Парламент • 12 Желтоқсан, 2017

Сенаторлар экстремизм және терроризмге қарсы заңды талқылады

417 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру мәселелерін талқылады.

Сенаторлар экстремизм және терроризмге қарсы заңды талқылады

Комитет хатшысы Дархан Кәлетаев отырысты аша келіп, бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қысқа мерзімде әзірленіп, қабылданғанын атап өтті. «Еліміз қауіпсіздігінің заңнамалық негіздерін нығайту Парламент жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы саладағы заңнамалық негіздерді жетілдіру бұл зұлматпен нәтижелі күрестің кепілі бола алмайтынын түсіну аса маңызды. Заңнамалық негіздерді жетілдірумен қатар тиісті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылықтың, азаматтық қоғамның арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелерінің маңызы зор», - деп атап өтті ол.

Сенаторлар заң ережелерінің тиімді орындалуына, қойылған міндетті шешудегі мемлекеттік органдарды үйлестіруге, діни экстремизм мен терроризмді ескерту және жолын кесу жөніндегі ұйымдастыру және іс жүзіндегі шараларды қабылдауға қатысты бірқатар сауалдар қойды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орынбасары Нұрғали Білісбеков баяндама жасады. Ол елімізде тұрақтылық қамтамасыз етілгені, террористік және экстремистік оқиғаларға жол берілмегені, 2017 жылы террористік сипаттағы 11 зорлықшыл оқиғаның алдын алынғаны туралы хабардар етті.

Ішкі істер министрлігі экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі департамент бастығы Атығай Арыстанов министрлік экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қосымша жүйелі шаралардың кешенді жоспарын қабылдағанын айтты. «Қойылған міндетті шешу аясында 2016 жылғы желтоқсанда ішкі істер органдарына тергеуге жатқызылған террористік қылмыстардың жолын кесу жөніндегі тәжірибе қалыптасты. Биыл экстремизм және терроризм көріністеріне байланысты 322 дерекке,  оның ішінде терроризмді насихаттау жөніндегі 27 құқық бұзушылыққа сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сондай-ақ қылмыс және радикалдық ортаның өкілдерінің өрістеуіне жол бермеу жөніндегі нысаналы шаралар жүзеге асырылып келеді. Биыл пайдакүнемдік-зорлықшыл қылмыстарға маманданған және теріс ағымдарды жақтаушылардан тұратын 22 қылмыстық топ топ ұсталды», - деді А.Арыстанов. Ол бүлдіргіш ағымдарды жақтаушылардың құқыққа қарсы істерінің алдын алу және жолын кесу жөніндегі жұмыстарға жергілікті полициямен қоса барлық ішкі істер бөлімшелері тартылғанын атап өтті.

Сенаторлар Н.Нұрсипатов, С.Жақсыбеков, Т.Мұсабаев, Т.Мұқашев осы саланы жетілдіру жөніндегі өз ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, діни терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылға, «Қазақстан кибер қалқаны» жүйесін іске асыруға, қару-жарақ дүкендерінің қызметіне қатысты мәселелер айтылды.

Депутаттар өз ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдарға жіберетін болды.