Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Құмар Ақсақалов Қытайда инвестициялық келісімдерге қол жеткізді

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қытай Халық Республикасының Хубэй провинциясында болып, инвестициялық келісімдерге қол жеткізді. Кездесу тамыз айында Петропавл қаласында өткен аймақтық кеңес келісімдері шеңберінде ұйымдастырылды. 

Құмар Ақсақалов Қытайда инвестициялық келісімдерге қол жеткізді

Қытайдың Хубэй провинциясында 61 миллион адам тұрады. Ел экономикасында бесінші орынға, ішкі өнім өндіруде жетінші орынға ие. Ухань қаласында жергілікті компания басшылары қатысқан келіссөздер барысында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың стратегиялық бағыттары талқыланды. Азық-түлік өнімдерін импортқа шығаратын ірі сауда желілерінің жетекшілері әріптестік қарым-қатынастың дамуына ниеттестік білдірді. Бейжің қаласы мен Шаньдун, Хэнань, Цзянсу, Шэнси провинцияларынан келген кәсіпкерлер өңірдің ауылшаруашылық саласына қаржы құюға қызығушылық танытты. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері өте ауқымды. Ол үшін барлық жағдай жасалғанын жақсы білеміз, десті олар өз сөздерінде. Қытайлық бизнес өкілдерімен болған кездесуде бірлескен жобаларға басымдық берілді. Таяу арада Бей­жіңде өзара уағдаластық мәселелерін реттеп оты­ратын облыс кеңсесі ашылатын болады.

– Біз бірнеше бағытта экономикалық ын­ты­­­­мақ­тастық шарттарын ұсынамыз. Ауыл ша­руашылығы, өнеркәсіп, инновация,­ сауда са­лалары бойынша тартылған инвестиция­ларға мемлекет есебінен өндірістік инфрақұ­рылымдар салынады. Әр жоба аясында жол кар­тасы әзірленеді, – деді Құмар Іргебайұлы.

 Хубэй провинциясының губернаторы Ван Сяодунмен кездесу қос тараптың кәсіп­орын­дары және бизнес өкілдерімен байланысты өрістету, оларға жағдай жасау тақырыбына ар­нал­ды. Жоғары өндірістік базаға, ғылым мен білім әлеуетіне ие Хубэй провинциясы мен та­биғи ресурстарға бай, ауыл шаруашылығы өр­кендеген Солтүстік Қазақстан облысы бір-бірінің экономикасын толықтыратынына сенім біл­дірісті. Кездесу соңында облыстық әкімдік пен провинция халық үкіметі арасындағы ын­тымақтастық жөніндегі меморандумға қол қо­йылды.

Қ.Ақсақалов Шиян қаласының басшысы Занг Вейгуамен кездесіп, автомобиль жасау­мен және оның саудасымен айналысатын «Dongfemd Motor Corporation» зауытының жұ­мысымен танысты. Сөз арасында он бір айда өңір экономикасына 144 миллиард теңге ин­вес­­ти­ция құйылғанын айта кеткен жөн.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы