13 Желтоқсан, 2017

Елуден кейінгі өмір

824 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі қоғамымызда қызықты өзгерістер жүріп жатыр. Соның бір­азы адам жасына да қатысты.

Елуден кейінгі өмір

Кейбір адамдардың түріне қа­рап, оның жас шамасын айы­ру мүм­кіндігінен қалып бара жатқан­даймыз. Түрлі жағдайларға орай жаңа адамдармен танысуға тура келеді. Басында түріне қарап елу жастың ол жақ, бұл жағында болар деп тұрасың. Жасын сұраған кезіңде барып, жетпіске келіп қалғандығын естіп, таңғаласың. Оған іштей қы­зыға қарайсың. Соңғы кездері міне, осындай жағдайды жиі бастан ке­шіріп жүрміз.

 Елу жастан асқан өмірдің оған дейінгі өмірден қандай айырмашылығы бар? Былай қарағанда, ешқандай айырмашылығы жоқ секілді. Өмір деген ұлы ағын сол бұрынғысынша аға береді. Тек уақыттың жүрісі бұрынғыға қарағанда көп жылдамдағанын сезі­несің. Көп жағдайда, мұрныңа су жетпей жүреді. Тойға барудың қызығы азая түседі. Көңілге алаң кіреді. Өзің үшін емес, бала-шағаң, ұрпағың үшін алаңдай бастайсың. Осы жағдай ақыр аяғында жастық шақтан дәстүріңе енген көптеген қызықтарға шектеу қоюға алып келеді екен. Сөйтіп қарттыққа дайындала бастайсың. Жұмыстан кейін үйге жетуге асығасың. Жеке ба­сыңда бірінен бірі айнымайтын күндер басталады. Бірақ көптеген адамдар елу жастан асқанымен қазіргі өмір өзгерістеріне байланыс­ты, жоғарыда айтқанымыздай, жас қалпында қалып бара жатқан жоқ па? Бұдан кейін олар не істеуі керек?

Бір өкініштісі, бұл сұрақтың жауабы әзірге біздің қоғамымызда жоқ. Қоғамды қойып, тіпті бұған біздің мемлекетіміздің өзі дайын емес. Өйт­кені мемлекеттік қызмет саласында 50 жас­тан асқан адамдарды қызмет бабында өсіру тәжірибесінің өзі қалып барады. Айналаңа қарасаң – кілең жастар. Жастық шіркін ұшқыр ғой. Жаңалық ашқысы келіп тұрады. Өмірді өзгеріске бастағысы келеді. Бүкіл әлем бойынша алғанда, қазіргі қоғамның жедел өзгеріс үстінде екендігін еске алсақ, жастарды осы тұрғыдан қолдауға болатындай. Бірақ біздің қоғамда осы жастықтың ұшқарылығымен жасалынған жартыкеш реформалар, аяқталмай қалған дүниелер де аз емес қой. Көршіміз дана Қытайда жасы 35-ке толмаған жастар мемлекеттік қызметтегілердің 26 пайызын ғана құрайды екен, соның өзінде төменгі орындаушылық қызметтерде. Біздің ойымызша, мұнда үлкен мән бар. «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық, Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық» деп Абай атамыз да тегін айтпаған. Мемлекеттік қызмет салаларындағы үлкен шаруаларды жүзеге асыру үшін жаңа заманға сай білімі бар ұшқыр ойлы жастармен қатар, қоғам мен заман өзгерістерін бастан өткерген, жеке адам мен оның тіршілік проблемасын, отбасы жағдайын жақсы түсінуге бейім, өмірге деген көзқарасы әбден қалыптасқан байсалды жастағы азаматтардың жұмыс тәжірибесі де аса қажет деп есептейміз.

Ал енді қоғамға келсек, 50 жас­тан кейін адамды өмірге дайындау тәжірибесі біздің алдымыздағы аға ұрпақ өкілдерінде болмаған екен. Өйт­кені бізде осы уақытқа дейін елу жас­тан кейінгі өмір қарттық жас немесе қарттық алдындағы жас, яғни қарттыққа дайындалу кезеңі деп есептеліп келген. Біздегі барлық әдебиеттер осы ұс­танымға орайлас жасалынған, кинолар да соған сәйкес түсірілген. Қоғамның өзі елу жастан асқан адамды көп дүниеден шектеп тастаған. 

Міне, осындай жағдай салдарынан мыңдаған адамдар 50 жастан асқаннан кейін өмірге қандай өзгерістер енгізу қажет екендігін білмей дал болуда. Бұған әркім өзінше жауап беруге тырысады немесе жауап бергісі де келмей бұрынғы өмір ағысымен кете береді. Ал қазіргі заман өзгерістеріне сәйкес 50 жастан асқан адамның моральдық, азаматтық бейнесі мен мінез-құлқы, қоғамдағы орны қандай болу керек? Мұны біз білмейміз.
«Елу жастан асқаннан кейін өз қызығыңмен өмір сүр, өмірдің рахатын көруге ұмтыл немесе алдымда тағы бір өмір бар деп есептеп, өзіңді барынша жетілдіруге тырыс», дейді кейбір замандастарымыз.

Ресейлік белгілі психолог Евгений Чвалун 56 жасында тағы бір институт бітіріп, мамандығын өзгерткенін, қазір өзінің жоғары сұранысқа ие психолог екендігін айта келе, «бәрі де елуден асқаннан кейін алдыңызда белгілі бір жоспардың болу-болмауына келіп тіреледі, қазіргі кезде нағыз өмір 50-ден асқаннан кейін басталады», дейді.

«Он бес жасымда оқуға ынтам артты, отызымда қалыптастым, қырықта күмәннан арылдым, елуімде Аспанның (Тәңірдің) әмірін түсіндім, алпысымда қабілетім ашылды, тек жетпіске келгенде жүрегімнің қалауымен өмір сүре бастадым», деген екен ұлы Конфуций.
Демек, елу жастан кейінгі өмірдің арғы жағы күн бе, жоқ, әлде түн бе? Мұның жауабы әр адамның өзіне байланысты болса керек.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»