Кездесуге қатысқан баспасөз ардагері, кезінде газеттің Жезқазған және Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі болған Өтеген Жаппархан бас басылымның тарихынан терең сыр шертті. Бас басылымның әр жылдар бедеріндегі келбеті, бет-бейнесі турасында, қалам ұстаған қайраткерлердің бас редакторлық мектебі жайында кеңінен толғап әңгімеледі. Сондай-ақ газеттің соңғы уақыттағы бағыт-бағдары, газеттегі өзгерістер хақында баян етті.
«Егемен Қазақстан» кейінгі бір жыл ішінде үлкен өзгерістерге ұшырады. Талдамалық, сараптамалық мақалаларға жиі орын беріледі. Халықаралық жағдайларды тереңінен қаузап жазады. Соның ішінде шетелдік сарапшылардың пікірін жариялайды. Бұл «Егеменнің» өз ішімізде ғана қайнамай, әлемдік ақпарат айдынына шыққанының белгісі. Мұның айқын айғағы ретінде, газетте жарияланған мақалаларды әрісі Түркия, Франция, берісі Қырғызстанның белді басылымдарының аударып басып жатқанын айтсақ та жеткілікті», деді ардагер журналист.
№2 «Мұрагер» мектебінің директоры Зәуре Баймағамбетова ақпарат ғасырында аға газеттің басты дереккөз болып қала беретінін, қазіргі кезде ақпараттың айтулы қайнар бұлағы болып отырғанын жеткізді. Ал мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Өткелбаева «Тәлім» бетінде мұғалімдердің педагогикалық, методикалық мақалалары жиі жарық көріп жүргенін, осы арқылы өзге мектептердің озық үлгілері оқу барысында пайдаға асып жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта мектеп мұғалімдері білім саласын қаузауға атсалысып, өз тәжірибелерімен бөлісуге ниетті екендерін жеткізді. Сонымен қатар басылымның Ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтарын жариялауы оқушыларды сынаққа дайындауда үлкен рөл атқарғанын айтты. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Шәдібекова Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көлемді мақалалар ұсынып, ұлт руханиятына зор үлес қосып жатқанына баса мән берді.
Кездесу барысында латын қарпіне өту, білім саласындағы жаңа стандарттар, тәрбие мен тәлім, салт-дәстүр, қоғамдағы басқа да өзекті тақырыптар жайында сөз қозғалып, қызу пікірталас болды. Мұғалімдер, өзге де газет редакциялары оқырмандармен осындай кездесулер ұйымдастырса, осы тектес пікір алмасулар жиі болса деген ниетпен тарқасты.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА