Тұрақтандыру қоры қазіргі таңда Шымкенттегі көлік-логистикалық орталығының әлеуетін тиімді пайдаланып отыр. Бұл жерден 4 мың шаршы метрлік қоймаларды жалға алған. Сөйтіп, 2,5 мың тоннаға жуық азық-түлік тауарларын сақтап отыр. Аталған серіктестіктің жұмысымен танысқан өңір басшысы бағаны тұрақтандыруда заманауи қоймалардың маңызды екенін жеткізді.
- Бұған дейін тұрақтандыру қоры тауарларын Кеңес заманынан қалған қоймаларда сақтап келді. Талапқа сай келмегендіктен сақталған тауарлар ерте бүлініп, бірқатар шығындарға ұранатын. Енді міне Шымкент қаласынан заманауи қойма пайдалануға беріліп, тауарларымызды сақтау мерзімі ұзарып отыр. Қазірдің өзінде біз осында сақталған картоптарды 85 теңгеден, сәбізді 80 теңгеден, ал пиязды 50 теңгеден сатылымға шығарудамыз, - деді «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Маратбек Мырзамұратов.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»