Кеше Астанадағы «Рэдисон САС» қонақ үйінде Қазақстан Даму банкінің (ҚДБ) құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Экономиканы жаңғырту мақсатында инвестицияларды ынталандыру: жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық конференция болып өтті. Халықаралық конференция жұмысын Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов ашып, кіріспе сөз сөйледі.
Содан кейін Премьер-Министр ҚДБ-ның 10 жылдық мерекесіне байланысты өткізіліп отырған халықаралық конференцияға қатысушыларға жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы Даму банкінің 2001 жылы мамыр айында тікелей өзінің тапсырмасымен құрылғанын еске сала келіп, «Егер біз Даму банкінің осы өткен 10 жыл ішінде атқарған жұмысына баға беретін болсақ, үлкен жұмыстар атқарылды, оның нәтижесі қазірдің өзінде айқын көрінуде. Қазір Қазақстан экономикасының негізін құрап отырған ірі жобаларды нақ осы банк қаржыландырды. Бұл Ақтау теңіз айлағы, Мойнақ ГЭС-і, Атырау мұнай өңдеу зауыты, газ-химия кешені, Тараз және Павлодар металлургиялық зауыттары, сонымен бірге басқа да көптеген ірі жобалар», – деп атап көрсетілген Елбасының құттықтауында.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өз сөзінде бүгін таңертең «Standart&Poor’s» халықаралық агенттігінің Қазақстан Даму банкінің несиелік рейтингін көтергендігін атап өтті. Ол сонымен бірге банктің еліміздің экономикасын дамытудағы өлшеусіз жұмысына тоқтала келіп, бұл қаржылық институттың алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай еңбек ете беретініне сенім білдірді.
Жалпы, конференция жұмысына әлемнің 20 елінен 250-ден астам делегат қатысуда. Сонымен бірге еліміздің барлық өңірінен өкілдер келген. Отырыста Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов баяндама жасады. Баяндамашы ҚДБ-ның жұмыс істей бастаған 10 жыл ішінде ел экономикасына 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқанын мәлімдеді. Яғни, ҚДБ бөлген әрбір 1 доллар 3 долларға дейін қосымша инвестиция әкелген. Бұл еліміздің қаржылық әлеуетінің артуына елеулі үлес болып қосылды. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде ҚДБ ел экономикасын қаржымен нәрлендіруде үлкен жұмыс атқарды. Алдағы уақытта мүмкін болатын экономикалық дағдарыстар кезінде де Даму банкі экономикамыз үшін шешуші рөл атқаратыны даусыз. Сонымен бірге, баяндамашының айтуынша, ҚДБ ШЫҰ елдерінің даму банктері бірлестігінде беделді де шешуші рөл атқарады. Бұл бірлестікке Ресей Даму банкі, Қытай Мемлекеттік даму банкі сияқты әлемдік ірі қаржылық институттар кіреді.
Еліміздің қаржы саласында өз қызметін бастаған 10 жыл ішінде ҚДБ шетелдік капитал рыногында да, ірі жобаларды қаржыландыру мәселесінде де «мұзжарғыш» кемедей өзінің ерекше қабілетін таныта білді, деді өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев. Оның айтуынша, ҚДБ жүзеге асырған барлық жобалардың 70 пайыздан астамы Қазақстан үшін мүлдем жаңа жобалар болып табылады.
Халықаралық конференцияның басты отырысы мемлекеттің бизнесті қолдау мәселелеріне арналды. Оның ішінде даму институттарының макроэкономикалық және мемлекеттің инвестициялық ахуалы талқыланды. Конференцияға қатысушылар адам ресурстарының экономиканы дамытудағы атқаратын рөлі және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын қиындықтар туралы пікір алысты. Отырыста Италия Даму банкінің төрағасы Франко Бассанини, INSEAD-тың сыртқы байланыстар бойынша деканы, бизнес және технологиялар профессоры Сумитра Дутта, Ресей «Внешэкономбанк» төрағасының орынбасары Анатолий Балло және басқалар баяндама жасап, экономиканы жаңғырту мақсатында инвестицияларды ынталандыру мүмкіндіктері туралы ойларымен бөлісті. Сонымен бірге, басқосуда сөйлеушілер ҚДБ-ның халықаралық қаржы саласындағы жоғары беделі мен тиімді жұмысына тоқталды.
Халықаралық конференцияның екінші бөлігі іскерлік ойын форматында өтті. Компания басшылары, инвестициялық банктер мен мемлекеттік органдардың өкілдері ойын барысында инвестициялық жобалар салынған кейстер үшін ең тиімді бизнес-шешімдерді бірлесе іздеп, қаржы саласындағы толғақты мәселелерге тоқталды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.