Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Руслан Қуатов: Мұнай-газ секторын дамытуға барлық мүмкіндіктер бар

862 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан аумағындағы мұнай-газ секторының экономикалық әлеуетінің дамуы сұйық көмір­сутегін өндірудің көлемін арттыр­у­ға, инфрақұрылым нысан­дары­ның кең желісін құруға және мама­н­данудың жаңа салаларын қа­лыптастыруға мүмкіндік бер­еді. Ал еліміздегі мұнай және газ өнер­кәсібі жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқан ірі сала болып табылады. Әсіресе тәуелсіздік жылдарында сала көрсеткіштері еселеп өсіп, халық тұрмысының, әлеуметтік ахуалының көтерілуіне септескенін айтуымыз керек. Осы орайда АҚШ мемлекетімен бірлесе ірге қалаған «Теңізшевройл» ЖШС жетістіктерін мақтанышпен айтуға болады. 

Руслан Қуатов: Мұнай-газ секторын дамытуға барлық мүмкіндіктер бар

Компанияның мұнай өндіру технологиясы бөлімінің менеджері Руслан Қуатовтың сөзінше, «қара алтынның» және табиғи газ өндіру көлемінің өсуіне «Теңіз» және «Қарашығанақ» мұнай және газ конденсатты ең ірі кен орындары үлкен ықпал еткен, республиканың индустриялы дамуына ауыз толтырып айтарлықтай септесті.

Сарапшының пайымынша, Каспий теңізінің қазақстандық секторын­да ауқым­ды мұнай-газ операцияларын тиімді іске асыру қазіргі заман­ғы өндірістік және әлеуметтік инфра­құры­лымды қалыптастырып, оны дамыту жолдарын қолдауы керек. Қазақ­станның маңызды көмірсутегі қорлары – нағыз инвестициялар көзі. Мұнай мен газ қорларын пайдалану тиімділігін арттыруда да саланың тұрақты дамуына нұқсан келтірмей, олардың экспортынан түскен қаражатты барынша орынды пайдаланған абзал.

Қазіргі уақытта көмірсутегі бағасының және мұнай-газ жобаларын іске асыру шығыстарының ұлғаюына байланысты мемлекет пен жер қойнауын пайдаланушылардың экономикалық мүдделерінің арасында теңгерімсіздік пайда болған. Бұл мәселені шешуде Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс жобасын оңтайландырған жөн. «Мұнай-газ секторының экономикалық әлеуетінің өсуі бүкіл елде мұнай өндіру көлемінің ұлғаюымен қамтамасыз етіледі. Шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту «Теңіз» кен орнында мұнай өндіруді арттыруға және дамытуға мүмкіндік берді. Мұнда тәуелсіздік алған сәттен бастап мұнай өндіру жылына 27,5 млн тоннаға дейін өсті», дейді менеджер.

Кейінге көз жүгіртсек, 1991 жылы Қазақстанның мұнай экспорты шамамен 12 млн тоннаны құраған. Ал бұл санның соңғы жылдары еселеп артқаны сөзсіз. Бұл өз кезегінде Қазақстанның халықаралық мәртебесін айтарлықтай көтерді. Еліміз әлемдік мұнай бағасын тұрақтандыруда ОПЕК бастамасына шақырылды, көрші елдермен және Таяу Шығыс мемлекеттерімен экономикалық байланыстарды күшейтті. Қазақстан мұнай-газ секторын дамыту арқылы әлемдік ірі мұнай-газ компанияларының сенімінен шықты. Олар ең заманауи технологияларын әкеліп, ел аумағына жүздеген миллиард доллар инвестиция құйды.

Енді «Теңізшевройлдың» қазақстан­дық қамтуды дамыту стратегиясының басты аспектісіне тоқталсақ. Ол мұнай-газ индустриясымен ынтымақтастық байланыста халықаралық сапа мен стандарттарды сақтай отырып, қазіргі бар және ықтимал жабдықтаушылармен жұмыс жасау болып табылады. Жоғары халықаралық стандарттарға жауап беретін қазақстандық тауарлар және қызметтер нарығымен байланысты ұдайы дамыту – компанияның үздіксіз даму стратегиясының іргетасы және бұл Қазақстан үшін маңызды құндылықтарды туғызады.

Компанияның қазақстандық қамту бойынша міндеттерін орындауы үшін тауарлармен және қызметтермен жабдықтаушыларға ұзақ мерзімді мүмкіндіктер берілуі тиіс. Сол себепті ТШО инфрақұрылымға, қазақстандық кадрларды оқыту және жұмыс орындарын ашуға қажетті инвестицияны тарту арқылы қазақстандық жабдықтаушыларды тұрақты дамытуды қолдауын жалғастыра бермек.

Биылғы бірінші жартыжылдықта ғана компания қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 1 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсады, оның 384 миллион доллары ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында орнын тапты. Былтыр бұл көрсеткіш 1,9 миллиард АҚШ долларын құрап еді. 1993 жылдан бастап ТШО қазақстандық компаниялардың 22,9 миллиард АҚШ долларын құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланды.

«2016 жылы ТШО серіктестері теңіз мұнай кен орнының өндірістік қуат­ты­лығын арттырудың келесі кезеңі болып табылатын Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысым­ды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыру жөніндегі ақырғы шешімнің қабылданғаны туралы жариялаған болатын. ККЖ-ҰЕҚБЖ нысандарының құрылысы барынша тиімділікті арттырып, қаражатты үнем­деу мақсатымен бір уақытта орындалып жатыр. Өндірістік қуатты арттыру мақ­сатында табысты түрде жүзеге асырылған ТШО-ның алдыңғы ЕБЗ/ШГА жобасы тәжіри­бесін негізге ала отырып, ККЖ өн­ді­ріс қуатын жылына шамамен 12 мил­­лион тонна немесе тәулігіне 260 мың бар­­рельге арттырды. Осылайша мұнай өн­ді­рісінің жылдық көлемін шамамен 39 мил­­лион тоннаға немесе тәулігіне 850 мың бар­рельге жеткізу көзделеді», дейді Р.Қуатов.

ҰЕҚБЖ атқылайтын ұңғылардың ернеулік қысымын төмендетіп, қолда­ныс­тағы алты кешенді технология­лық желінің кіреберісіндегі қысымды арттыру арқылы «Теңіз» кен орнында жұмыс жасайтын зауыттардың толық қуатпен жұмыс істеуін қамтамасыз еткен. Қазіргі таңда ел аумағындағы жоба аясында 20 мыңнан астам қазақстандық азамат еңбек етеді, бұл Қазақстандағы жоба қызметкерлері жалпы санының 92 пайызын құрайды.

«Бүгінде сұйық көмірсутегі өндірісіне байланысты Қызылорда және Жамбыл облыстарында, Каспий қайраңындағы мұнай-газ құрылымдарында ауқымды зерттеулер жүргізілген. Мұндай іргелі шаруалар отандық экономиканың жалпы жай-күйін сипаттайтын көрсеткіштерге оң әсер етеді және елдің экспорттық әлеуетін арттырады. Қазақстандық мұнай өндіру көлемін шамамен 4 есеге дейін өсіреді. Бізде қолданыстағы кен орындарын әзірлеуді, құрлықтағы және Каспий қайраңындағы перспективалы құрылымдардың пайдаланылуын жандандыру арқылы мұнай өндіруді ұлғайтуды қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ол, ең алдымен саладағы компанияларға, мамандарға тың серпін беріп,істің өнімділігіне көмектеседі».