Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Оңтүстіктің бюджет қаржысы 32,2 млрд-қа өсті

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясында 2018 жылғы облыстық бюджеттің жалпы көлемі 447,7 млрд. теңге болып бекітілді.

Оңтүстіктің бюджет қаржысы 32,2 млрд-қа өсті

Облыстық бюджет туралы баяндаған экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов облыс бюджет қаржысы кіріс көздерін ұлғайту үшін басымды сала ретінде өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығын дамытуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отырғандығын айтты. Мәселен, білім беру саласына жалпы 42,9 млрд. теңге қарастырылса, денсаулық сақтау саласына 19,5 млрд. теңге, халықты әлеуметтік қолдау саласына 6,9 млрд. теңге бағытталып отыр. Сонымен бірге, мәдениет және спорт салаларына 17,9 млрд. теңге бөлінсе, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мақсатында 33 жобаны іске асыру үшін 6,0 млрд. теңге қарастырылған. Осының нәтижесінде 16 жоба іске қосылып, 13 елді мекен ауыз сумен қамтылып, жалпы қамтылған елді мекендер саны 636-ға жетеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, басқарма басшысы тұрғын үй саласы бойынша 77 нысанның құрылысына 25,6 млрд. теңге бағытталып, жалпы алаңы 208,6 мың шаршы метрді құрайтын 3 434 пәтерлі 72 үй пайдалануға берілетінін атап өтті.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»