Әдебиет • 13 Желтоқсан, 2017

Шорановтың суреткерлік әле­міне саяхат

1120 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейнелеу өнерінің бел ортасында жүргендер осы бір керекулік қылқалам шеберінің бояулар үндестігін бірден таниды. Таби­ғатқа бір табан жақын таланттың қолтаңбасын білетіндер «Уай, мынау Шорановтың салған суреттері ғой!» деп дөп басады.  

Шорановтың суреткерлік әле­міне саяхат

Биыл жыл басында еліміздің ең таңдаулы 10 суретшісі Алма­тыда өткен Универсиада жарыстарын жарыса бейнелеп, оны оңтүстік шаһардың шежіресіне сыйға тартты. Сол суретшілердің арасында пав­лодарлық Өсербай Шоранов та болды және спорт­тық дода аясында өткен байқауда «Ста­нокты картина деңгейінде аяқ­талған этюд» аталымы бойынша жеңімпаз атанғаны есте. Оның үстіне соңғы жылдары суретші еліміздің оншақ­ты қа­ла­сын асықпай аралап, ке­меліне келген шақта көрікті мекен­­дерімізді майлы бояумен кенеп­ке қалдырды. 

Шорановтың суреткерлік әле­міне саяхат жасаған адам алды­мен оның жұмыстарынан тарихқа тағзымды, ата-бабалар аманатына адалдықты, салт-дәстүрге бе­рілген сәлемді, балалық шаққа ша­қырған сағынышты, ауылдың иісін, сылдырап аққан өзендердің даусын жазбай таниды. Осыдан кейін бастапқы эмоция жайына қалып, орындалған жұмыстардың тақырыптық тұтастығын тәнті ете бастамақ. Суретші түстердің үйлесімін мінсіз дамыта отырып, баяу бір ән салып тұрғандай әлемге бастайды. Бұл суреттер бас-аяғы бар әңгіме де сияқты, яки болмаса шабыттан туған музыкалық шығарма іспеттес. 

Мазмұнға бай бояулар ке­рекулік суретшінің бұлжы­майтын бағдаршамы. Көпті көрген көсем, абыз шешен әңгіме бастағандай әсер «Темір жауынгер», «Кек», «Қа­һар», «Ана тәңір», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» сынды кес­кіндемелерінен танылады. 

Ал әйелдің сұлулығы мен мейірімін («Таң сұлуы») мойын­дамаған қылқалам шебері табылса, ол да бір кем дүние болары анық. Балалық шақтың түкпірінде ошақ басында маздаған армандар («Көбік дәмі») ұлғая келе бүкіл отандық тақырыптарға («Ежел­гінің ізі») ұласады. 

Бояуларға әмірін жүргізе алатын суретші өзінің шеберлігін ұлттық қолөнерді әспеттеумен бекемдей түсетінін мойындау лә­зім. Сонау «Баянауыл аңыз­дарынан» бастап, «Қалыңдық жасауы», «Кеш» сияқты картиналар суреткердің ғана емес, ұлттық бейнелеу өнерінің ортақ байлығы емес пе?! Текемет, құ­рақ-көрпелер мен басқұрлар мың құбылған түстерден ғана тұр­­майды. Бұл суреттерде өткен күннің белгілері, символикалық ны­шандар, петроглифтер сөй­лейді. 

Өнертанушылар Шорановтың орнаментальдық жұмыстарында тұтастық, бояулар мінсіздігі мен ыр­ғақ бар екеніне бір ауыздан келіседі. 
Сонымен алдағы күндері сурет­шінің елордада «Ұлы Дала өрнегі» атты ең үздік жұмыс­тары қойылатын көрмесі басталады. Бұл күндері оның еңбек­тері Павлодар көркемсурет му­зейінен, Қазақстан Суретшілер одағы дирекциясының қо­ры­нан, Италия, Франция, Юго­славия, Германия, Ресей, Гру­зия, Қытай, Оңтүстік Ко­рея және Башқұртстан ел­дері жеке кол­лекционерлерінің жинақ­тары­нан табылады.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ