«Ақылды карьер» жобасы тиімділік көрсеткіштердің толық айқындылығын және бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл кәсіпорынның шығарған өніміне, жалпы өндіріс экономикасына оң әсер береді. Жаңалық Индустрия 4.0 элементтерінің бірнешеуін енгізу арқылы концентрат өндірудің толықтай біріктірілген циклын білдіреді.
Жоба элементтерінің бірі ГИС және ERP жүйесімен біріктірілген автоматтандырылған Modular жүйесін енгізумен байланысты. Ол өндірістік үдерістерді үлгілеу дегенді білдіреді. Карьердегі жағдайлардың жедел мониторингін, қажетті түзетулер енгізуді және кеніш көлік жабдықтарын оңтайлы бөлуді оператор емес, компьютерлер жүзеге асырады. Маман тек «Ақылды карьердің» үздіксіз жұмыс істеуін бақылайды. Нәтижесінде шұғыл есепке алуды және инвестициялық шешімдерді қабылдауды қолдау үшін жабдықты пайдалану туралы 100 пайыз анық және толық ақпарат алынады.
Осының барлығы өндірістегі қателіктер мен жаңылуларды азайтады, техниканың жоспардан тыс тұрып қалуын болдырмайды, оның қозғалу және тарату жылдамдығын арттырады, шығындарды оңтайландырады. Ең бастысы, жабдықтың өнімділігін 10 пайызға арттырады.
– Бұл өндіріс шығындарын барынша азайтып, миллиард теңгеден астам қаржы үнемдеуді қамтамасыз ететін өте жоғары көрсеткіш,– деп атап өтті ССКӨБ президенті Береке Мұхаметқалиев. – Бүгінгі таңда ең заманауи технологияларды қолдана отырып, техникамен қайта жарақтандыру экономикалық тиімді жобаларды жүзеге асыруға және еліміздің кен-металлургия кешенінің бәсекелестік ұстанымдарын нығайтуға көмектеседі. Сондықтан да Индустрия 4.0 элементтері кен өндіру өнеркәсібіне молынан енгізілетін болады.
Бұл технологияны Еуразиялық Топ өзінің барлық өндіруші кәсіпорындарында енгізетін болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Рудный қаласы