Әдебиет • 13 Желтоқсан, 2017

І «Рух» халықаралық әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

804 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

І «РУХ» халықаралық әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты рәсім Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтті.

І «Рух» халықаралық әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

Әділқазылар алқасының пікірі мен ақын-жазушылардың бұл конкурс туралы пайымдары да бөлек.

Төлен Әбдік, Қазылар алқасының төрағасы:

«ҚР Президенті Әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен байқау, сөзсіз, Қазақстанның мәдени өмірінде маңызды оқиға ретінде назар аудартқаны анық. Шығармашылық аламан қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде танытуға және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттерді ілгерілетуге ықпал етеді деген сенімдеміз. Әдеби бәсекеде жасы мен кәсібіне қарамастан, әдебиет майталмандарымен бірге, жас ақын-жазушылардың да дамып келе жатқанын көрсетті. Өзім сүйсіне оқыған шығармалардың бірі – Ырысбек Дәбейұлының «Жылқы жылаған жаз» романы. Өзі біздің ауылда өткен оқиға екен. Аралбай деген жере мен оныншы сыныпты бітіргенмін. Оқиғаны білуі, сюжетті құруы, сөйлемі құрауы бәрі жатық. Тілі көркем».

Мейірхан Ақдәулет:

«Талғаммен таласуға болмайды. Қазылар алқасының әрқайсысының өзінің талғамы бар. Марапатқа ие болған ағаларымыздан бастап, біз үміт күтетін жастарға дейін сахнаға шықса, Құдай біледі, олардың сыртында 15-20 дарынды жігіттер мен қыздар қалды. Біз әділ, өз шешімімізді айттық.  Ел жағалап жүріп, маған дауыс бер деген әңгіме болған жоқ. Мен соған қуандым».

Тынымбай Нұрмағамбетов:

«Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы болмайды» деген Ғәбеңнің сөзі бар. Кеңес үкіметінің кезінде әдебиет дәріптеліп тұрғанда айтылған сөз деп қабылдауға болады бір есептен. Екіншіден, Ғәбеңнің өзінің паңдық мінезімен айтылған пікір деп қабылдауға болады. Бүгінгі таңда ойлап қарасақ, тәуелсіздік жылдары әртүрлі ойлар болды. Жазушылар сантүрлі тарапқа кетті. Бүгін бір қайырылған күн болды. Әдебиет болмай – ұлт болмайды. Ұлттық тәрбиеге келгенде әдебиетті аттап кету мүмкін емес».

Сауытбек Әбдрахманов:

«Олжас Сүлейменовтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Шекспирі жоқ елдің Ньтоны да жоқ» деген сөзі бар еді. Демек, әдебиет дамымай, көп нәрсе өзгермейді. Рух деген руханият қана емес, жалпы ұлттың жаны. Бұл бәйгенің аты осы ұғымды дәл тапқан. Құтты болсын!»

Проза: роман, повесть аталымы:

1-орын– Ырысбек Дәбейұлы, Алматы қ.

Гран-при - Тынымбай Нұрмағамбетов, Алматы қ.

Проза: әңгіме, эссе аталымы:

1-орын- Ұларбек Нұрғалым, Астана қ.

Гран-при - Несіпбек Дәутайұлы, Жамбыл обл.

Поэзия: поэма аталымы:

1-орын– Несіпбек Айтұлы, Астана қ.

Гран-при - Бақыт Беделхан, Алматы қ.

Поэзия: өлеңдер жинағы аталымы:

1-орын – Рауза Хузахметова, РФ, Татарстан республикасы.

Гран-при - Ықылас Ожайұлы, Астана қ.

Үздік драматургия аталымы:

1-орын – Ардақ Нұрғазы, Алматы қ.

Гран-при - Серік Асылбекұлы, Алматы қ.

Әдеби сын аталымы:

1-орын –Бекзат Смадияр, Алматы қ.

Гран-при -Амангелді Кеңшілікұлы,Астана қ.

Балаларға арналған поэзия аталымы:

1-орын –Құл-Керім Елемес, Алматы қ.

Гран-при– Серікбол Хасан, Алматы қ.

Балалар прозасы аталымы:

1-орын – Лиля Калаус, Алматы қ.

Гран-при– Айсұлу Алмаш,Астана қ.

Әр аталымның 1-орын иегері дипломмен марапатталады және 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық иеленді.

Әр аталымның Гран-при иегері дипломмен марапатталады және 2 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды.

«2018 жылы жүлде алған 16 дарабоздың туындылары жеке кітап болып басылып шығады деп жоспарланып отыр. Ал бұл байқауға ел ішінен бөлек, алыс-жақын шетелдегі ақын-жазушылар, драматургтер мен әдебиет сыншылары қызығушылық танытқанын атап өткен абзал. Қазақстандық шығармашылық қауым өкілдерінен басқа, бәйгеде Әзірбайжан, Беларусь, Қытай, Моңғолия, Ресей, Түркия және Украина елдерінің авторлары бақ сынады. Сондықтан, енді, «Рух» байқауы дәстүрлі сипатта өткізіліп отыратыны ұйғарылды» - дейді байқаудың ұйымдастырушысы «Әдебиет» порталының жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы.

Байқауға барлығы 899 шығарма түскен. Оның ішінде қазақ тілінде 403, орыс тілінде 493 және ағылшын тілінде 3 туынды сарапталды.

Жанрлар бойынша, І «Рух» халықаралық әдеби байқауының қоржынына қазақ тілінде 11 роман, 17 повесть, 86 әңгіме, 26 эссе, 28 поэма, 108 өлеңдер топтамасы, 27 драма, 35 әдеби сын, балаларға арналған 38 прозалық және 27 поэзиялық шығарма түсті.

Ал орыс тілінде 27 роман, 26 повесть, 128 әңгіме, 31 эссе, 18 поэма, 128 өлеңдер топтамасы, 29 драма, 7 әдеби сын, 64 балалар прозасы және 35 балалар поэзиясы еңбектері бәйгеге қосылды. Ағылшын тілінде 2 әңгіме және 1 әдеби сын жолданған.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

Суреттерді түсірген Ерлан Омар,

«Егемен Қазақстан»