Сонау 1960-1970 жылдары Кеңес Одағы кезінде осы мәселе КСРО ғалымдарының алдынан шыққан болатын. Сол уақытта Мәскеудің тапсырысымен балабақшалар мен мектептердің бастауыш сыныптарында ер тәрбиеші, ер мұғалімдер тартылып, олар туралы кинофильмдер түсіріліп, насихат жұмыстары жүргізілді. Біздің «Алпамыс мектепке барады» фильмі сол ұғымға саяды.
Қарап тұрсаңыз отбасында анасы, әжесі, балабақшада апайы, бастауышта апайы, сынып жетекшісі, тіпті мектеп директоры, оның орынбасарлары әйел кісілерден тұратын мектептер басым. Ұл баланың әлжуаз, жасық, кінәмшіл, өкпелегіш, не болса соны сөз етіп салғыласуы осы себептен болса керек. Сондықтан ұстаз рөлін, оның ішінде ер мұғалімдердің сапасы мен санын арттыру ұлттық кодымыздың жақсаруына зор мүмкіндік берер еді. Олардың ең бірінші кезекте айлық жалақысын арттыру зор маңыз береді. Өйткені олар әрбір отбасының асыраушы азаматтары. Екіншіден, қазіргі таңда ата-аналардың бала алдындағы жауапкершілігі төмен. Аптасына, айына деп айтпай-ақ қояйын, тіпті тоқсанына бір рет мектепке бармайтын, ұл-қызының сабағынан, тәрбиесінен, мектеп қабырғасындағы күнделікті тіршілігінен бейхабар жүрген ата-аналар бар. Оларды арнайы шақыртып, жұмысына хат жазып келтіре алмаймыз. Сол ата-аналар баланың сынып жетекшісін, мектеп психологінің аты-жөнін де білмейді. Соңында ҰБТ кезінде баласының төмен баға алып, жылап тұрғанында, қосыла жылап тұрғанын көрдік. Бірақ ол уақытта кеш еді. Сол жағдайға бармау үшін баласы мектеп табалдырығын аттаған күннен бірге аттап, бірге аяқтап, үш таған болып бірлесе қоян-қолтық жасағанында оның айтарлықтай оң жемісі болар еді. Кейбір ата-аналарға арнайы жолыққанымызда «жұмыстан қолым тимейді» дегендері болды. Олардың басшыларына да жолықтық. «Біз басшы болғанымызбен, ең бірінші – ата-анамыз. Сол себепті «ұл-қызымыздың сабағын білейік, мектепте ата-аналар жиналысы бар еді. Бір-екі сағатқа жіберіңізші» деген ата-ананы осы уақытқа дейін көрмеппін деп ағынан жарылған мекеме басшыларына рахмет айтамыз. Сондықтан кейбір ата-аналардың орынсыз сылтауы өзіне жасалған қиянаты. Қарап тұрсаңыз, сонда сол ата-аналар жұмысты кім үшін, не үшін істеп жүргеніне таңғаласың. Бала болашағымыз десек сол болашақтың өсіп, өркен жайып, қанаттануына септігімізді тигізсек керек. Баланы таңертең оятып, шайын, тамағын беріп, киімін кигізіп «Балам бүгін жақсы баға әкелуіңе тілектеспін. Ұстаздарыңды тыңда, күнің сәтті өтсін!» деп шығарып салатын ата-аналар аз. Өздері ұйықтап жатып баласының мектепке не ішіп, не киіп кеткенінен хабарсыз ата-аналар да барын білеміз. Біздер, ата-аналар қандай келеңсіз жағдай болса ұстаздан, мектептен көреміз. Өзіміз сол мектепте оқыдық, білім алдық. Сонда қай мұғалім балаға теріс тәрбие берген еді. Отбасында дастарқан басында отырып, баланың көзінше мұғалімдерді, оның отбасын сөз ету, іске алғысыз етіп жамандау дұрыс тәрбие емес. Ал балаңның тағдырын сеніп тапсырған ұстазды балаңның көзінше жамандау өзің отырған бұтақты кесумен бірдей екенін неге түсінбейміз.
Сонау 1990-2000 жылдар аралығында рас, білікті, білімді ұстаздар күн көрістің қамымен базар жағалап, айлығы қомақты өндірістер мен компанияларға кетіп, орны ойсырап қалды. Кадр таңдауға, конкурс арқылы іріктеп жасақтауға мүмкіндік болмады. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі таңда мектептерде білім беру жүйесіндегі академиялық адалдық қағидатын қолға алу керек. Әрбір мұғалім, оқушы өз міндетіне адал болуы керек. Мұғалім өз білімін арнайы оқу орындарында көтеріп, шыңдап, ізденсе, оқушы ұстазынан өзіне керекті білім мен тәрбиені алса үлкен жетістіктерге жетері анық. Көшіріп алған, ұрлап алған білім не береді? Мектеп ұшу алаңы десек, ертең қанатында қуат, жігер болмаса, бағытың айқын, қонар межең белгілі болмаса жартасқа соғыларың, теңізге батарың анық. Сондықтан ұшпай тұрып, ұшу алаңында бағдарыңды нақтылау, біліміңді ұштау арқылы мүмкіндігіңді пайдаланып қалу оқушының бірінші міндеті болмақ.
Біздің ауданда біршама мектептерде ата-аналар бөлмесі бар. Онда ата-аналар психологпен кеңесуге, баласының ұстаздарымен әңгімелесуге жағдай жасалған. Ата-аналар комитеті өткен оқу жылында «Ғибрат» атты кітап шығардық. Онда газет бетінде жарияланған тәрбие, тәлім, әдеп жөніндегі мақалалар топтастырылған. Аудан мектептерінде жыл сайын жаңа оқу жылы басталған соң белсенді, іскер, мектеп басшылығына бағынышты емес, қоғамдық жұмысқа қабілетті деген азаматтардан ата-аналар комитетінің төрағаларын сайлаймыз. Солар арқылы мектептерде пікірлесу, дөңгелек үстелдер, мектепке келмейтін ата-аналармен жұмыс тұрақты жүргізіліп тұрады. Біздің жұмысымызды облыстың басқа аудандары үлгі ретінде сұратып алдырды. Сөз соңында айтарым, үш жақты бірігу арқылы, ынтымақта, кеңесе отырып жұмыс жасасақ алар асуымыз да оңай болар еді.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ,
Созақ аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы
Оңтүстік Қазақстан облысы