Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Алматыда «Ұстаздар үйі» ашылды

1572 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл ­соңы алматылық мұғалім­дерді бірқатар жағымды жаңа­лығымен қуантты. Соның бірі шаһарда бұрын-соңды болмаған, еңсесі биік «Ұстаздар үйі» ғимаратының бой көтеруі. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-тың ұйымдастыруымен қаладағы барлық мұғалімдердің басты ордасына айналған орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Алматыда «Ұстаздар үйі» ашылды

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары құрылған Алматы қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институты бүгінге дейін өзінің орналас­қан жерін бірнеше мәрте ауыстырды. Институт екі рет балабақша ғима­ратында, одан музыкалық және жалпы білім беретін мектеп жанына ауысып, көшпелі күй кешті. Институттың жеке ғимаратының болмауы білім беру қызметтерінің мін­деттерін өз дәрежесінде іске асыру­да айтарлықтай қиындық туғызып келген еді. Енді көптен көкейде жүрген мәселе оң шешімін тапты. Білім және ғылым министрлігі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқармасы­ның қамқорлығының арқасында Алматы қаласы бойынша педагогика­лық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жеке ғимаратқа орналасып, ал қала мұғалімдері ұстаз қауымының ортақ шаңырағы – «Ұстаздар үйіне» қол жеткізіп отыр. Қала педагогтері «Ұстаздар үйінде» біліктілігін арттыру курстарында оқытылып, әдістемелік көмек ала алады. Оған қоса орталық мұғалімдердің тәжірибе алмасу алаңына айналып, педагогикалық инновацияларды жүзеге асыруына жол ашпақ.

– «Ұстаздар үйінің» есігі қала мұғалімдері үшін әрқашан ашық. Жаңа ғимаратта заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған аудиториялар, робот-техника, Монтессори кабинеттері, бейне және дыбыс жазу студиялары, 200 адамға арналған салтанат залы бар. Қазіргі уақытта Алматы қаласы мұғалімдерінің кәсіби деңгейін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай жабдықталған, еңсесі биік, мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру ұлттық орталығы білім саласының кеңге қанат жаюына септігін тигізіп, ұстаз беделін арттыра түсуге қызмет етеді. Қазіргі таңда мектептерде жаңартылған білім бағ­дарламасы енгізілуде. Мұғалім білік­ті болса, мақсат-міндеттерін жақ­сы білсе, шәкірттер де нағыз білік­ті азамат болып қалыптасады, дейді «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайы­мы Гүлназ Ахметова.

Су жаңа орталықтың ашылу рәсі­мімен қатар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Microsoft Kazakhstan» компаниясымен бір­ле­сіп, мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары үшін ұйымдастыр­ған «Smart-педагог Өрлеу: кәсіби табысқа апарар жол» республика­лық конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Байқау қорытындысы бо­йынша жеңімпаздар мен жүл­дегер­лерге диплом және ақшалай сыйлықтар, ал барлық қатысу­шыларға сертификаттар табыс етілді.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»