Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Астана процесі: Кезекті келіссөздердің күні белгіленді

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана процесі аясында Сирия мәселесі бойынша кезекті халықаралық кездесу 21-22 желтоқсан күндері өтеді, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Астана процесі: Кезекті келіссөздердің күні белгіленді

Хабарланғандай, алдағы келіссөздер барысында тараптар тұтқынға алынғандарды босату, қаза болғандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін қабылдауды жоспарлауда. Қатысушылар сондай-ақ деэскалация аумақтарының жұмыс істеу мәселелерін талқылап, ЮНЕСКО нысандарын қоса алғанда Сириядағы гуманитарлық минасыздандыру туралы бірлескен мәлімдемені бекітуді көздеп отыр.

Келіссөздердің қазан айында өткен жетінші раундының нәтижесі бойынша кепілгер-елдер бірлескен мәлімдеме қабылдаған болатын. Онда ұсталған тұлғаларды босатуды қоса алғанда, саяси процесс үшін жақсы жағдайлар туғызу және атысты тоқтату мақсатында жанжалдасушы тараптарға сенімді нығайту бойынша шараларды қабылдау қажеттігі атап өтілген. Сондай-ақ тараптар деэскалация аумақтарының жұмысы нәтижесінде халықаралық терроризммен күресте ілгерілеу барын атап өтіп, Женева процесіне сәйкес БҰҰ қамқорлығымен Ұлттық диалог конгресін шақыру туралы ұсынысты талқылауға уағдаласты.