Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Оралда меценаттар форумы өтті

380 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Жомарт жүрек-2017» атты меценаттар форумы өтті. Форум аясында бірнеше шара өтіп, оған өнер мен білім, саясат пен экономика саласында жүрген оралдықтар шақырылды.

Оралда меценаттар форумы өтті

Суреттерді түсірген: Айбатыр НҰРАШ

Әуелі «Туған өлкем – тірегім» атты жастар форумы TEDTalks форматында өтті. Назарбаев зияткерлік мектебіндегі кездесуде Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, саясат­та­ну­шы Саясат Нұрбек, «Қазақ­стан-2050» қозғалысының жетек­шісі, кәсіпкер Мұxтар Ман­кеев спикер санатында сөз алды. Көп­шілік жастар Батыс Қа­зақстан облысының әкімі Ал­тай Көл­гіновтің кітап оқудың пай­дасы туралы әңгімесіне ықы­лас­пен құлақ түріп, қол соқты.

Форумның мақсаты – туған өлкеге деген сүйіспеншілік арқылы Елбасының «Руxани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­ласында белгіленген негізгі мақ­саттарды жүзеге асыруға жаңа серпіліс беру, ғылым-білім, өнер, денсаулық сақтау, спорт және азаматтық бастамаларды күшейтуге ықпал жасау, дейді шараны ұйымдастырушылар.

Бұл күнгі шараларға әлемге әйгілі альпинист, дүние жү­зін­дегі барлық «сегізмыңдық» шыңды оттегі балонынсыз бағын­дырған Мақсұт Жұмаев, әлемге әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев, сенатор Нари­ман Төреғалиев, танымал өнер қайраткері, «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының дирек­торы Тұрсынбек Қа­ба­тов, «Аза­маттық бастамалар зерттеу ор­талығы» КЕАҚ бас­қар­ма төр­ағасы Нұрлан Өтешев арнайы шақырылған. Мейман­дар «Руxани жаңғыру» бағдар­ламасының 4 негізгі кіші бағ­дарламалары – «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Руxани қа­зына» және «Ақпарат толқыны» бойынша семинар-тренингтер өткізді. Бұл шараларға «100 жаңа тұлға» жобасына есімдері енген батысқазақстандық пианист Саида Қалықова, ҚазИИТУ ғы­лы­ми-білім кешенінің құ­рыл­тай­шысы Ақсерік Әйті­мов, Зеленов ау­дандық ауруха­на­сының мед­би­кесі Елена Шуш­лебина да қатысты.

Шартараптан жиналған жер­лес­тер басқосуының қорытын­дысы – «Жомарт жүрек-2017» ме­ценаттар форумы болды. Форум алдында Орал қаласы мен ау­дан әкімдері Елбасының «Бола­­шаққа бағдар: рухани жаң­­ғыру» бағдарламалық мақала­сындағы «Туған жер» бағдар­ламасы ауқымында 2018 жылға жоспарланған жобаларды таныс­тырды. Батыс Қазақстан облы­сында бүгінде 1230-ға жуық меценат бар екен. Олар биыл 851 қайырымдылық шарасына қол­дау көрсеткен.

– «Туған жер» бағдарламасы аясында 600-ден астам жоба ұсы­нылды. Көрмеге соның 260-тан астамын іріктедік. Жыл соңына дейін ұсынылатын жобалар саны көбейеді деп отыр­мыз. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы бойынша «Жомарт жүрек-2017» меценттар форумы Орал қаласында бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Ту­ған жерін абаттандыруға кез келген азамат үлес қоса ала­ды. Олардың қаражаты «Ақ­жайық» қорына жиналады, – деді көрме кезінде облыстық «Ру­ха­ни жаңғыру» жобалық кең­се­сінің жетекшісі Салтанат Тұ­ман­баева.

– Әрбір Қазақстан азаматы үшін туған жерінің көсегесін кө­гертуге атсалысу – парыз. Хал­қымызда «Жақсының жақ­сылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Осы игі істі асыруда бүгін батысқазақстандықтар да шет қалмады, – деді өз сөзінде өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Облыс әкімі 178 млн теңге қаржыға өз ауылына дене шынықтыру-спорт кешенін салып берген Александр Аитовты, өзі туған Сарықұдық ауылына фельдшерлік-акушерлік пункт салып, бүкіл құрал-жабдығымен қамтамасыз еткен қазталовтық Нұрлыбай Жолдыбаевты, жақын күндері Орал қаласында ашылатын «Рухани жаңғыру» музейін жөндеуге көмектескен кәсіпкер Мұратбек Мұхамбедиевті үлгі етіп айтып өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы қолға алынғалы Батыс Қазақ­стан облысында 62 жоба жү­зеге асыпты. Оның 7-уі – білім саласында, 1 жоба – денсау­лық сақтау саласында, 10-ы – инфрақұрылымды жақсарту, 9-ы – спорт саласында атқарылған. Осы бағдарлама аясында 2 мә­дениет үйі жөнделіп, 16 ескерт­кіш орнатылған.

Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов алдағы жылы атқарылатын шаралар туралы да айтып өтті.

– Біз үш үлкен жобаны қолға алғалы отырмыз. Оның бірі – Қазақстанның 100 киелі нысаны қатарына енген ортағасырлық Жайық қаласының орнында ашық аспан астындағы музей ашу. Екіншісі – Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешенінің үлгісімен Орал қа­ла­сында Қазақстанның 100 киелі нысанының шағын бейнесінен «қасиетті Қазақстан» картасын жасау. Ал үшінші жоба – сал ау­руына шалдыққан балалардың күндіз уақыт өткізіп, емделуіне арналған әлеуметтік үй ашу. Бұл жобалардың барлығы да бюджет қаржысын пайдаланбай, демеушілердің қолдауымен атқарылады. Жалпы, 2018 жылы біздің облыста меценаттардың кө­мегімен 1 млрд 500 млн тең­генің жұмысы атқарылады деп отырмыз, – деді Алтай Көлгінов.

Форумда бір топ меценат «Жомарт жүрек-2017» аталымымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында ірі кәсіп­орындар мен құрылыс комби­наттарының басшылары, жеке кәсіп­керлер мен жергілікті мәсли­хат депутаттары бар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ