Тарлан тарихта аты қалған ұлыларды халқымыз ерекше ықыласпен қабылдап, есімдерін ұлықтап келеді. Сондай бір жан жадыратарлық игілікті шара Жамбыл аудандық мәдениет үйінде өтті. «Баһадүр батыр Байсейіт Тойшыбекұлы – тарихи тұлға» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға алыс-жақыннан көпшілік жиналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жалғасын тауып, тақырып аясы кеңінен ашылды. Аудан әкімдігі мен батырдың тікелей ұрпағы Ғалым Нұркеев ұйымдастырған тарихи жиын халықтың өткеніне құрмет көрсету мақсатындағы жаугершілік заманда еліне қорған болған Байсейіт батырдың ұлт тарихында алар орнын нақтылап, бүгінгі жас ұрпақты рухы биік елжандылыққа баулудағы маңыздылығымен түйінделді.
Конференция жұмысын ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан баһадүр батыр жайлы нақты әңгімемен ашты. Елбасының мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді, әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімі ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар», деп жазғанын өз сөзіне арқау етті.
Өткенге салауат айтып, бүгінге шүкіршілік етіп, келешекке үкілі үмітпен қарасақ, онда ұлттық рух пен болмысымызды ту етіп, ұрпаққа аманаттап жеткізген тарихи тұлғалардың, ұлы қайраткерлердің рухына бас иіп, ерен ерлігі мен есімін ұлықтау басты міндет екендігі анық. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына, өсіп-өнуіне, сыртқы жаулардан қорғануына еңбек сіңірген тарихи тұлғалардың бірі Байсейіт Тойшыбекұлы сияқты күреспен өткен жылдарын туған халқының амандығына арнаған батырдың азаттық жолында шейіт болғанына 150 жыл толғанын еске салып, баһадүрдің ерлік істері тарихи тың деректермен жүйелі жеткізілді.
Байсейіт Кенесары батырларының арасындағы ең жасы екен. Десе де, хан Кене жас батырдың ақылдылығы мен өжеттігіне сай ержүректігінің де барын байқап, оған риза болған деседі. Оған «Тұлғасын Кене сынаған, сынағанда ерлікке, Бар болмысы ұнаған» деген ақын жыры дәлел.
– «Дұшпанды бері бастырмай,
Ат жаратып баптаған.
Барлық батыр жігіттер,
Байсейітті жақтаған, – деп жыр сүлейі Сүйінбай жырлаған Байсейіт батыр әкесі Тойшыбекпен және бауыры Керімбекпен бірге 1847-1862 жылдары Жетісу жерін патшалық Ресейдің жаулап алуына қарсы табанды күрес жүргізгені конференцияда кеңінен сөз болды. Аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев, батыр туралы зерттеу еңбегін жазған тарих ғылымдарының докторы, профессор Айткүл Мақаева, қазақ тарихшыларының арасында ерекше орны бар үлкен ғалым, алаштанушы академик Мәмбет Қойгелді, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайымов, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы батырдың тарихтағы ерен еңбегін жан-жақты тарқатты. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ақын Шөмішбай Сариев Байсейіт батыр туралы арнау өлеңін оқып, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов туған халқының есінде қалған баһадүр жайлы лебіз білдірді.
Сахнада Байсейіт батырдың Кенесары ханмен кездесуі, патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күресі, Сұраншы батырмен тілдесіп: «Шықсақ тауымыз бір, соғыссақ жауымыз бір болсын» деп тізе қосып, басқыншыларға бірге қарсы тұрған тұстары әдемі көрсетіліп, кескінделді. Мектеп оқушылары батыр туралы жазылған «Байсейіт батыр» дастанынан үзінділерді мүдірместен жатқа оқып, көрермен қошаметіне бөленді. Жамбыл облысының Меркі ауданындағы ағайынның ықыласын жыршы-термеші Бейбіт домбырамен термелетіп жеткізді.
Халқымыз «Батырдан батыр туады» деген. Тарихи деректер бойынша Байсейіт Тойшыбекұлы 1831-1867 жылдары өмір сүрген. Батырлар әулетінде дүниеге келген оның қайсарлығы мен ерлігін айналасы ерте танып, біледі. Патша үкіметінің жаулап алу саясатына қарсы күресе жүріп, Байсейіт батыр ел тұрмысының жақсаруына да өзіндік үлесін қосқан. Оның басшылығымен туған жері Ақсеңгір өзенінің жоғарғы жағынан тоған салынып, егін егілген. «Байсейіт тоғаны» деп аталатын тоғанды жұрт жағалай қонып, салған егіні көктемнен күзге дейін жайқалып тұрғандықтан, ел сол өңірді «Көкдала» атап кеткен. Қол бастаған баһадүр батырдың мәңгіге мекен еткен жері де Ақсеңгір өзенінің жағасы.
Жиыннан кейін батыр баба рухына арнайы құран бағышталды.
Күмісжан БАЙЖАН,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері
Алматы облысы