Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Әкім не үшін сөгіс алды?

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Егер түрлі деңгейдегі атқа­рушы органдарда қыз­мет атқаратын жетекші тұлға­лар өзіне тікелей тапсы­рыл­ған міндеттерді салақ­сытып жіберсе немесе жауа­пкер­шілікті сезінбесе сөгіс алуы әбден мүмкін.

Әкім не үшін сөгіс алды?

Қо­ғам­дық өмір­де сөгіс өзге де әрқилы жағ­дайларда жарияланады. Ақтөбе облысы әкімінің бас­пасөз қызметі лауазымды тұлғаға дағдылы тәжірибеден тыс берілген ерекше бір сөгіс жөнінде жер­гілікті басылымдар арқы­лы ақпарат таратты.

Ақтөбе облысының кадр­лық комиссиясының шешімі бойынша айырықша тәртіптік жаза Қарғалы ауданының әкімі Рахат Сыдықовқа беріл­ген. Не үшін? Айдың, күн­нің аманында не бүлдіріп қойды екен? Атқарып жүрген қызметінде бір шикілік болғаны-ау шамасы. Жоқ, мұның бірі де емес, гәп бас­қада болып шықты. Ол Ақ­­төбе облысының әкімі Бер­ді­бек Сапарбаевтың Қарға­лы ауданына сапары ке­зінде үстірт әрекетке жол берген. Нақтырақ айтқан­да, Р.Сыдықов облыс басшы­сы­ның аталған ауданға қарас­ты Бадамша ауылы тұр­ғын­дарымен басқосуға тек жергілікті мемлекеттік қыз­метшілер мен шағын және орта бизнес өкілдерін ғана шақырған. Сөгісті сол үшін арқалапты.

Бұған не деуге болады? Әрине тек бір ғана Қар­ға­лы ауданының әкімі тарапынан кездескен кемшілік десек, шындықтан алшақтау кетіп қалармыз. Өзге өңір­лер­де де осыған ұқсас көрі­ністер кездесіп қалып жүр­­гені жасырын емес. Мұндай сыңаржақ ұстаным жер­гілікті атқарушы органдар жетек­шілерінің абыройына дақ түсіруі мүмкін екенін де жоқ­қа шығара алмасақ керек. Екіншіден, лауазымды тұл­ға мен бетпе-бет пікір алы­суға тек «штаттағы шешендер» мен мемлекеттік қыз­мет­шілердің шақырылуы  ел-жұрттың арасында түр­лі алып-қашпа пікірлер туғызуы да ғажап емес.

Әңгіменің ашығына келе­йікші. Республикадағы об­лыс әкімдері үлкен лауазым­ды тұлға емес пе? Облыс ор­та­­лы­ғынан шалғай орна­­лас­қан жергілікті елді ме­кен­дер­де тұратын қара­па­йым халықтың өңір бас­шы­сының қабылдауына кіруі­не мүмкіндігі бола бермей­тіні белгілі. Олардың бәрін қабылдауға облыс әкімдерінің жұмыс кестесі сәйкес болмайтыны тағы да түсінікті. Сонда жергілікті тұрғындар көкейде жүрген ойлары мен тілектерін осындай кездесулерде айтпағанда қайда айтады?! Әйтсе де кейбір жағ­дайларда жұртшылық өкілдері оған шақырылмай қалады. Тұрғындар мен билік өкілдері арасында тіке­лей үнқатысулар бол­ған жағдайда өзара түсі­ністік одан әрі тереңдей түс­пей ме? Қарғалы ауданы әкі­мі­не өңірлік кадрлық комис­сия­ның шешімімен сөгіс жарияланған кезде осындай ойлар келіп еді көкейге. Бұл жайттардан оның әріптестері тиісті сабақ алса игі.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ