Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы талаптарымен мейлінше үндес болмыстағы айтыс аламанында елдің әр аймағынан және Қытай Халық Республикасынан сайдың тасындай іріктеліп келген, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сүбелі сөздің майын тамызған 14 жас ақын бәсеке көрігін қыздырды.
Жыр додасының ашылу рәсімінде айтыс ақындары мен көрермен қауымды қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Асқар Ыдырысов, қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов, айтысқа төрелік етуші қазылар алқасының төрағасы, белгілі жыр жүйрігі Аманжол Әлтаев құттықтап, сөз сөйледі. Осы орайда, қазылар алқасының құрамында елге етене таныс айтыс ақындары Төлеген Жаманов пен Өміржан Көпбосынов, кенші-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұса Тілеуов, ақын-журналистер Абдолла Дастанов пен Ізтөлеу Түсіпов болғанын айта кеткен жөн.
Екі күнге ұласқан жыр додасында жас ақындар Шынболаттың ізімен шындықты шырайын енгізе отырып шырқады. Айтыс барысында Шынкеңнің ұлттық өнер түрлерін өркендетуге қатысты өлшеусіз еңбегі мен дара тұлға ретіндегі қадірі мен қасиеті де әдемі әспеттелді. Бір сөзбен түйіндесек, әр ақынның өзіне тән таным-түйсігінен туындаған оралымды ойлар мен маржан сөздер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Жандарын жадыратып, біршама қауымның санасына сәуле құйды. Нәтижесінде Шынболат Ділдебаевтың әулеті тағайындаған арнайы жүлделерді тараздық Рай Дөңбай, ұлытаулық Мұқағали Сейтқазы, жаңаарқалық Медет Нұрланұлы және Сәтбаев қаласының намысын қорғаған Жеңіс Тілекенов иеленді. ІІІ орынға тиесілі әрқайсысы 100 мың теңге көлеміндегі екі жүлдені жезқазғандық Жоламан Мағзұмов пен павлодарлық Нұрқанат Қайрат өзара бөлісті. Тараз қаласынан келіп, тыңдарманды тәмсіл тұнған тамаша жырымен тамсандырған ару ақын Аруна Керімбек ІІ орынды еншілеп, 300 мың теңге сыйақыны алды. І орынға лайықты түрде қол жеткізген қытайлық қандас қарындасымыз Сұлужан Таубалдының сұлу өлеңдері мен қазақ қызына тән ибалы мінезіне, тауып айтар және төңірегін түгендеп айтар тапқырлығына тәнті болған көрермен оған сомасы 400 мың теңге құрайтын жүлде тапсырылар сәтте ыстық ықыласын танытудан аянып қалмады. Ал, Бас жүлдені (600 мың теңге) жеңіп алған ақтөбелік дүлдүл ақын Данияр Алдабергеновтің саңлақ сөздеріне айтысқұмар қауым екі күн бойы мейірлене қол соққаны анық еді. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар тарапынан жүлдеге ілікпеген ақындарға 40 мың теңгеден сыйақылар берілді.
Қаладағы ұлттық өнер орталығының жетекшісі Гүлсім Дәуіт сахнада жасындай жарқылдаған Сұлужан Таубалдыға көрермен ықыласының айғағы ретінде қолдан құйылған күміс жүзік тарту етті.
Айтыстан кейінгі ауызекі талқылаулар кезінде жұртшылық қазылар алқасының әділдік жалауын жықпай, ақындарға қапысыз баға бергенін айтып жатты. Шынтуайтында, соңғы шешім киелі өнер сайысына төрелік жасаудың төресіндей болды.
Айтысты қорытындылау сәтіндегі өз лебізінде қала әкімі Асқар Ыдырысов жыр жүйріктері додасының жыл сайын дәстүрлі негізде өткізіліп тұратынын мәлімдеді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Сәтбаев қаласы