Өндіріс • Бүгін, 09:02

Қалдықты қайта өңдейтін кәсіпорын

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресми деректерге үңілсек, жыл сайын еліміздің әр аймағынан 5 млн тоннадан астам қоқыс шығарылса, соның шамамен 1 миллионы сұрыпталады екен. Сұрыптаудан өтпеген басқа қоқыс түгел арнайы полигонға көміледі. Тұрмыстық қалдықтарды жинау, қайта өңдеп, кәдеге жарату туралы тапсырманы әкімдіктер қолдағанымен, шаруаны үйлестіру, салаға инвестиция тарту оңай шаруа емес. Жуырда қауіпті-қауіпсіз қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеумен айналысатын «НТП Kazecotech» ЖШС жұмысымен арнайы танысып қайттық.

Қалдықты қайта өңдейтін кәсіпорын

Қала көшелерінде қоқыс жинайтын жәшіктердің тұрғын үйлерден оқшау тұратынын білеміз. Сол маңда қоқысты сұрыптайтын контейнерлердің түр-түрін көріп жүрміз. Шыныны, пластикті бөліп жинауға дағдыланып та қалдық. Жәшіктердің бір бөлігі құрамында сынап бар улы энергия үнемдегіш шамдарды жинауға арналған. Дәл сол жәшікке батарея мен қарапайым, пішіні дөңгелек келген шамдарды да жинаймыз. Елордадағы «НТП Kazecotech» кәсіпорны дәл сол контейнерлерді санитарлық талапқа сай жинап, қоқысты өңдейді, адам ағзасына, табиғатқа аса зиян улы заттарды жояды. Компанияның ғимараты «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық айма­ғының индустриялық паркі аумағында орналасқан. Қалдықтарды мекеменің жүргізушілері көлікке тиеп, сол маңға жеткізеді. Дәл осы шаруаға жауапты жұмысшының бірі, көлік жүргізушісі – Марат Анапияев. Оның ұжымда еңбек етіп жүргеніне 5 жылға жуықтаған.

«Кәсіптік-техникалық білім алған соң, бірден осы зауытқа жұмысқа орналастым. Біздің жұмысымыз энергия үнемдегіш шамдарды жинаумен байланыс­ты. Қызғылт-сары жәшіктер қала­ның барлық ауданында бар. Төрт жүргізуші соның барлы­ғын жинап үлгере­міз. Сынаптың өзі улы болған соң, сақтық шараларын қатаң сақтай­мыз. Сынап төгілген жағдайда талапқа сай залалсыздандырамыз. Бір өкініштісі, вандализм тыйыл­май тұр. Жәшіктің сыртында қандай заттарды қалай жинауға болатыны туралы нұсқаулық көрсе­тілгенімен, оны елеп-ескер­мейтіндер көп. Амал жоқ, қоқыс­ты сорттап отыруға тура келеді. Аудандарды бөліп-жарғым кел­мейді, бірақ Есіл ауданының тұр­ғындары шамды, батареяны бөліп жинауға ұқыптырақ қарай­тынын байқадым. Өзге аудандар да есілдіктерден үлгі алса құба-құп», дейді М.Анапияев.

прои

Серіктестік жұмысшыла­ры Ас­танамен қоса, Теміртау қаласынан келетін зиянды заттарды жоюмен айналысады, сынап төгілген орындарды залалсыздандырады. 2023–2025 жылдары елорданың қоғамдық орындарында сынап төгу бойын­ша 4 жағдай тіркеліп, салдары жойылған. Шамамен 5 кг сынап жиналып, 1000 кг-нан астам топырақ демеркурацияланыпты.

Кәсіпорын шыныны үгітіп, құрылысқа пайдаланса, сынап­ты кәдеге жарататын өзге компа­нияға жөнелтеді. Жұмыс барысын кә­сіпорынның инженер-эко­­ло­гі Антон Пронькиннен сұ­радық.

«Шамдарды алдымен үгітеміз. Сосын шыныдан сынапты ажыратып алуымыз қажет. Ол үшін шамның қалдығы өңдеудің екінші кезеңіне өтеді. Бұл іске адам араласпайды. Құрылғының шағын бөшке тәріздес бөлігіне жиналған затты 350 C-тан жоғары отта қыз­дырғанда сынап буланып, конденсат секілді пештің іргесіне жинала бастайды. Одан әрі әлгі затымыз екінші бөшкеге өтіп, азот арқылы мұздатылады. Дәл осы кезеңде сынап түтікше арқылы өзге бөшкеге тамып, жиналады. Шыны ұнтағынан сынапты осылай бөліп аламыз. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған, құрылғы пультпен басқарылады», дейді ол.

Бұдан кейін тұрмыстық, өн­дірістік, медициналық қалдық­тарды, биологиялық материалдарды экологиялық қауіпсіз жолмен жою үдерісімен таныстық.

«HURIKAN 500» деп аталатын инсинераторымыз бірнеше бөліктен, екі камерадан, газ таза­лайтын жүйеден тұрады. Жұ­мыс­шы қоқысты жоймай тұ­рып пешті әбден қыздырып алады. Бірінші камера 800 С-қа дейін, екінші камера 1000 С-қа дейін қыздырады. Зиянды меди­циналық құралдарды бірінші камера арқылы салған соң, қат­ты қалдықтары түгел жанып бі­теді. Алайда одан бөлінген газ­­дың құрамында фуран, диок­син секілді атмосфераны лас­тай­­тын заттар болады. Ол газдар екінші камераға өтеді де 1000 С-та жойылады. Одан жойыл­ма­ған газдар газ тазалайтын жүйе­ден өтіп, түгел залалсыздана­ды. Сосын, медициналық қал­дықтардан қалған күл экология­лық талаптарға сай, қауіп­сіз саналған соң оны құры­лыс­та алаңсыз қолданамыз. Қысқа­сы, екі құрылғыдан қалған қалдық­тардың өзі кәдеге жарап тұр», деді А.Пронькин.

Дәл қазір мұнда 20 адам ең­бек етеді екен. Санаулы адам болса да, автоматтандырылған құралдардың көмегімен зиянды заттарды жойып, қаланың көркеюі, азаматтардың қауіп­сіздігі жолында тынбай еңбек етіп келеді. Мемлекет басшысының бас­тамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бұл кәсіпорынның қосқан үлесі аз емес. Құрамында сынабы бар қалдықтардың бар­лық түрін қайта өңдеумен, қалдық­тардың 4 мыңнан астам түрін тер­миялық жоюмен айналысатын кәсіпорынның технологиясы мен жабдықтары елімізде баламасы жоқ. Осы өндірісте 2020–2025 жылдар аралығында 4 049 993 дана шам жойылып, 25 148 922 текше метр ауаның сынап буымен ластануына жол берілмеген.

Соңғы жаңалықтар