамдарына біртүрлі таңсық көрінетін еді. Есесіне Қуанның балалары шеттерінен зерек болды.
Тұңғышы Аққат атты қыз бала дүниеге келгенде атасы Жұбан өз бауырына басады. Өзі кіндіктен жалғыз Жұбанға ұл бала ерекше қымбат екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан екінші баланың атын Құдайберген деп қойып, ешкімге қол қақтырмай, осы немересін де ата-әжесі меншіктейді. Тіпті «Құдайбергенге жуылған көйлек кигізбеңдер! Күнде жаңа көйлек тігіп беріңдер! Бала жеңіне қарап өседі!» дейді екен атасы Жұбан. Үлкендердің мұндай қамқорлығынан кейін Қуан мен Бибішынардың еншісіне бала қайда?
Осы шаңырақта Дәмет, Зиба, Ақиба атты үш қыздан кейін 1906 жылдың сәуір айында шекесі торсықтай Ахмет атты ұл бала дүниеге келгенде, үй іші ғана емес, ағайын-туыс, жора-жолдастың барлығы бірдей қуанып, алыс-жақыннан сүйінші сұрасыпты. Қыстан аман шыққан айналадағы жұрттың әнші, күйші, ақын-жыршысы түгел Қуанның ауылына жиналып, сол жазда осы ауылда көп қонақтаған екен. Сөйтіп, бала Ахметтің бесігі туған күнінен бастап-ақ ән-күй, жыр-дастан, әзіл-қалжыңмен тербетілген деседі...
Ахметтің әуенге деген әуестігін байқап, өнерге алғаш баулыған ауылдың қарт домбырашысы Талым деген кісі болыпты. Тұңғыш рет одан «Штат» деген күйді үйренгенде Ахмет бар-жоғы 5 жаста екен.
Ал «Ағайынды Жұбановтар» деген тіркес Құдайберген мен Ахметке ауыл мектебінде жүрген кезде-ақ таңылған көрінеді. Аралары 7 жас болатын екі ұлын бір мектепке, бір сыныпқа берудегі әкенің арманы – бауырлардың бір-біріне бас-көз болып, бірге өссін дегендік еді. Бұл туралы филология ғылымдарының кандидаты Мүслима Жұбанова әкесі айтқан мына бір естелікті келтіреді.
«Мектепте бізді ағайынды Жұбановтар дейтін. Ал әрқайсымызды бөлек атағанда, мені «бірінші Жұбанов», Ахметті «екінші Жұбанов» деуші еді. Ахмет бізбен бірге оқыған балалардың ішіндегі ең кішкентайы болды. Ұстазымыз «бірінші Жұбанов тұр» дегенде мен тұрамын. Ал «екінші Жұбанов тұр» дегенде Ахмет тұрады. Бірақ орнынан тұрғанда оның бойы партадан көрінбей қалатын. Сол кезде балалар да, ұстаз да мәз болып күледі. Күлмейтін жалғыз мен. Оның қолынан жетелеп, партадан шығарып қоямын, сол жерде тұрып, мұғалімнің сөзіне жауап береді. Бізді «ағайынды Жұбановтар» деп атауға себеп болған тек екеуміздің бір кісінің баласы болғанымыз емес, екеуміз бірдей жақсы оқығанға таңғалып, ұстаздарымыз аузынан тастамайтын еді», депті Құдайберген Жұбанов қызына айтқан естелігінде...
Дәуір дауысын созған
1929 жылы аспирантураға бара жатқан Құдайберген талабы таудай інісін Ленинградқа ертіп әкетеді. Сол кезеңдерде Ахмет талай дүлдүлді түлеткен Римский-Корсаков атындағы консерваторияның білімінен сусындады. Мұнда ол профессор Ф.Ниман деген кісіден гобой аспабы бойынша және дирижерлеуден сабақ алып, басқа да теориялық пәндерге мықтап ден қояды. Сонда жас жігіттің қиялы шартарапты шарлап: «Шіркін-ай, ғасырлар бойы бұйығы ауылдан әрі аспаған қазақтың қара домбырасы мен қобызын қосып, оркестр құрар ма еді!» деген тәтті ойларға берілетін...
«Ол күллі кеңес одағындағы консерваториялардың ішіндегі жалғыз қазақ, консерваторияға алыс Қазақстаннан, мүмкін, тіпті, күллі Орталық Азиядан «музыкалық Еуропаға терезе ашып беру» үшін келген тұңғыш талапкер еді. Оның мақсаты аса зор, ал мүмкіндігі өте шағын еді. Сол зор мақсат пен туған халқының алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіне білудің арқасында ол ерте есейді, үнемі ширығып өмір сүрді», деген екен Ахмет Жұбановты осы кезден бастап танитын композитор Евгений Брусиловский өзінің естелігінде...
Осылайша, дала берген дарынын теориялық біліммен ұштастырған Ахмет 1933 жылы қазақ үкіметінің арнайы шақыртуымен Алматыға келді. Өйткені жаңадан қалыптасып жатқан мәдениет саласын аяғынан қаз тұрғызуға Жұбанов секілді кәсіби маман керек еді.
Музыка техникумында оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп Ахмет Қуанұлы халық аспаптарын үлкен сахнаға шығару жолын жадынан тастамады. Сол мақсатта техникум жанынан халық музыкасын зерттеуге арналған ғылыми кабинет пен ұлттық музыка аспаптарын жасап-жаңғыртатын арнайы шеберхана ашады. Сөйтіп, он бір адамнан құралған домбырашылар ансамблі дүниеге келді. Бұл кейіннен атағы әлемге жайылған даңқты Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің іргетасы болатын. Дер кезінде құрылған оркестрге халық шын қуанды. Жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Елім деп өткен ер еді» мақаласында бұрын-соңды халық күйлері бейтаныс аудиторияларда, көп халық бас қосқан үлкен жиындарда орындалмағанын айта келіп, сол уақытта домбыраның мадақталмақ түгілі, мансұқ етіле бастағанын ашына жазған еді.
«Қазақ астанасындағы «өз білгіштеріміз» драма театрының сахнасында Құрманғазының небір саңлақ шығармаларын орындаған Уақап Қабиғожинді іш пыстыратын «мәнсіз ұзақ тартыс» деп қызметтен қуып жібереді. Сөйтіп, күй 1934 жылдың маусымына дейін сүтке тиген күшіктің халін кешіп, сахнадан өгейлік көріп, көрепара қақпайланып келді», дейді жазушы.
Бұны жақсы білетін, бірақ «қалайда домбыра үнін дүйім жұртқа естіртемін» деген Ахмет жер-жерден жиналған дәулескер домбырашы, қобызшы, сыбызғышы-сырнайшылармен ұлт аспаптары оркестрін құруға бар күшін салады. Әрине, осындай ұлы мұрат жолында кедергі аз болған жоқ. Оркестр мүшелерінің әрқайсысы дара дарын болғанымен, олардың ноталық сауатсыздығы дирижерді біраз әбігерге түсірді. Бірде Жұбанов ауылдан келген күйшілерден: «Кәдімгі шайдың өлшемдерін білесіздер ме?», деп сұрайды. Сонда домбырашылар: «Білгенде қандай, қадақ, жарты қадақ, ширек қадақ, әсмөшке», деп тұс-тұстан жамырай жауап беріпті. Сонда Ахмет Жұбанов оларға: «Тон деп аталатын белгілі бір сазды дыбыс та тап солай бөлшектенеді», деп түсіндірген екен. Мінеки, ұстаздық етуден жалықпайтын нағыз педагогтің сипаты осындай болса керек. Одан бөлек, домбыралардың түрлі формалы болуы, құлақ күйі мен пернелерінің әрқилылығы, сондай-ақ оркестрге керекті басқа да аспаптардың жетімсіздігі көп қажыр-қайратты қажет етті. Осы секілді қаншама қиындықты Ахмет Жұбанов қаймықпай еңсере білді. Бұл қайраткер композитордың мәдениет майданында жасаған ерлікке пара-пар реформаторлық қадамы еді. Өйткені бұрын қазақ сахарасының әр қиырында «өз мұңы өзінде болып» келген музыкалық аспаптардың оркестр дегеннің аясына бірігіп, классикалық қалыпқа түсуі – сөзсіз үлкен жаңалық болатын.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде Ұлт аспаптар оркестрі үлкен концерттің шымылдығын ашты. Айтпақшы, осы жалғыз оркестрдің негізінде Жамбыл атындағы ұлттық филармония құрылып, оған да Ахмет Жұбанов жетекшілік етті. Ал 1944 жылы Ташкенттегі онкүндікте «Қазақтың ұлттық оркестрі басқа Орталық Азия елдеріне үлгі боларлық дәрежеде» деген жоғары баға алды. Осылайша, «Домбыра, қобыздан ештеңе шықпайды, оларды жиып қойып, балалайка, мандолинаға көшу керек. Бұл аспаптардың орны – сахна емес, мұражай» дейтіндердің ауыздарына құм құйылды...
Жадтан хатқа жазған
Ұлттық музыка тарихына деген құштарлық Ахмет Жұбановты ғылым сүрлеуіне алып келді. Ол бұған дейін ауызша тарап, әртүрлі нұсқада айтылып жүрген әндерді, халық композиторларының өмірбаяндарына қатысты деректерді ел арасынан жинап, архивтен тауып, ғылыми әрі көркем шығармалар сапында оқылатын кітаптар жазды. Мұның бәрі инемен құдық қазғандай күрделі жұмыс еді. Ғалымның тырнақалды туындысы – «Музыкалық әліппе» оқулығы. Бұл – музыка жөнінде қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш кітап.
Одан кейінгі «Қазақ халқының музыкалық мұрасы», «Құрманғазы», «Қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосы», «Ғасырлар пернесі», «Дәулеткерей», «Замана бұлбұлдары» секілді соны деректерге бай еңбектері де ғылыми ортамен қатар, жалпы жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын кітаптарына айналды. Сөйтіп, 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы ашылғанда доктор, профессор Ахмет Жұбанов (Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Бектұров, C.Кеңесбаев, H.Сауранбаевтармен бірге) ұлт оқымыстыларынан тұңғыш сайланған алты академиктің бірі болған еді.
Жұбанов атқарған ең үлкен жұмыстың бірі – күй өнерін «қолдан үйрену» шеңберінен шығарып, оны ноталық сауат арқылы оқыту жолын орнықтыруы. Осылайша, ноталық білімнің арқасында жүздеген күйдің бастапқы нұсқасы жоғалмай һәм өзгеріске түспей, қағазға хатталып, келер ұрпаққа саф күйінде жетті. Сондай-ақ оның бастамасымен көне заман перзенттері – қобыз бен домбыра консерваторияның оқу бағдарламасына енгізілді.
Салыстырмалы түрде айтсақ, әдебиет әлемінде Абай бейнесін сомдаған Мұхтар Әуезов болса, күй өнерінде Құрманғазының дара тұлғасын айқындап берген академик Ахмет Жұбанов еді. Бұл туралы Кеңес Одағының батыры, әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы да ашық айтыпты.
«Біз дос та емес едік, қас та емес едік. Ол кісіге мынадай баға беремін. Бірінші бағам – ол әлдеқашан өліп қалған Құрманғазыны «тірілтті». Әрі-беріден кейін ол кісі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін құрды. Құрманғазы күйлеріне өңдеу жүргізіп, оны оркестрде орындайтын етті. Мұны мен Ахаңның үлкен адамгершілік, үлкен азаматтық еңбегі деп санаймын. Екінші бағам, домбыра деген нәрсе бар ғой. Осы домбыра жағынан да ол кісінің еңбегі өте биік. Домбыра – өте нәзік аспап. Ахаң соның үнін жақсартты, пернелерін өзгертті. Ішек орнына сым жұмсады. Сөйтіп, ауылдың қара домбырасын Ахаң классикалық музыка оркестріне айналдырды. Ол кісі күйіміздің өзін кейбір симфониядан асырды», деп Б.Момышұлы саз әлемінің сардары туралы әділ бағасын берген.
Қазақтың тұңғыш профессионал композиторы да Ахмет Жұбанов. Ол музыканың әр жанрында көптеген шоқтығы биік шығармалар жазды. Бәрін атап шығу мүмкін емес. «Қарлығаш», «Ақ көгершін» сияқты сұлу сазды әндерін айтпағанда, Латиф Хамидимен бірігіп жазған «Абай» операсы шын мәнінде кәсіби кемеліне әбден келген тұңғыш қазақ операсы еді. Қазақтың тұңғыш көркемсуретті «Амангелді» фильміне де (композитор Гнесинмен бірге) жазған музыкасы – қазақ мәдениетіне қосылған сүбелі үлес.
Өнер кенішін қазған
Жұбановтың қазақ өнерін өркендетудегі жанқиярлық еңбегі, Әуезов айтқандай, күл астында сөнуге айналған әлсіз шоқты үрлеп жалын шығарғандай машақаты мол жұмыс еді. Ол еліміздің түкпір-түкпірін аралай жүріп, өнерге құштар жандарды жарық күні шамшырақ алып іздеді. 70-тен асқан күйші Динаны сонау Астрахан облысынан Алматының төріне табандылық танытып жүріп көшіріп алғаны, ауласында домбыраны бебеулетіп жатқан 6 жасар Нұрғисаның қабілетін байқап, оны музыка класына түсіргені, Кенен ақсақал мен Еуропаның атақты композиторы Евгений Брусиловскийдің тілін тауып, ұлттық музыка жолында ұлыларды ұйыстыра білуін – Ахаңның сөзсіз іскерлігі деп білеміз. Ол болашақ өнерпаздарды оқу орындарынан ғана емес, өңдіріс ортасынан, салынып жатқан құрылыс маңынан іздестірген. Жұмысшыларға домбыра тартқызып, икемі барларын өзі баулыған.
«Ақтық демі таусылғанша атақты оркестрдің қақ төрінде контрабаста ойнап өткен марқұм Самиғолла Андарбаев 1938 жылы Фурманов, Киров көшелерінің бұрышындағы төрт қабатты тұрғын үйді салып жатқан бригаданы басқарып жүрген кезінде Ахметтің қалай іздеп тауып, үгіттеп, оркестрге алып кеткенін майын тамыза әңгімелеп отырушы еді», деген Әбіш Кекілбайұлының осы бір естелігі жоғарыдағы сөзімізді тиянақтай түспек.
Ол өнер кенішін осылай қазды. Тереңнен тапқан қазыналары да жарқырай көрінді. Бірде Нұрғиса Тілендиев: «Ахаң болмаса, анау Қаршыға, мынау Бек бола ма, анау Құрманғазы, анау «Отырар сазы» бола ма? Міне, Ахаң мен бесікте жатқаннан жалпы өмірімде бағынатын пайғамбарым», деген екен.
Бүгінде алты Алаштың алақанынан асып шығып, алты құрлықтың алтын дауысына айналған дүлдүл Димаш та – Ахаң салған сара жолдың заңды жалғасы. Әлем қазақ әніне тамсанып қана қоймай, тарихын таныса, оның түп-тамыры Ахаң қалыптастырған кәсіби музыка мектебіне барып тіреледі. Тілінің күлдіргісі де, күйдіргісі де мол Ахмет Жұбанов бір жиында сөйлеген сөзін «Өлген адам тірілердің көзін ашып кетеді» деп аяқтапты. Сірә, өзін айтқан болса керек...